Мотоцикл қала тұрғындарының өміріне қауіп төндіреді

Мотоцикл қала тұрғындарының өміріне қауіп төндіреді

Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс мегополис көшелерінде жүйіткіген жүздеген мотоцикл мен квадроциклді бульдозермен жаншып, жоюды бұйырды. Бұл көліктердің ешқайсысы тіркелмеген және сақтандырылмаған. Барлығы 900 мотоцикл мен квадроцикл тәркіленген. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 90 пайызға көп.

Адамс мұндай көліктер қала тұрғындарының өміріне қауіп төндіреді деп ойлайды. Алайда ол неліктен қос дөңгелекті көлікке мінгендер қатары көбейіп барады деп пайымдамайтын секілді. Тәркіленген мотоциклдердің басым бөлігі сақтандырылмаған. Егер олар абайсызда біреуді соғып кетсе, жәбір көрушіге ешкім өтемақы төлемейді.  Жаз мезгіліндегі ең танымал көлік- әрине мотоцикл. Онымен қаланың кез келген жеріне жылдам жетіп баруға болады. Алайда мотоцикл қауіпті көлік. Мұны естен шығаруға болмайды.     

Бұл мәселеге Нью-Йорктегі әріптестері секілді Алматының басшылары да  назар аудара бастады. Себебі Алматыда мопед, электросамокат, монодөңгелек секілді көлік құралдарының қатысуымен жол апаты артқан. Олардың қозғалысын бақылап отырған ешкім жоқ. Осыған орай, алдағы уақытта Алматыда көліктің осы түрлерінің жүру тәртібі, олардың жүргізушілерін әкімшілік жауапқа тарту туралы шаралар қабылданады. Алматыда бүгінгі күні ресми түрде 550 мыңнан астам авкөлік тіркелген, бұдан бөлек 300 мыңға жуық автокөлік бейнекамералармен бақыланады, яғни, қалада күнделікті 900 мыңдай автокөлік жүреді.

Ресейде жиі жол ережесін бұзатын мотоцикл иелерінің портреті  жасалған. Олар орташа кәсіптік немесе жоғары білімі бар 25 пен 35 жас аралығындағы жігіттер, өндіріс саласында жұмыс істемейтіндер. Олар көбісіне  арақашықтықты, көліктердің жүру кезегін  сақтамайды, бір жолақтан екіншісіне қалай болса солай ауыса береді, жылдамдықты арттырады. Нәтижесінде жол-көлік оқиғасына себепкер болады.

Алайда ережені тек мотоциклді тізгіндегендер бұзбайды. Мысалы, Рудный қаласында бір айда 85 рет жол ережесін бұзған жүргізуші ұсталды.  Оның айыппұл сомасы екі миллион теңгеден асып түскен. Рейд барысында облыс орталығында тағы бір жүргізуші жауапқа тартылды. Қостанай тұрғыны 47 рет ереже бұзған. Енді бір миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге тиіс. Олардың көліктері  айып тұрағына қойылды. Жалпы жыл басынан бері өңірде жауапсыз жүргізушілерге 265 миллион теңгеге 42 мың әкімшілік айыппұл салынған. 

Фото: kolesa.kz