Мейрамхана мәзірінде тағам калориясы көрсетілуі тиіс

Мейрамхана мәзірінде тағам калориясы көрсетілуі тиіс

Мейрамхана мәзіріне тағамның құндылығын қосу мыңдаған адамның өмірін аман алып қалады және миллиардтаған доллар шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді.

2018 жылы АҚШ-та жаңа заң қабылданды. Оның талабы бойынша 20 немесе одан да көп орындары бар мейрамханалар мен фастфуд желілері мәзірге тағамның калориясын жазып қоюға тиіс.

Бұл заң қазірдің өзінде әр тағамның қуатының 20-60 калорияға төмендеуіне әкелді.

Тафтс университетінің мамандары жүргізген зерттеуге сүйенсек, бұл саясат 20-65 жас аралығындағы адамдар арасында семіздіктен туатын кем дегенде 28 000 қатерлі ісіктің алдын алады деп болжанып отыр.

Сонымен қатар қатерлі ісіктен болатын 16 700 өлімге тосқауыл болады және денсаулық сақтау мен әлеуметтік шығындарға кететін 2,8 млрд доллар (2,55 миллиард еуро) ақшаны үнемдейді.

Болжам бойынша, бұл жаңашылдық қатерлі ісіктің мына түрлерінен болатын өлім-жітімнің алдын алады: бауыр (4530), постменопаузадағы сүт безі (3080), эндометрия (2060), бүйрек (1980), ұйқы безі (1230).

Алдыңғы зерттеулер бұл саясаттың АҚШ-тың ересек тұрғындары арасында жүрек-қантамыр аурулары мен 2 типті қант диабетінің алдын алатынын көрсетті, бірақ семіздіктен туатын қатерлі ісіктің медициналық және экономикалық әсері бұрын бағаланбаған.

«Біз тұтынушыларға, саясаткерлерге және кәсіпкерлерге кішігірім өзгерістердің үлкен артықшылықтарға қалай әкелетінін көрсетуіміз керек, - дейді зерттеудің жетекші авторы, Тафтс университетінің Фридман мектебінің тамақтану эпидемиологиясы және деректер ғылымы ғылымдарының кандидаты Менгси Ду.

BMJ Open журналында жарияланған зерттеу авторлары 20-44 жас аралығындағы жастар мен ересектер үшін мұның пайдасы көп дейді, өйткені осы топтағылар семіздікке байланысты қатерлі ісік ауруларына жиі ұшырайды.

Ғалымдар қоғамның барлық салаларындағы адамдар таңбалау саясатынан пайда көруі үшін әлі де көп нәрсе істеу керек екенін атап өтті.

Зерттеуге сәйкес, семіздіктен туатын қатерлі ісік - қазіргі уақытта Ұлыбританияда жаңадан диагноз қойылған барлық қатерлі ісік ауруларының шамамен 40 пайызын құрайды.

Әрбір үшінші америкалық семіздікке шалдыққан, ал семіздік - қатерлі ісіктің 13 түрі үшін белгіленген қауіп факторы.

Еуропа одағы бірнеше жыл қатарынан азық-түлік пакеттеріне олардың тағамдық құндылығын міндетті түрде көрсеткенімен, Еуропаның көптеген елдерінде әлі күнге дейін мейрамхана мәзірінде калория көрсетілмеген.

Ирландия бұл заңның қабылдануы үшін біраз еңбектенді, 2015 жылдан бері қарастырылып келді де, кейін үкімет одан бас тартты.

Ұлыбританияда мәзірде калорияны көрсету талабы 2022 жылы күшіне енді.

Англияда 250 немесе одан да көп қызметкері бар кәсіпорындарға, соның ішінде кафе-мейрамханалар мен тамақтану орындары оралмаған тағамдар мен алкогольсіз сусындардың калориясы туралы ақпаратты көрсетуге міндетті.

Шотландия мен Уэльс билігі бұл қадамды енді қарастрып жатыр.

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото www.pinterest.comВКонтакте