фото: pixabay.com
Студенттерге несие беру жүйесі әлем елдерінде ертеден қалыптасқан. Мәселен, Ұлыбританияда студенттік несиенің екі түрі бар. Оның бірі оқуға берілсе, екіншісі тұрмыстық қажеттіліктерді өтеу үшін. Несиені өтеу студенттің оқуын бітірген соң табысы 21 мың фунтқа жеткенде жүргізіле бастайды, деп хабарлайды 24kz.
Сол сияқты бұл жүйе кейінгі жылдары ТМД елдерінде енгізіле бастады. Мәселен, Өзбекстан, Тәжікстанда бар. АҚШ, Германия, Жапония сынды дамыған елдердің тәжірибесі мол.
Америкалық студенттердің қарызы көп
Білім беруді несиелендіру жүйесі қарқынды дамыған елдің бірі – АҚШ. Мұнда мемлекеттік қана емес, жеке банктер де студенттерді несиемен қамтамасыз етеді. Соңғы мәліметке сәйкес, 43 млн америкалық студенттің қарызы бар. Оның жалпы сомасы 1,75 трлн АҚШ долларына тең. Яғни әр екінші студент айына 300 долларға дейін берешегін өтейді. Несиенің бұл түрі ипотекалық несиеден кейін жиі рәсімделеді. Америкалықтардың білім алу үшін тәуекелге баратын себебі – тұрақты табыс пен жайлы қызметке орналасу. Өйткені 2027 жылға қарай жұмыс берушілердің 70%-і бакалавр және магистр дәрежесін талап етеді. New America cараптамалық ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес, америкалықтардың 90%-і жоғары білім алғанды жөн көреді.
Цитата: New America сараптамалық ұйымы: - Америкалықтардың көбі бакалавр дәрежесі бар, кемінде 2 дипломы бар адамдар көбірек ақша табады және жалақысы жоғары жұмысқа орналаса алады деп ойлайды. Сондай-ақ адамдардың қаржылық әл-ауқаты әлдеқайда тұрақты болады деген пікірді ұстанады.
Англияда студенттік несиеге сұраныс жоғары
Англияда да студенттерді несиемен қамтамасыз ету бір жолға қойылған. Өйткені ЖОО-да білім беру гранты қарастырылмаған. Сол себепті үкімет студенттерге жылына шамамен 23 млрд еуро несие береді. Оқу ақысының қымбаттауына байланысты қарыз көлемі жыл сайын 20 млрд еуроға артып отыр. Қазір студенттердің мемлекетке берешегі 230 млрд еуроны құрайды. Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2040 жылы қарыз көлемі екі есе артады.
Германияда студенттерге несие 20 жылға рәсімделеді
Ал Германияда студенттерді несиемен оқыту 53 жыл бұрын қалыптасқан. Әсіресе аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерді қолдау үшін стипендиялар бар. Алушы мемлекетке өзіне бөлінген соманың жартысын ғана қайтаруға міндетті, ал қаражатты қайтаруға 20 жыл беріледі. Несие мөлшері студенттің ата-анасының табысына байланысты. Табыс неғұрлым жоғары болса, стипендияның мөлшері соғұрлым аз беріледі. Төлемнің ең көп мөлшері – айына 861 еуро. Жалпы бұл бағдарламаны 50 жыл ішінде 5 миллионнан астам студент пайдаланған. Алайда кейінгі жылдары стипендияға сұраныс аз. 2012 жылы миллионға жуық адам алса, 2020 жылы шамамен 460 мың ғана студент өтініш білдірген.
Марита Якоб, Кельн университетінің әлеуметтанушысы: - Қазірде неміс жоғары оқу орындарында 3 миллионға жуық студент бар. Олардың тек 11%-і мемлекеттік қолдау стипендиясын алады. Несие беру шарттары бойынша ата-аналардың кірісі рұқсат етілген шектен асып кететіндіктен, несие аз беріледі. Сондай-ақ несиені рәсімдеу үлкен бюрократиямен байланысты және бөлінген сома студенттердің нақты шығындарына сәйкес келмейді. Сондықтан көптеген студенттер қарызға батудан қорқады.
Жапонияда несиемен оқитын студент көп
Жапонияда мемлекет тарапынан студенттерге берілетін несиенің екі түрі бар. Бірі – пайызбен, екіншісі – пайызсыз. Жапон студенттеріне қызмет көрсету ұйымының дерегіне сүйенсек, 2004 жылы несиені әр 4-ші студент, 2015 жылы әр 2-ші студент алған. Сол жылы 63%-тік мөлшерлемемен 837 мың студент несие рәсімдеген. Оқу несиелеріне мұқтаж студенттер санының жыл санап артуын, сарапшылар елдегі баяу экономикамен байланыстырады. Тағы бір себеп – оқу бағасының өсуі. Жапония билігі 2017 жылы өтеусіз стипендия жүйесін енгізді. Бұл салықтан босатылған, аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге арналған.
Қазір оқы, кейін төле ережесін ұстанатын ел көп. Яғни оқимын деген адамға мүмкіндік мол. Бастысы – сапалы білім алып, жақсы маман иесі атану.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через