: Абдрахманов Азат
Өмір сапасы мен адам қауіпсіздігі
Бұл ұғымдар сан қырлы әрі өзара тығыз байланысты: жеке адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейінше, жоғары өмір сапасын елестету мүмкін емес, ал адамның қауіпсіздігі – оның жайлы өмір сүруінің негізгі алғышарты болып табылады. Өмір сапасы – адамның жалпы әл-ауқаты, психологиялық, материалдық және әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуін көздейді. Осы ұғымдардың ішінде «қауіпсіздік» ерекше орын алады. Қауіпсіздік – адамның денсаулығы мен өміріне төнетін қатерлердің болмауын , моральдық және психологиялық жайлылықты, қаржылық дербестікті, сондай-ақ құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын қамтитын кешенді түсінік.
Керісінше, халықтың өмір сүру сапасының төмендігі кедейлікпен, әлеуметтік теңсіздікпен, білім алу мен денсаулық сақтауға қол жеткізу мүмкіндігінің жоқтығымен байланыстырылады. Осындай факторлардың барлығы жеке адамның қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.
Адамның жалпы әл-ауқатының қауіпсіздік мынадай жайттарды қамтиды:
• Адамның өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін сыртқы қатерлерден қорғалғанын сезінуі;
• Ауруларды дер кезінде анықтап, емдеуге мүмкіндік беретін заманауи медициналық қызметтердің қолжетімділігі;
• Қауіпсіз еңбек етуге, денсаулықты қорғауға және жайлы демалысқа қажетті жағдайлардың болуы.
Құқықтық қауіпсіздік:
• Адамның конституциялық құқықтары мен азаматтық бостандықтарын сақтау ісіне төнуі мүмкін қатерлерден қорғалуы;
• Өз мүдделерін еліміздегі сот мекемелері, әрі халықаралық деңгейде қорғау мүмкіндігінің болуы.
Моральдық және психологиялық қауіпсіздік:
• Адамның теріс психологиялық факторлардан қорғалуы, өзінің әрі жақындарының өмірі мен амандығына алаңдаушылық, қорқыныш және уайым сезімдерінің болмауы;
• Қазіргі уақытта және таяу болашақта қауіп-қатерлердің жоқ екеніне сенімділік;
• Отбасында және адамның жақын ортасында қолайлы моральдық-психологиялық ахуалдың қалыптасуы.
Материалдық және қаржылық қауіпсіздік:
• Адамның материалдық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі;
• Өмірі мен мүлкіне қатер төндіретін жеке қаржылық міндеттемелер мен қарыздардың болмауы;
• Кедейлік, мұқтаждық және материалдық тапшылыққа байланысты өзге де қатерлерден қорғалуы.
Әлеуметтік қауіпсіздік:
• Адамның өмір сүруіне қажетті тұрақты жағдайларды қамтамасыз ететін әлеуметтік кепілдіктердің болуы;
• Жақын болашақта өзінің әлеуметтік мәртебесінің сақталатынына деген сенімділік.
Ақпараттық қауіпсіздік:
• Саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда дұрыс әрі сенімді ақпаратқа қол жеткізіп, негізделген шешім қабылдау мүмкіндігі;
• Ақпараттық агрессиядан және жеке деректерге заңсыз қол жеткізуден қорғалуы.
Өмір сапасын арттырудағы қауіпсіздіктің практикалық аспектілері
Адамның жалпы әл-ауқатының қауіпсіздігі – адамның өмірі мен денсаулығын әртүрлі қатерлерден қорғауды қамтамасыз ететін факторлар жиынтығы. Бұл қауіп-қатерлерді үш топқа бөлуге болады:
1.Адамға тәуелсіз қауіптер табиғи апаттар: (жер сілкінісі, су тасқыны, өрт); техногендік апаттар (авиациялық, автокөлік апаттары); індеттер мен қауіпті аурулар (эпидемиялар, қатерлі ісік және т.б.). 2.Белгілі бір жағдайда алдын алуға болатын қауіптер: жол-көлік апаттары;өндірістік және тұрмыстық жарақаттар; инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың бір бөлігі. 3.Толықтай адамның өзіне байланысты қауіптер:еңбек және тұрмыс барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындайтын жарақаттар;жеке гигиенаны елемеу;зиянды әдеттердің болуы (шылым шегу, ішімдік, нашақорлық);жол қозғалысы ережелерін бұзу және басқа да немқұрайлылықтан болатын қатерлер.
Практикалық ұсынымдар: Салауатты өмір салтын ұстану: дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, профилактикалық тексерулерден өту. Қауіпсіздік шараларын сақтау: өндірісте, көшеде, тұрмыста және қоғамдық орындарда сақтықпен әрекет ету.Өзін-өзі қорғау сезімін тәрбиелеу: қауіпті жағдайларды алдын ала байқап, олардан қашық болу.Жауапкершілік пен тәртіптілік: қоғамдық орындардағы және жолдағы ережелерді орындау. Ережелерді елемеу қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Мысалы, жол қозғалысы ережелерін үнемі бұзатын жүргізуші өзі ғана емес, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің де өмірін қатерге тігеді.
Түйінді ой: Өмір сапасын сақтау мен арттырудың басты шарты – салауатты өмір салтына деген тұрақты ұмтылыс, өз бойында өзін-өзі сақтай білу сезімін дамыту және әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарау.
Адамның құқықтық қауіпсіздігі - азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтиды. Ең маңыздысы – өмір сүру құқығы, бостандық, жеке қауіпсіздік және тәннің қол сұғылмаушылығы. Бұл құқықтар Конституция мен мемлекеттің негізгі заңдарымен бекітіледі.
Аталған іргелі құқықтар мен бостандықтар екі жағдайда бұзылуы мүмкін. Қылмыстық элементтердің сыртқы зорлық-зомбылығы салдарынан; Мемлекеттік органдар өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен.Бірінші жағдайда адам өзін қылмыскерлерден сақтану арқылы қорғай алады, сақтық шараларын ұстану, заң мен қоғамдық тәртіпті бұзушылармен кез келген байланыстан қашу.Екінші жағдайда, егер мемлекеттік орган оның заңды құқықтарын бұзса, адам әділдік пен қорғауды сот мекемелеріне жүгіну арқылы таба алады.Сонымен бірге, адамның өзі де заң талаптарын қасақана немесе білместікпен бұзуы мүмкін. Мұндай әрекеттердің салдары қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Мысалы:сыбайлас жемқорлыққа жол беру; салық төлемеу; басқа адамға қатысты күш қолдану; өзгенің мүлкіне қол сұғу және т.б.Бұл жағдайда адам өз құқық бұзушылықтарының барлық салдары үшін заң алдында жауап береді.
Түйінді ой:Азаматтың құқықтық сауаттылығын үнемі арттырып отыруы, заң талаптарын қатаң сақтауы және өз іс-әрекеті үшін жауапкершілікті терең сезінуі – құқықтық қауіпсіздіктің басты кепілі.
Адамның моральдық және психологиялық қауіпсіздігі. Моральдық әрі психологиялық қауіпсіздік – адамның жан тыныштығын, рухани тепе-теңдігін, ойы мен әрекеттеріндегі еркіндігін, өзіне де, жақындарына да қатысты қорқыныш пен алаңдаушылықтың болмауын қамтамасыз ететін маңызды ұғым. Мұндай жағдайда адам өзін тұлға ретінде сезінеді, қол жеткізген жетістіктерінен қанағат табады.Айналасындағы жандардың сенімі мен құрметіне бөлену де ерекше мәнге ие. Бұл – адамның өз құндылығына сенімді болуына негіз. Психологиялық қауіпсіздік, ең алдымен, адамның өзге адамдардан келетін жағымсыз ықпалдардан қорғалғанын сезінуімен тығыз байланысты.Осындай күйге жету үшін адам жоғары моральдық қасиеттерге ие болуы шарт: адалдық, мейірім, өзгенің қайғысына ортақтаса білу, мұқтажға қол ұшын созуға дайын болу. Моральдық және психологиялық қауіпсіздіктің ең биік көрсеткіші – туған-туыс пен жақын жандарға деген сүйіспеншілік сезімі және сол сүйіспеншілікті өзіне де сезіну.Сондай-ақ, адамның өз іс-әрекетін жалпыға ортақ адамгершілік нормалары мен қағидаттары тұрғысынан бағалай білуі, қоғамдағы орнын мақтан тұтуы да маңызды. «Ар» мен «ұят» секілді асыл ұғымдар – әркімнің ішкі таразысы. Адам кейде ізгілік пен зұлымдықтың арасынан таңдау жасайды, осы таңдаудағы жауапкершілікті өзі мен қоғам алдында сезіну – ар-ожданның көрінісі.Дұрыс ойлау жүйесі мен айқын азаматтық ұстаным адамға болашағына деген сенім мен жан тыныштығын сыйлайды.
Түйінді ой:Адам бойында өмірлік ұстанымдарды қалыптастыру, өзіндік қадір-қасиетін сезіну, моральдық еркіндік пен жасаған іс-әрекеттерінің дұрыстығына сенімді болу аса маңызды. Сондай-ақ, өткен қадамдары үшін өкініш пен үрейдің болмауы – оның ішкі рухани саулығы мен моральдық қауіпсіздігінің басты кепілі.
Адамның экономикалық және қаржылық қауіпсіздігі. Экономикалық және қаржылық қауіпсіздік – бұл тұлғаның ықтимал теріс экономикалық факторлардан кешенді қорғалуы, кәсіби қызметін тұрақты дамытуға, жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға және өз мүдделерін қорғауға мүмкіндік беруі.Қаржылық қауіпсіздік ең алдымен адамның материалдық тәуелсіздігіне, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу қабілетіне, өзінің материалдық әл-ауқатын қорғап қана қоймай, оны ұзақ мерзімге сақтап, көбейтуге бағытталған іс-әрекетіне негізделеді. Қаржы тұрақтылығы арқылы әлеуметтік игіліктерге қол жеткізу, әртүрлі экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра білу аса маңызды.Мұндай қауіпсіздіктің кепілі – жеткілікті деңгейдегі экономикалық сауаттылық. Ол адамның материалдық ресурстарын ұтымды пайдалануына, жеке мүмкіндіктерін сақтап әрі арттыруға ықпал ететін дұрыс шешім қабылдауына жол ашады. Сондай-ақ сыртқы қаржылық қарыздарды, несие көздерін орнымен пайдалана білу де ерекше мәнге ие.Экономикалық және қаржылық қауіпсіздікке өзінің кәсіби саласында жоғары білім мен тәжірибе жинақтап, биік нәтижелерге қол жеткізген адам ғана жете алады. Керісінше, экономикалық сауатсыздық, ойланбай алынған қарыздар мен несиелердің соңы күтпеген зардаптарға, тіпті банкроттыққа әкелуі мүмкін. Өкінішке қарай, тез мақсатқа жетуді көздеп, туыстары мен таныстарынан жиі қарыз алатын, бірақ ақыр соңында күйзеліске ұшырайтын жандар да аз емес.
Түйінді ой: Өз кәсіби біліктілігін ұдайы арттырып отыру, сондай-ақ экономикалық сауаттылықты жетілдіру – адамның экономикалық қауіпсіздігі мен қаржылық тұрақтылығына қол жеткізуіне жол ашады. Ал несиелер мен жеке қарыздарды алудағы ерекше сақтық пен жауапкершілік сезімі оның экономикалық және қаржылық қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қолайсыз салдардан қорғауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік және ақпараттық қауіпсіздік - адамның қорғалуының өзге қырларымен тығыз байланысты. Бұл қауіпсіздіктің түрлері – мемлекеттің азаматты өміріне, денсаулығына және материалдық игілігіне төнетін қатерлерден құқықтық қорғау шаралары арқылы айқындалады.Әрине, мұнда көп нәрсе адамның өзіне де байланысты. Оның құқықтық әрі техникалық сауаттылығы – жеке деректерін заңсыз қол сұғушылықтан қорғаудың басты алғышарты. Ал ақпараттық сауатсыздық, керісінше, адамды алаяқтардың оңай олжасына айналдыруы мүмкін.
Түйінді ой:Азаматтың құқықтық және техникалық сауаттылығын үнемі арттырып отыруы – оны түрлі сыртқы қолайсыз ықпалдар мен қауіп-қатерлерден қорғаудың сенімді жолы.
Қорытынды: Тұлға қауіпсіздігі – оның өмір сапасының маңызды құрамдас бөлігі. Өмір сапасы қаншалықты жоғары болса, адамның әл-ауқатының, моральдық-психологиялық, экономикалық және құқықтық қауіпсіздігі де соншалықты жоғары деңгейде болады, керісінше жағдайда – төмендейді. Жеке қауіпсіздіктің барлық қырлары өмір сапасымен және өзара бір-бірімен тығыз байланысты.Адамның толыққанды қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тек мемлекет пен қоғамның ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғаның да мақсатты түрде әрекет етуі қажет. Ол өз кезегінде өзін-өзі дамытуға, заңды мүдделерін қорғауға жағдай жасауды көздейді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через