фото: Фото: AP
Тайваньда өткен аптада соңғы ширек ғасырдағы ең күшті жер сілкінісі болды. Кем дегенде тоғыз адам қаза тауып, мыңнан астамы жараланып, ғимараттармен тас жолдар зақымданып, карьерлерде ондаған жұмысшы өте қиын жағдайға тап болды.
Тайвань үшін күшті зілзалалар таңсық емес. Бірақ озық технологиялық дәуірге аяқ басқан аралдың 23 миллион тұрғыны арасында шығын алапат дүмпулерге сауатты дайындықтың арқасында салыстырмалы түрде келтірілген залал аз болды.
Тайваньдағы жер сілкіністерінің тарихына тереңірек үлілсек, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:
Дүмпу неге жиі болады?
Тайвань Тынық мұхитындағы әлемдегі жер сілкіністерінің көпшілігі болатын және Тынық мұхитты қоршап жатқан "Отты сақинаның", яғни, сейсмикалық мазасыз сызықтың бойында орналасқан.
Бұл аймақ екі тектоникалық плитаның - Филиппин теңіз плитасы мен Еуразиялық плиталардың өзара әрекеттесуінен жинақталған қысымға байланысты жер сілкіністеріне осалдау саналады.
Сонымен қатар, бұл аймақтың таулы ландшафты сілкіністерді күшейтіп, топырақ пен лай көшкініне әкеліп жатады. Осындай бірнеше көшкін жақын аралықта Тайваньның шығыс жағалауындағы Хуалиен уезінің маңында, яғни, зілзала ошағына жақын жерде болып, құлаған қоқыс туннельдер мен тас жолдарға төгіліп, көліктерді басып, бірнеше адам қаза тапты.
Тайвань жер сілкінісіне қарсы қаншалықты жақсы жабдықталған?
Осы дүмпудің қуаты Тайваньдағы жер сілкінісін бақылау агенттігінің мәліметі бойынша 7,2 баллға жеткен, ал АҚШ геологиялық қызметі оның қуаты 7,4 баллдан кем емес дейді. Жер тербелісі Хуалиендегі бірнеше ғимаратқа зақым келтірді, бірақ дүмпу ел астанасы Тайпэйде қатты сезілгеніне қарамастан, көп шығын әкелген жоқ.
Жер сілкінісі таңғы қарбалас уақытта болғанымен, әдетте жұмысқа асыққан халыққа аса кесір тигізбеді. Бірнеше минуттан кейін ата-аналар қайтадан балаларымен мектепке, ал қызметкерлер кеңселерге көлікпен ағылып жатты.
"Тайванның жер сілкінісіне дайындығы әлемдегі ең озық саналады. Аралда қатаң құрылыс нормалары мен ережелері енгізілген, халықаралық деңгейдегі сейсмологиялық желі қалыптасқан және жер сілкінісі қауіпсіздігі бойынша елге кеңінен білім беру науқаны жүргізіліп отырады", - дейді Миссури ғылым және технология университетінің сейсмология профессоры Стивен Гао АР агенттігіне берген сұқбатында.
Үкімет жаңадан салынған және бұрыннан бар ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділік деңгейін үнемі қайта қарап отырады (бұл құрылыс құнын арттыруы мүмкін). Және де Тайвань билігі өз ғимараттарының зілзалаларға төтеп беру мүмкіндігін тексеруге дайын тұрғындарға субсидиялар ұсынады.
Айта кетсек, 2016 жылы аралдың оңтүстік-батыс жағалауында жер сілкінісінен құлап қалып, ондаған адамның өмірін қиған жалғыз ғана көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына қатысқан бес адам абайсыздық пен салғырттық үшін кінәлі деп танылып, түрмеге жабылды.
Тайвань, сонымен қатар, мектептер мен жұмыс орындарында жер сілкінісі туралы жаттығулар өткізіп жатыр, ал қоғамдық БАҚ пен ұялы телефондар арқылы осындай апаттар пен қауіпсіздік туралы үнемі хабарлама таратылып тұрады.
"Бұл шаралар Тайванның жер сілкіністеріне төзімділігін айтарлықтай арттырып, апаттардан зақым мен адам өлімінің ықтималдығын азайтуға көмектесіп отыр", - дейді Гао.
1999 жылғы ескерту
Тайвань мен оның маңындағы суларда 1980 жылдан бері магнитудасы 4,0 немесе одан жоғары 2000-ға жуық жер сілкінісі және USGS мәліметтері бойынша магнитудасы 5,5-тен жоғары 100-ден астам дүмпулер тіркелген екен.
Аралдағы соңғы жылдардағы ең алапат жер сілкінісі 1999 жылы 21 қыркүйекте болып, оның күші 7,7 баллға жетті. Бұл апаттан 2400 адам мерт болып, 100 000-ға жуығы жарақат алды және мыңдаған ғимарат қирады.
Солтүстік-Шығыс университетінің саясаттану және мемлекеттік саясат профессоры Дэниел Олдрихтің айтуынша, бұл трагедия төтенше жағдайлар мен апаттардың зардабын азайтуға бағытталған негізгі әкімшілік реформаларды бастау жолындағы маңызды ескертуге айналды.
"Бақылаушылар Тайванның 1999 жылғы 21 қыркүйектегі жер сілкінісіне байланысты әрекеттерін қатты сынға алды. Себебі сол кезде жедел медициналық көмек көрсету топтарына жету үшін бірнеше сағат қажет болды, ал құтқарушылардың дайындығы жеткіліксіз еді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар арасындағы операциялар жақсы үйлестірілмеген болатын. Нәтижесінде үкімет "Төтенше жағдайлардың алдын алу және табиғи апаттардан қорғану туралы" заң қабылдап, жер сілкіністері кезіндегі жұмыстарды үйлестіру және оқытумен айналысатын екі ұлттық орталық құрған. Менің ойымша, біз қазір күндері осының бәрінің нәтижелерін көріп отырмыз", - дейді Олдрих АР агенттігіне берген сұқбатында.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через