Елімізде 3 жаңа виза түрі енгізілді. Олар кімге арналған?

Елімізде 3 жаңа виза түрі енгізілді. Олар кімге арналған?
фото: pixabay.com

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі визалардың жаңа санаттарын ұсынды. Туристерге арналған үш жаңа виза «Digital Nomad Visa», «Neo Nomad Visa» және «B9» визалары деп аталады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы. 

Neo Nomad Visa, Digital Nomad Visa және B9 санаттарын енгізу цифрлық көшпенділер мен білікті мамандар үшін тартымды бағыт ретінде еліміздің позициясын нығайтуға, сол арқылы Қазақстанның жаһандық экономикаға интеграциялануына, туризм секторын дамытуға және білім мен мәдениет алмасу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Аталған виза түрлері қашықтан жұмыс істейтін мамандар мен кәсіпкерлерге, IT саласының мамандарына, сондай-ақ медицина, ғылым, білім және шығармашылық салаларындағы шетелдік мамандарға арналған.

«Neo Nomad» визасы бір жылға дейін жарамды және оны тағы 1 жылға ұзарту мүмкіндігі бар. Бұл бағдарлама бойынша отбасы мүшелері де өтініш бере алады. «Neo Nomad» визасын алу үшін үміткерлердің ай сайынғы тұрақты табысы кемінде $3 000 болуы керек. Оған қоса, Қазақстандағы қабылдаушы тараптың шақыруы қажет. Сондай-ақ олар соттылығының жоқтығы және жарамды медициналық сақтандыру туралы анықтаманы ұсынуы керек, - деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Сыртқы істер министрлігінде өткен Neo Nomad Visa, Digital Nomad Visa және B9 визаларын түсіндіруге арналған брифинг барысында..

Neo Nomad Visa – қашықтан жұмыс істеп, Қазақстанда турист ретінде келетін шетел азаматтарына арналған. Визаны бір жылға дейін ұзартуға болады. Виза шетел азаматына елімізде болуға мүмкіндік береді, бірақ Қазақстанның еңбек нарығында жұмыс істей алмайды. Шетел азаматтары қашықтан жұмыс істеп, Қазақстанда қонақ, турист бола алады. Қазақстанда болу мерзімі аяқталғаннан кейін шетел азаматы салық есебіне тұруы керек.

Residence Visa - тұру визасы (B9) медицина, ғылым, инновациялар, білім беру және креативті индустрия сияқты салаларда дағдылары бар шетелдік мамандарды тарту үшін арнайы әзірленген, бұл шетелдік азаматтарға елде 90 күнге дейін болуға мүмкіндік береді.

Digital Nomad Visa (B9-1) цифрлық көшпенділерге, атап айтқанда, кез келген елдің мамандарына (фрилансерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер, стартап құрылтайшылары) Қазақстанда ұзақ уақыт тұруға бірегей мүмкіндік береді.

Әлемнің 20 шақты елінде осы секілді виза түрі бар.