фото: https://turkystan.kz
Мөлдір Америкада қазақ тілін үйретіп жүр
Мөлдір Оразбаева – АҚШ-тағы жетекші ЖОО-лар қатарына енетін Индиана университетінде америкалықтарға қазақ тілін үйретіп жүрген жас мұғалім. Америкада қазақ тілі пәнінен сабақ беруді дұрыс жолға қоюға бағытталған Fulbright Foreign Language Teaching Assistant бағдарламасының грантын ұтып алған Мөлдір америкалықтардың қазақ тіліне деген қызығушылығы зор екенін айтады. Елге келген соң, Америкада жиған-тергенін қазақстандық студенттерге бөлісуді ойлайды.
Мөлдірдің шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін үйрену процесіне деген қызығушылығы бала кезінен бастау алған. 6 жаста болғанда анасы Жезқазғандағы Оқушылар сарайына ертіп апарған екен. Сол жерде «көңілің қалаған үйірмені таңда» дегенде «ағылшын тілі курсына барамын» деп таңдаған. Бір кездері Қазақстанның алыс аймақтарына ағылшын тілін үйреткісі келетін америкалық еріктілер келіп, лагерь ұйымдастырып, қызыққа толы сабақтар өткізетін. Бала Мөлдір сол мамандардың өткізген сабақтарынан әсер алып, тіл білуге деген ынтызарлығы артады.
Сөйтіп, Жезқазғанда орта мектепті тәмамдаған соң Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алады. Екінші шет тілі қытай тілі болғандықтан, 2-курста академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Қытайда бір семестер оқып келеді. Ол оқудан келген соң, қытай тілін үйренуге қызығушылығы жоғарылап, оны жетік меңгеруді мақсат етеді. Еліміздегі Конфуций институты филиалының өкілдері қытай тілін меңгергендерге арнайы шәкіртақы тағайындап, аспан асты еліне оқуға жібереді. Ол грантты ұтып алып, бакалавриатта оқып жүріп Қытайда тағы бірнеше ай оқып келеді. Содан соң «Болашақ» бағдарламасымен пара-пар Қытай мемлекеттік грантын жеңіп алып, Шандон провинициясында орналасқан Циндао университетінде магистратура бөлімінде білім алады. Онда оқып жүргенде белсенділік танытып, көп іс-шараға қатысып, әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде, Теңіз экспосында қазақ және қытай тілінен аудармашы болып жұмыс істейді. Магистратураны бітірген соң, өзі оқыған Қарағанды мемлекеттік университетінің басшылығы оқытушылық қызметке шақырып, еңбек жолын сонда бастайды.
Қарағанды мемлекеттік университетінде сабақ беріп жүргенде қатарларына Валерий Сартор деген фулбрайтер келіп қосылды. Ол жоғарыда қазақстандықтарға ағылшын тілін оқыту, сондай-ақ диссертация тақырыбына байланысты зерттеу жүргізу үшін Қарағандыға келген. Мөлдір онымен көп әңгімелесіп, Қарағандының көрікті жерлерін көрсетіп, қолдау көрсетеді.
Бірде ол Мөлдірге «бағдарламамен Америкаға барып, ондағыларға неге қазақ тілін үйретпеске?» деп ой салады. Сөйтіп, бірінші мүмкіндіктен-ақ бұл грантты ұтып алады.
Бұл бағдарламаға Қазақстан бойынша жылына 100-ден астам үміткер тапсырады. Бірақ бұл – жылына бір, кейде екі мұғалімге ғана берілетін мүмкіндік. Кейбір америкалық университеттер қазақ тілі сыныбын ашса да, екінші жылы студенттер тарапынан сұраныс болмаса оны жауып тастауы мүмкін. Негізі, аталған бағдарлама бойынша мұхит асып, америкалықтарға қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім санының көп болуы студенттердің сұранысына байланысты.
– Яғни, іріктеу қатаң жүргізіледі. Құжат тапсырып, өтініш жазған соң, «Америкаға неліктен барғыңыз келді?», «Әріптестеріңізге қандай үлгі көрсетесіз?», «Қазақ мәдениетін қалай насихаттайсыз?» тақырыптары бойынша эссе жазу қажет. Одан өткен соң, Америкада бұл грантты тағайындайтын мемлекеттік басқарма мен біздегі елшілік өкілдері ағылшын тілінде сұхбаттасады. Бұл кезеңнен іркелмей өткен соң, қазақ тілін меңгеру деңгейіңізді тексереді. Мөлдірден Хангук шет тілдер университетінде қазақ тілінен сабақ беретін профессор Әлия Құрышжанова емтихан алады. Ең соңында ағылшын тілін жетік меңгергеніңізді айқындайтын TOEFL емтиханын тапсыру қажет. Бастапқыда тапсырған 100 адамның ішінен TOEFL емтиханына төрт қана үміткер жіберіледі. Олардың арасынан топ жарып, шетелде қазақ тілін оқыту мүмкіндігі Мөлдірге бұйырады.
«Индиана университетіндегі кафедраны таңдаған себебім – онда қазақ тілі ешбір тілдің көлеңкесіне жасырынбай, негізгі тіл ретінде оқытылады, сондай-ақ Қазақстан туралы да көп мәлімет беруге мүмкіндік бар. Мен – Индиана университетінде қазақ тілінен сабақ беретін жалғыз мұғаліммін. Мұны мен ана тілімізді, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу үшін маған берілген бақ деп білемін»,-дейді Мөлдір.
Бүгінде Американың Индиана университетінде Мөлдірдің маңдайшасында Kazakh Fulbright Teaching Assistant деп жазылған жеке кабинеті бар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через