Халықаралық тәжірибе
Автор: Оскенбай Кенже

Бөлісу

2023 жылғы Дүниежүзілік сапа апталығынан қандай ой түйдік?

  2023 жылғы Дүниежүзілік сапа апталығынан қандай ой түйдік?

Сапа мәселесін шешу кез келген мемлекет үшін экономикалық дамудың ең өзекті факторларының бірі болып саналады. Сарапшылар тауар мен қызметтің сапасын әрбір кәсіпорын мен ұйымның табысты жұмыс істеуінің қажетті шарты ретінде таниды. Негізінде, сапа түсінігі халықтың өмір сүру деңгейінің, нақтырақ айтқанда, адамның денсаулығы мен психологиялық жайлы көңіл-күйі, оның азаматтық құқығы мен еркіндігін, материалдық әл-ауқатын, қоршаған орта тазалығын сақтау және т.б. көрсеткіштерімен тығыз байланысты.

Осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын әлемнің экономикалық көрсеткіштері дамыған елдерінде қарашаның екінші аптасы Дүниежүзілік сапа апталығы, қарашаның екінші бейсенбісі Дүниежүзілік сапа күні ретінде аталып өтеді.

Бұл күн алғаш рет 1989 жылы БҰҰ-ның қолдауымен Еуропалық сапа ұйымының (European Organization for Quality) бастамасымен алғашқы рет ұйымдастырылды. Біздің елде Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 «Қазақстан Республикасы Президентінің Сыйлығы үшін конкурс өткізу туралы» Жарлығы жарияланғаннан кейін «Сапа саласындағы жетістіктер» және республикалық «Алтын сапа» байқау-көрмесі өткізіле бастады. Сапа саласындағы бұл байқаулар отандық тауар өндірушілерді қолдауға, сондай-ақ нарықты сапалы және бәсекеге қабілетті тауарлармен толтыруға көмектесуге бағытталды.

Дүниежүзілік сапа апталығының мәні

Жыл сайынғы Дүниежүзілік сапа күні мен Дүниежүзілік сапа апталығының негізгі идеясы үкіметтерге, мемлекеттік басқару органдарына, бизнес өкілдеріне және бүкіл әлемдік қауымдастыққа елдердің тұрақты экономикалық дамуы үшін сапа санатының маңыздылығын көрсетуді көздейді. Осы кезеңде сарапшылар мен ғалымдар сапа туралы бүгінгі таңда қалыптасқан пікірлерді, өнімдер мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру әдістері мен құралдарын түсіндіреді. Осы мақсатта кәсіпорындар мен ұйымдар басшыларының, түрлі кәсіп иелерінің, оқу орындарының оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен съездер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, көрмелер, симпозиумдар, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылып келеді. Бұл іс-шаралардың тақырыптары әр түрлі. Олар  сапа менеджменті, қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» экономиканы дамыту, өнеркәсіптік, энергетикалық және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін қамтиды. Адами капитал мен жасанды интеллектті дамытуға баса мән беріліп отыр. Сайып келгенде, бұл өркениетті және дамушы елдердегі тұрақты дамуға қол жеткізу және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған амалдар. 

участники Конгресса посетили завод Bosch, который производит электронику для автомобильной промышленности. 

Биыл 64-ші Еуропалық сапа конгресі Португалияның Порту қаласында 9-10 қарашада өтті, оған 40 елден 500-ден астам қонақ жиналды. Бір күн бұрын сол жерде Халықаралық сапа академиясының жыл сайынғы отырысы өтті. Конгресске (https://eoqcongress2023.apq.pt/program/) және Академияға (https://iaquality.org/GM-in-Porto) қатысушылар әлемнің тұрақты дамуы және  адамзаттың гүлденуі үшін сапа категориясының өзектілігін тағы бір рет растады.

Ал Қазақстанда ше?

Қазақстанда да сапаға арналған шаралар өтіп жатқанын айту керек. Мысалы, жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алу үшін байқау, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі ұйымдастырылады. Өкінішке қарай, еліміз тәуелсіздік алғалы  Үкіметтің отандық өнімнің сапасын арттыру бойынша қабылдаған көптеген бағдарламасы өз мақсатына жете алмады. Кейбіреулер мұндай пікірмен келіспеуі мүмкін. Бүгінгі жағдайды нақтылау үшін өзімізге: «Қазақстанның қай өнімі халықаралық деңгейде танылды?» немесе «Қазақстандық өндірушілердің қандай өнімдерін халықаралық нарықта еліміздің атауымен байланыстыруға болады?» деген сұрақты қойып көрейікші. Бұған біржақты жауап бере алмаймыз. Көтерілген мәселенің маңыздылығын түсіну үшін салыстыра кеткеніміз дұрыс болар. Мысалы, Жапония десек бірден Toyota, Nissan автокөліктерінің, Panasonic, Sony electronics өнімдері еске түседі. Mersedes, Bosch – Германия; LG, Samsung – Оңтүстік Корея; Haier, ZTE – Қытай атауларымен тығыз байланысты.  Әйгілі әлемдік брендтердің тізімін осылай жалғастыруға болады. Өкінішке қарай, бұл тізімде қазақстандық тауарлардың бірде-бірі аталмайды. Әлемдік брендке айналған отандық өнімнің атын қашан мақтанышпен атайтынымызды елестетудің өзі қиын.  Өйткені Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде экономикалық дамыған елдерге тек шикізат жеткізуші мемлекет ретінде қалыптасты. Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Тайвань, Сингапур сияқты елдер ғылыми-техникалық және экономикалық даму жағынан үлкен көрсеткіштерге қол жеткізіп, бәсекеге қабілеттілігі жоғары елдер санатына енген. Тіпті Кения, Жаңа Зеландия және Аргентина сияқты елдер де өздерінің ауылшаруашылық өнімдерімен Еуропа, Америка континенттерін шаң қаптырды. Түркия, БАӘ және Катардың экономикалық даму жолындағы  табыстары ерекше таңдануға тұрарлық.

Қазақстандағы ғылыми-техникалық прогрестің артта қалуының негізгі себептері

Шикізатқа бай Қазақстан Азия мен Африка континентінің дамушы елдерінің қатарында қалып отыр. Біздің еліміз негізінен тек шикізатты: мұнай, газ, металл, көмір, бидай экспорттаса, халыққа арналған тауарлардың негізгі бөлігі (киім, аяқ киім, жиһаз), құрылыс материалдары, автомобильдер, тұрмыстық және өнеркәсіптік электроника, байланыс, энергетика және жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникасы елге импорт ретінде келеді.

Қазақстанның ғылыми-техникалық прогрестен артта қалуының негізгі себептерінің қатарында Қазақстан Республикасы үкіметінің өндірістік және қаржы секторларындағы және әлеуметтік-экономикалық дамудағы сапа мәселелерін шешудің нақты ұзақ мерзімді стратегиясының болмауын атап өтер едік. Министрліктер мен ведомстволар елде индустриялық-инновациялық саясаттың жүзеге асырылып жатқанын ғана мәлімдейді, бірақ іс жүзінде бәрі сапа мен инновация мәселелерінің практикалық шешімінсіз жүріп жатыр. Басқару тәсілі экономиканың негізгі салалары мен секторларында ұзақ мерзімді стратегияға, миссияға және сапа саясатына негізделмеген. Ел аймақтарының дамуына қатысты да осындай қорытынды жасауға болады. Кәсіпорындар мен ұйымдарды басқару деңгейінде олардың көпшілігінде сапа саласы бойынша өздерінің бекітілген стратегиясы, саясаты және мақсаты жоқ. Мемлекеттік және жеке бизнестің жоғарыда аталған барлық деңгейінде халықаралық ISO стандарттарының талаптарына сәйкес заманауи сапа менеджменті жүйесі енгізілмеген. Олар өздері жүргізетін бизнестің миссиясын толық түсінбейді, өйткені ақша табуды табысты ұйымның миссиясы деп санауға болмайды. Іс жүзінде мемлекеттік және жеке ұйымдардың басым бөлігінде экономиканың түрлі секторлары үшін, әсіресе сапа менеджменті саласында мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттырудың ұзақ мерзімді бағдарламасы жоқ.

Дүниежүзілік сапа апталығынан қандай ой түйдік?

Қазақстан үкіметі сапа мәселесін шешудегі халықаралық тәжірибені мұқият зерделеп мынадай шешімдер қабылдауы керек:

Сапа саласындағы ұзақ мерзімді стратегия, миссия және көзқарас негізінде ұлттық сапа тұжырымдамасын ұлттық ауқымда қабылдау.

Сапаны басқарудың нақты әдістемесі бар жоғары технологиялық өндірістерді және жасанды интеллектті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдау.

Қоғамның барлық саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерімен аяусыз күрес. Сапа мен жемқорлық қатар жүрмейді.

Тұтынушылар үшін құндылықты құруға бағытталған салаларда Көшбасшылық жүйесін құру.

Әрбір ұйым бизнесті жетілдірудің Еуропалық моделінің (EFQM) және ISO халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес сапа және инновациялық даму саласындағы өзінің Стратегиясын, Саясатын және мақсаттарын міндетті түрде қабылдауы.

Кәсіпорындар мен ұйымдардың тұрақты даму мен бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу жоспарларын басым мақсаттар ретінде қабылдауы.

Орта және жоғары кәсіптік білімі бар мамандарды даярлау жүйесін реформалау.

Шетелдік ЖОО-ның қазақстандық түлектеріне Қазақстанға оралу және отандық кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс істеу мақсатында жағдай жасау.

Ойымызды қорытындылай келіп, Ұлттық сапа идеясын қабылдау дегеніміз - тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ғана емес, ең алдымен «өмір сапасы» санатына қатысты қоғамдық сананы өзгерту екенін айту керек. Бұл тұжырымдама адам үшін денсаулық сапасы, материалдық әл-ауқат, білім, денсаулық сақтау, әрбір азаматтың жеке қауіпсіздігі және т.б. маңызды аспектілердің жиынтығы болып табылады. Осылайша, біз азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жоғары сапалы «идеалды» қоғам құруға ұмтылуымыз керек. Еліміз қазіргі уақытта бұл шарттарды түгел қамтамасыз ете алмайтынын түсінеміз, бірақ біз діттегенімізге жету үшін алдымызға ұзақ мерзімді мақсат қоюды өте қажет деп санаймыз.

Біздің порталымыздың құрметті оқырмандары! Дүниежүзілік сапа апталығы туралы ақпараттармен бөлісе отырып, баршаңызға зор денсаулық, өзіңізге, отбасыңызға және достарыңызға амандық тілеймін! Отбасындағы, сондай-ақ әріптестеріңізбен арадағы сапалы қарым-қатынастарыңыз сіздің өміріңіздің нормасына айналсын. Өміріміздің кез келген саласында адамдардың немқұрайдылығы мен жауапсыздығына төзбеушілік танытыңыз. Өскелең ұрпақ мұқтаж жандарға жаны ашып, қол ұшын соза алатын, адалдыққа, игі істерге талпынатын текті болсын.

Қазақстаным гүлденген, азаматтары бақытқа бөленген мемлекетке айналсын! Барша қазақстандықтарға сапалы өмір тілеймін!

 

Құрметпен,

«Сапалы Қазақстан» порталының бас редакторы, ғылым докторы, профессор, Халықаралық сапа академиясының (АҚШ) академигі А.Әбдірахманов.

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!
Facebook Youtube Instagram Вконтакте Форум качества Телеграм

Пікірлер

Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз

Авторизация через