Mass Alert жер сілкінісін ескерту жүйесі Алматыда пилоттық режимде іске қосылады

Mass Alert жер сілкінісін ескерту жүйесі Алматыда пилоттық режимде іске қосылады
фото: https://pixabay.com/ru/

Алматыда Mass Alert жер сілкінісін ескерту жүйесі 1 маусымға дейін пилоттық режимде іске қосылады. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаевтың Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өткізген кеңесінде белгілі болды.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, Mass Alert жүйесінде Cell Broadcast технологиясы қолданылады. Бұл технология бүкіл абонометке бірден хабарлама жіберуге мүмкіндік тудырады.

«Mass Alert» арқылы халықты құлақтандыру желіге қосымша жүктеме тудырмайтын және базалық стансалардың антеннасын жабу аймағындағы барлық абонентті бірден және жаппай хабардар етуге мүмкіндік беретін Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып жүргізіледі», — деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Бозымбаев халықты шұғыл хабардар ету жүйесін тезірек іске қосуды тапсырды. Бұл жүйе еліміздің жер сілкіну қаупі бар барлық өңірінде болуы және үздіксіз жұмыс істеуі тиіс.

Ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев есеп берді. Ол сейсмикалық деңгейі 7-9 балл болатын алаңдарда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу кезінде сейсмикалық оқшаулаудың міндетті жүйесі енгізілмек.

Сондай-ақ Қанат Бозымбаев жер сілкінісі болған жағдайда халықты ақпараттандыруға, құтқару және эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыруға, жылжымалы далалық госпитальдарды өрістетуге қатысты мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмін тыңдады.

Қаңтарда жер сілкінісін хабарлау жүйесі әлі жарты жыл сынақ режимінде болатыны хабарланған. Осы уақытта жүйе апробациялық кезеңнен өтеді.

2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі болды.

Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалары келмеген. Бұдан бөлек, қалада дабыл да қағылмаған.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.

 ҚазАқпарат