Елімізде телефон тыңдала ма?

Елімізде телефон тыңдала ма?

Осыдан 20-30 жыл бұрын үйдегі телефонды болашақта қолыңызға ұстап жүресіз немесе қағаз-картаның орынын – тұрған жеріңді өзі анықтайтын электронды жолкөрсеткіш басады десе, сенер ме едіңіз? Әрине, ол кезде нанбас едіңіз. Ал, қазір бәрі мүмкін. Бүгінде өміріңізді ұялы телефонсыз, көлігіңізді GPS құрылғысынсыз елестете алмайсыз. Бірақ бұл құрылғылар өзіңізге білдірместен сіз туралы мәлімет таратып жатуы әбден мүмкін.

Саяси тыңшылық
Әлемде арнайы мүдделі топтар қаншама танымал тұлғалардың телефонмен сөйлескенін тыңдап, кейін мұның арты түрлі дау-дамайға айналып жатқанын естіп-біліп жүрген боларсыз. Былтыр АҚШ-тың арнайы қызметі Германияның канцлері Ангела Меркельдің телефонын 2002 жылдан бері тыңдап келгені белгілі болды. Сондай-ақ, АҚШ-тың арнайы қызметі әлемдегі 35 президенттің ұялы телефонын тыңдайтыны расталған еді. 
Қазақстан әлем лидерінің байланыс телефондарын тыңдамағанымен, қауіпсіздік үшін қазақстандықтардың өзара әңгімесін тыңдай алады. ҚР озық технологиясы тек телефонды тыңдап қана қоймай, қандай интернет-трафик, тариф қолданатынын, сондай-ақ «смс» пен «ммс»-ті тексере алады. Әлбетте, кейбір саяси мәселелерді шешу жолында, халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін жекелеген адамдардың әңгімесін тыңдауға міндетті. Жай ғана телефонның адам өмірін қаншалықты тығырыққа тіреп қойғанын ескерсек, техникалық құрылғылардың атқаратын функциялары да соншалықты дәрежеде дамығандығы айтпаса да түсінікті. Жеке азаматтың ізіне түсіп, оның кіммен, қандай адамдармен байланысып отырғаны жөніндегі мәліметтерді біліп отыру мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аса ауыр қылмыстардың орын алуына жол бермеу мақсатында қолданылатын тәсіл екені белгілі. Онда да құзырлы органдардың арнайы тапсырмасы негізінде орындалады. Тыңдау үшін де рұқсат керек
Мемлекеттік қызметтегі бір досымды білемін. Үнемі телефонда әңгімесін айта алмай, қипақтап жүргені. «Не болды?» десең, «Біздікі тыңдалады ғой», – дейді. Сол себепті отбасы, ошақ қасындағы жеке проблемаларын да жасырып жүреді. Мүмкін болса, кездескенді жөн көріп тұрады. Әлеуметтік желіге байланған жастардың көбісі ұзақ сөйлесуді доғарды десек те, әлі күнге дейін телефонның «үстіне» мініп алып отыратындар жетіп артылады. Әлеуметтік желідегі жазбалар да оқылатынын еске сала кетейік.
Сонда сіздің құпиялылығыңыз баршаға жайылғаны ма? Мұндайдан сақтанудың бірнеше жолдары бар. Досымның айтуынша, өз атыңа тіркелмеген нөмірмен жүрген жақсы. Сондай-ақ, телефон нөмірлерін жиі ауыстыратындар да құпия бақылаудан қашық жүреді. Ал әлеуметтік желідегі хаттарыңыз оқылмағанын қаласаңыз, мұрағатыңызды жиі тазартып отырыңыз. Уақыт өте келе мұрағат жойылғанымен, бұл өзге бір құпия органдарда сақталып қалуы ғажап емес.
Десе де, белгілі бір рұқсаттамасыз арнайы өкілдер телефонды тыңдауға құқысы жоқ. Яғни, құзырлы органдардың арнайы рұқсат қағазы, себебі болуы шарт. Ал күйеуі әйеліне, әйелі күйеуіне «тыңшы» болу, яғни жеке мәселелерді алға қойып, телефон әңгімесін есту біздің елде жолға қойылмаған. Ал шетелде мұндай жекелеген органдар жетіп артылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабына сәйкес, жеке адамның өміріне қол сұғуға рұқсат жоқ. Тек қандай да бір адамды аңду мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шпионаж, контрабанда, жаппай тәртіпсіздіктерге дайындық сияқты аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсаты үшін қолданылады, тек прокурордың санкциясымен жүзеге асырылады. 
Дегенмен, тек қана арнайы өкілдер емес, кез келген азамат сіздің телефоныңызды тыңдай алады. Сайып келгенде, қазір телефонды ұялы байланыс операторынан басқа да адамдардың тыңдауға мүмкіндіктері бар.

Телефон тыңшысын анықтау
Қазір өз бәсекелесіңізді, не жұбайыңызды аңдып отыратын «тыңшы программаларды» ұялы телефоныңызға қондыра аласыз. Бұл программаны баласын үнемі бақылауда ұстайтын ата-аналар да қолдана алады. 
«Тыңшы программалар» телефондағы әңгімені жазып алады, хабарламаларды да анықтап, тиісті мекен-жайға жіберіп отырады. Ол, сондай-ақ, сіз сөйлесіп жатқан адамның қай жерде екендігін анықтап, қажетті нөмірлерді көшіре алады. Тіпті, сөйлесушіңіздің жан-жағында не болып жатқанын да есту мүмкіндігі бар. 
Корпоративті телефондарда арнайы чипі бар аккумлятор қондырылған болуы мүмкін, ол екі сөйлесушінің дауысын естіп, қажетті мәліметтерді беріп отырады.
Телефонға «тыңшы программа» орнатылғанын қалай білуге болады?
Қалыпты программа әдетте көрінбейді, оның бар екенін білу өте қиын. Әйтсе де, «тыңшы программалардың» қондырылғандығын көрсететін нақты белгілер бар:
1. Телефонның қуаты тез таусылады. Телефонның қуаты уақытынан бұрын таусылып қала беретін болса, онда шпион программа орнатылуы әбден мүмкін. Телефонның аккумляторы үнемі қызып тұруы да жақсы белгі емес. Әрине, бұл телефонның өзінен де болуы мүмкін. Егер қолданылғанына 1 жылдан астам уақыт болса, онда телефон ескірді деген сөз. Қалай дегенмен де, мұнда шпиондық программа жоқтығын тексеріп алу артықтық етпейді. 
2. Телефон баптаулары дұрыс жасамайды. Телефонды қосып-өшірген кезде ұзақ кідіріп, баптауларды ашып-жабу қиынға соғатын болса, құпия программалар орнатылған деп айтуға толық негіз бар.
3. Телефонмен сөйлесу барысында артық дыбыстар естілуі мүмкін. Егер сіздің телефоныңыз тыңдалатын болса, онда сөйлеу барысында, сізге әр түрлі дыбыстар, шу, тіпті бөтен адамдардың дауыстары да естілу мүмкін.
4. Жаңғырық. Телефонды қолданбай тұрсаңыз да, жанында тұрған аудиоколонкалар жаңғырық шығарып жатады. Бұл кезде «тыңшы программа» Сіздің келісіміңізсіз өзге телефондармен сөйлесіп, мәліметтер беріп жатуы ғажап емес.
5. Сөйлесушіңізбен ұзақ байланысасыз. Егер сіз біреуге телефон шалған кезде, оның жауап беруін ұзақ күтетін болсаңыз, дәл осылай телефон байланысын үзу де ұзақ уақытты алатын болса, тыңдалып жатуы мүмкін. Яғни, құпия программа әңгімені тыңдап бастау үшін біраз уақыт кетеді деген сөз. Бұл жағдайда бірден телефон маманының көмегіне жүгініңіз.

Alashainasy.kz