фото: inbusiness.kz
Бүгін Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан Достық ауылының маңында жаңа халықаралық сауда-логистикалық орталық өз жұмысын бастады.
Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Басты мақсат – трансшекаралық логистикалық инфрақұрылымды дамыту және «Алакөл» жол өткелінің өткізу қабілетін арттыру.
Фото: ҚР Көлік министрлігі
Бұған дейін Президент жүк көліктерінің Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өтуін жеделдету туралы бірнеше рет айтқан болатын. Осылайша, бизнес пен Үкіметтің бірлесе қатысуымен жүктерді өткізу қабілеттілігін арттыру және оны рәсімдеуді жеделдету шаралары жүзеге асырылды.
Фото: ҚР Көлік министрлігі
«Жүктерді өңдеу және сақтау үшін осындай орталықтар ашу Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Аталған орталық өз кезегінде шығыс шекарамыздағы алғашқы орталық әрі Достық – Шығыс Қазақстан мен Еуропа шекарасындағы ең озық бастама болып табылады», - деді кешеннің ашылу салтанатында ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Dostyk Storage қоймасының құрылысы қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Жаңа қойма кешені «Достық» кеденінің «Алакөл» кеден бекетінің өткізу қызметін тәулігіне 200-ден 600 жүк көлігіне дейін, тәуліктік жүк айналымын 4 мыңнан 12 мың тоннаға дейін арттырады. Бұл жүк айналымын 1 миллион тоннадан 3 миллион тоннаға дейін арттырады.
Фото: ҚР Көлік министрлігі
«Қазіргі таңда «Алакөл» кеден бекеті арқылы бір бағытта небәрі 180 көлік өтеді. Биыл бұл бекетті жаңғырту жұмыстарын аяқтап, жүк ағынын 500 көлікке дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз»,- деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев.
Фото: ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі
Айта кетерлігі, Dostyk Storage ЖШС логистикалық орталығы 13,5 гектар аумақта орналасқан. Оның 3,5 гектарын үй-жайлары мен қойма инфрақұрылымы алып жатыр, ал 10 гектары жүк көліктерін қоюға бөлінген. Жобаға арналған жеке инвестиция 2,8 млрд теңгеден астам соманы құрады. Кешен 3 жылдық мерзімге 100 пайыз құрылтайшысы Мемлекеттік кірістер комитеті болып табылатын Nur Zholy customs services мемлекеттік кәсіпорнының басқаруына берілді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через