фото: sputnik.kz
Сыртқы істер министрлігі Қазақстан үкіметі және Тайланд үкіметі арасындағы визалық талаптардан босатуға арналған келісімге қол қою туралы қаулының жобасын әзірледі.
"Ашық НҚА" сайтында жарияланған құжат жобасына сәйкес, екі елдің азаматтары 30 күнге виза алудан босатылады. Осы жеңілдікті алты айдың ішінде үш рет пайдалануға болады. Бірақ визасыз жүру мерзімінің жиынтығы күнтізбелік 90 күннен аспауы шарт. Осылайша, 30 күн өткен сайын елден шығып, визасыз қайта кіруге болады.
"Егер осы баптың 1-тармағында аталған адамдар екінші тарап мемлекетінің аумағында күнтізбелік отыз (30) күннен артық болуға ниет білдірсе, сол тарап мемлекетінің заңнамалары мен қағидаларына сәйкес талап етілетін тиісті виза алуға тиіс", - делінген қаулы жобасында.
Келісімнің нақты мерзімі жоқ. Бірақ алдымен мемелекетішілік рәсімдер орындалуы қажет. Одан кейін екі жақ дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне жазбаша хабарлама жібереді. Содан бастап күнтізбелік 30 күннен соң келісім күшіне енеді.
Әрбір тарап екінші тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ете отырып, келісімді бұза алады. Ондайда соңғы хабарлама алынған күннен бастап күнтізбелік 90 күннен кейін келісім күші тоқтатылады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через