фото: https://pixabay.com/ru/
BlackRock биткойннің "21 миллион BTC"-пен шектелмеуі ықтимал екенін жариялады.
Дүниежүзіндегі айналымда жүрген Bitcoin көлемі 20 миллионнан асты. Уикипедия және басқа да дереккөздер мәлімдеп келгендей, биткойндердің эмиссиясының жалпы көлемі қатаң шектелген: ол 21 миллион монетадан аса алмайды. Өйткені BTC "кемитін геометриялық прогрессия мүшелерінің жалпы сомасын" білдіреді.
Тиісінше, соңғы майнер 21 миллионыншы биткойнді өндіргеннен кейін ары қарай ешкім де майнингпен айналыса алмайды. Міне, сонда, Кэти Вуд сияқты сала "ғұламаларының" болжамынша, 1 биткойннің бағасы 1 миллион доллардан асуы мүмкін.
2024 жылғы 10 желтоқсандағы жағдай бойынша осы басты криптовалютаның 94,25%-дан астамы өндіріліп болды. Содан нарық ойыншылары соңғы межені – 21 миллионыншы ВТС-ді тізесі қалтырай, бір үміт, бір күдікпен күтіп отыр. Өйткені содан кейін биткойннің бағасы не аспандап, миллион долларлық шыңды бағындырады. Немесе шегіне жетіп, тоқтаған активке инвесторлардың қызығушылығы жойылып, ол мүлдем құнсызданады.
Дегенмен, басқа жол бар сияқты. 21 миллионнан кейін майнерлер 22, 23 және басқа миллиондарын өндіре береді. Мұндай жағдайда да биткойн инвесторлардың көңілін қалдырып, құнын жоғалтуы мүмкін.
BlackRock арнайы ролик жариялап, онда 21 миллионыншы монетаға қатысты шекке шәк келтірді. Компания биткойннің максималды ұсынысы 21 млн BTC-мен шектелетініне ешқандай кепілдік жоқтығын мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме әлемде қызу пікірталас туғызды. Өйткені BlackRock сарапшылары ешкімге айтуға болмайтын құпияны жаһанға жариялап қойғандай болды.
Бұл идеяға үзілді-кесілді қарсы шыққандардың айтуынша, егер активтің әу бастан бекітілген, әбден құлақсіңісті болған лимиті өзгерсе, биткойн "басты криптовалюта" болудан қалады.
"Биткойннің 21 млн BTC-мен шектелетін ең жоғарғы ұсынысының өзгермейтініне күмән келтіруге қатысты талас-тартыс жаңа екпінмен қайта туындады. Бұған BlackRock-тың әлемдегі бірінші криптовалютаның артықшылықтарына арналған видеосы түрткі болды. Роликте қаржылық алпауыт атап өткендей, биткойннің ағымдағы бекітілген ұсынысының шекті көлеміне қарамастан, теориялық тұрғыдан ол лимит өзгеруі мүмкін. Мұндай түсініктеме криптоқоғамдастық арасында мазасыздық туғызды", – деп жазады Incrypted порталы.
Үш минуттік видеода инфляциясын бақылау, құнсыздануын құрықтау, төлем қабілеттілігін ұстап тұру үшін биткойннің ұсынысының шектеулі болуы өте маңызды екені айтылады. Сонымен бірге роликте компания мамандары болашақта осы лимитке қатысты жағдай өзгеріп кетуі мүмкін екенін ескертеді.
"Қазіргі кездің өзінде 21 млн BTC шектеуінің өзгеріп кетпейтініне ешқандай кепілдік жоқ!", – деді компания сарапшылары.
Тиісінше, 21 миллиондық монетамен шектелетіні аңыз ғана болып шықса, жаңа, озық технологиялар ол лимитті еңсере алса, онда биткойнді инфляция жайлап, жыл сайын құнсызданады. Төлем қабілеттілігі төмендеп, 1 биткойнға сатып алуға болатын заттар саны кеми береді.
Артынша, MicroStrategy тең құрылтайшысы Майкл Сэйлор осы видеоны бөлісіп, онымен келісетінін білдірді және айтыс қызуын тіпті көтеріп жіберді. Бірқатар сарапшылардың айтуынша, лимиттің өзгеруі биткойннің "дефицит әсерінен қымбаттауына" жойқын соққы береді.
BitVM жобасын басқаратын, Super Testnet лақап атымен танымал әзірлеуші "ұсыныс лимиті" – биткойнді ойлап тапқан "атасы" Сатоши Накамотоның (бүркеншік есім, оның шын атын ешкім білмейді) ақ кітабына ұстын болған іргелі принцип екенін еске салды. Яғни, ол тұғыр күйресе, тұңғыш криптовалюта да жайрап қалады.
Сарапшының пікірінше, теориялық тұрғыдан алғанда максималды ұсынысты хардфорк арқылы өзгертуге болады. Ол үшін бұл идеяны майнерлер, әзірлеушілер, торап операторлары тегіс қолдаса болғаны.
"Алайда мұндай шешім іс жүзінде басқа қағидалары бар жаңа желінің құрылуына соқтырады. Ондай қағидаларды көпшілік бұрынғыдай "түпнұсқа-оригиналды актив" деп мойындамай қояды. Мұнсыз бұл актив о баста Сатоши ойлап тапқан актив болудан қалады", – деген пікір білдірді Super Testnet.
Эмиссиясының шектелуі, ұсынысының 21 миллионмен тәмамдалуы – биткойнді дәстүрлі ұлттық валюталардан және қаптаған өзге криптовалюталардан даралайтын басты сипаттамасы болып табылады.
Сондықтан оны "цифрлық алтын" деп атаушы еді. Алтынның Жер ғаламшарындағы ресурс-қорының шектелгенімен салыстыратын.
Өйткені мысалы, АҚШ Федералдық резерв жүйесі долларды шетсіз-шексіз, триллиондап басып шығара алады. Dogecoin, Ethereum және басқасы да еш шектелмеген. Егер Bitcoin да шексіз болса, өзін өзгеден айрықшалайтын барлық артықшылықтарынан да, атақ-даңқынан да жұрдай болады.
Trezor аналитигі Йозеф Тетек болса, Bitcoin Core әзірлеушілерінің биткойннің бекітілген ұсынысын өзгертуге мүмкіндігі барын жариялады. Оның сендіруінше, 21 млн BTC шектеуін айналып өту мүмкіндігі оның "бастапқы кодына" (исходный код) жазып қойылған.
Ал, Bitcoin Core командасына осы құрал қолжетімді. Демек, өз бетінше шекті еңсере алады. Алайда Тетектің мәліметінше, жинағын биткойнге салып отырған қоғамдастық-комьюнити бұған дайын болмағандықтан команда ол қадамнан әзірге аяқ тартты.
Осы аптада қоғамдастық тағы бір "шокты" бастан өткерді. Synonym CEO-сы Джон Карвальо биткойнді деноминациялауды ұсынды.
"Бұл жаңа BIP нәтижесінде биткойн пайдаланушылар үшін түсінікті бола түседі, жаңылысулар азаяды. Сондай-ақ бұл қадам ончейн-шамаларды тікелей келісуге бағытталған", – деп жазды Карвальо.
Қолданыстағы конвенция 1 BTC-ті 100 000 000 базалық бірлік ретінде бекітеді. Осы әрбір бірлік бейресми түрде "сатоши" немесе "сат" деп аталады.
Джон Карвальоның байламынша, бұл терминдер ескірді. Сондықтан одан арылып, тек биткойндерге көшу қажет. Сарапшы 0,0001 BTC деген соманың ағымдағы көрінісін мысалға келтірді. Егер деноминация жасалса, ол сома 10 000 BTC-ке (немесе ₿10 000) трансформацияланады.
Карвальоның ұсынысы қоғамдастықтың қатаң сынына ұшырады. Пікір білдірушілер тіпті біртіндеп, кезең-кезеңмен енгізгеннің өзінде, деноминация нарықтарда толқу туғызатынын, ұсыныс жасауды қиындататынын, жаңа сатып алушылардың теріс айналуына соқтыратынын, биткойнді құнсыздандыратынын алға тартты.
"Тіпті лингвистикалық тұрғыдан алғанда да бұл – жаман, жексұрын идея! Өйткені ол адамдар үйреншікті болған, мән-маңызға ие ұғымдарды жояды. Оның үстіне талқыға салынып отырған терминдер (сатошилар) биткойн брендингі үшін маңызды белгілер. Онсыз оның тұғыры шайқалады", – деп жазды Psifour никімен белгілі әзірлеуші.
Ben vHodl бүркеншік атымен белгілі инвестор деноминацияланса, сатошилердің жойылуы салдарынан "21 млн биткойн" лимиті "2,1 квадриллион BTC"-ке айналып кететініне, мұндай сан сұмдық естілетініне назар аудартты.
Қалай болғанда, осы аптада биткойннің бағасы гүрс етіп құлады және "100 мың доллар" межесінен көп төмендеп кетті. Биылғы 16 желтоқсанда 1 биткойннің бағамы тарихи максимумға – 108 мың долларға жеткен еді. Ал, бүгінде, 21 желтоқсанда 97 мың долларға дейін құлдырады. "Киттер", көп мөлшерде биткойн ұстаушылар одан арылуға кіріскені мәлім болды. Биржалар тек бір күнде ғана трейдерлердің 600 миллион долларлық позицияларын жапқан.
Бұған АҚШ Федералдық резерв жүйесінің басшысы Джером Пауэллдің мәлімдемесі де ықпал етті. Ол Американың криптовалютадағы ұлттық резервін құрудан бас тартты. Тиісінше, биткойн және басқа криптовалюталар резервтік валютаға айнала алмайды, шынайы құны нөлге тең жай бір құрал болып қалады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через