Астана мен Лондон - сенімді серіктестіктер

Астана мен Лондон - сенімді серіктестіктер
фото: inbusiness.kz

       Тұманды Альбион Парламентінде Қазақстан мен Ұлыбританияның екі жақты қарым-қатынасын нығайту мәселелері талқыланып, жыл қорытындылары жария етілді. 

       Қазақстандық тарап еліміздегі саяси реформалар, демократизациялау үдерістері туралы баяндады. Британиялықтар екі елдің игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс нәтижелерімен бөлісті.

       Соңғы 30 жылда екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік нығая түсті. 2023 жылдың өзінде жоғары деңгейдегі іссапарлар көп болды. Астанаға Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі, Бизнес және сауда істері жөніндегі мемлекеттік министрі, Қорғаныс министрінің орынбасары мен Британ парламентінің өкілдері келді. Лондонға Мәжіліс төрағасы барып, Қазақстанның атынан ІІІ Чарльздің таққа отыру салтанатты шарасына қатысты. Еліміздің бірқатар министрі мен жоғары лауазымды тұлғалары да Тұманды Альбионға ат терлетті. 

       Шараға Ұлыбритания Парламентінің депутаттары, саясаткерлер, ғылыми орта мен бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысып, Қазақстанның геосаяси жағдайының маңыздылығына тоқталды. Алыс-жақын мемлекеттермен қарым-қатынас орнатқанда ұлттық мүдделерге басымдық берген еліміздің сыртқы саясатына жоғары баға берді. 

       Бүгінде Қазақстан - білім беру ғана емес, энергетика, пайдалы қазбалар, климаттың өзгеруі, қорғаныс пен қауіпсіздік сынды бірқатар маңызды мәселелер бойынша Ұлыбританияның Орталық Азиядағы маңызды экономикалық серіктесі. Сауда-саттық қарым-қатынасы қарқынды дамып, оның көлемі жылына 3 млрд стерлинг фунтына жуықтап отыр. Бұдан бөлек, Ұлыбритания еліміздегі ірі инвесторлардың үздік жетілігіне кіреді. Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

       Ақпарат дереккөзі:24.kz