Құрғақшылықтың пайдасы – су астынан тарихи жәдігерлер табылып жатыр

Құрғақшылықтың пайдасы – су астынан тарихи жәдігерлер табылып жатыр

Жер шарының жартысында дерлік аптап ыстықтан өзендер таязданып, су қоймалары құрғап жатыр. Олардың түбінде көптеген қызықты дүниелер бар болып шықты. Айталық, динозавр іздері, ежелгі қалалар мен «аш тастар» табылды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Янцзы өзені деңгейінің төмендеуінен үш будда мүсіні су бетіне шықты. Археологтердің пайымдауынша, оларға шамамен 600 жыл болуы мүмкін. Янцзы бассейнінде жауын-шашын шілде айынан бері нормадан шамамен 45% төмен жауды, ал Қытайдың оңтүстік-батысында аптап ыстық тамыз айының соңына дейін сақталады.

Еуропада соңғы 500 жылдағы ең қатты құрғақшылықтан Дунай өзені қатты таязданып, түбінен жарылғыш заттар тиелген ондаған неміс әскери кемесінің қалдықтары анықталды. Олар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Прахово порты маңында батып кеткен.

Иракта ұзаққа созылған құрғақшылық егіннің шықпай қалу қаупін төндіріп, ел билігі егістіктерді суару үшін Мосул қоймасынан су жіберуге мәжбүр болды. Су ағызған кезде астында көне қаланың қирандылары пайда болды. Археологтер оларды біздің дәуірімізге дейінгі шамамен 1400 жылға жатқызады. Үйінділер Митанни империясының Закику қаласына тиесілі. Бұл империя солтүстік Сирия мен Месопотамияның бір бөлігін біздің дәуірімізге дейінгі 1550-ден 1350 жылға дейін бақылауда ұстаған.

Жаңбырдың жаумауы мен ұзаққа созылған аптап ыстық Еуропаның көптеген елдерінде бірден қуаңшылық тудырып, су деңгейі азайған өзендердің түбінен байырғы адамдардың дабыл қаға қалдырған ескертулері шықты. Олар қатты құрғақшылық кезеңдерінде ғана көрінетін «аш тастар» деп аталады. Бұл тастарда су тапшылығынан туындаған бұрынғы табиғи апаттар мен соған байланысты болған қиындықтар туралы хабарламалар қашалып көрсетілген. Эльбадан табылған «аш тастағы» ең көне жазба 1616 жылы қалдырылыпты, онда «Мені көрсең, еңіреп жыла» деп жазылған.

АҚШ-тың Техас штатында құрғаған өзен түбінен 113 миллион жыл бұрын тіршілік еткен динозаврлардың іздері анықталды. Өткен аптада штаттың 90%-ға жуық аумағы қатты құрғақшылықты бастан өткерді, соның салдарынан Орталық Техас саябағындағы өзен толығымен дерлік құрғап кеткен. Ол іздері археологтер «жалғыз рейнджер ізі» деп атады. 30,5 метр жерде 60-қа жуық із көрінген. Бұл – акрокантозавр ізі, ол терапод (жыртқыш) үш саусақты артқы аяқтарымен жүрген. Олардың бойы – 4,5 метрдей, ал салмағы – 7 тоннаға жуық болған.

Италиядағы тартылып жатқан По өзенінің жағасынан балықшылар салмағы 450 келі жарылмаған бомба тапты. Бұл елде соңғы 70 жылдағы ең қатты құрғақшылық болып жатыр. Ұзындығы 650 км өзеннің көптеген бөлігі суалған. Италиялық әскерилердің айтуынша, 240 келі жарылғыш заты бар бомба Ломбардтық Борго-Вирджилио ауылының маңынан табылған.

Римдегі Тибр өзенінде біздің эрамыздағы 54 жылдан 68 жылы өз-өзіне қол жұмсағанға дейін билік еткен император Нерон кезінде салынған көпірдің қирандылары пайда болды. Биыл Тибр суы бір метрден астам төмендеп, рекордтық минимумға жеткен.

Испандық фермерлер өспей қалған егінді уайымдап жүр, бірақ ондаған жылдардағы ең қатты құрғақшылықтың бір күтпеген жанама әсері археологтарды қуантты. Орталық Касерес провинциясындағы Вальдеканас су қоймасының деңгейі үштен бірге төмендеп, түбінен тарихқа дейінгі тас шеңбері көрінген. Бұл шеңбер – испаниялық Стоунхендж аталатын Гвадалпераль дольмені, ол біздің дәуірімізге дейінгі 5000 жылға жатады.

 

Фото: bbc.com