фото: Қазақстанның СІМ баспасөз қызметі
Бұл атақ шетелдік азаматтарға Сеулдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін беріледі
Қазақстан азаматы "Сеулдің құрметті тұрғыны" атағын алды, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігі.
Бұл – Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігінің қызметкері Руслан Қайрамбаев.
Сеулде мұндай атақ 1958 жылы пайда болған, содан бері әлемнің 100 елінен 933 адам ғана марапатталған. Бұл атақ шетелдік азаматтарға Сеулдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін беріледі.
2024 жылы оны халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және қаланы дамытуға үлес қосқан 16 лауреат алды.
"Руслан Қайрамбаев өткен жылдың желтоқсан айында көрсеткен ерлігі үшін алды. Ол өрт сөндірушілер келгенге дейін жерасты автотұрағында жанып жатқан көлікті сөндірген. Оның әрекеттерінің арқасында өрт басқа аумаққа тарамады, адам шығыны болған жоқ", - дейді министрлік.
Барлық лауреаттар атынан сөз сөйлеген Руслан Қайрамбаев Сеул қаласының әкімдігіне көрсеткен құрметі үшін алғыс айтып, өз әрекетін ерлік деп санамайтынын жеткізді.
"Менің орнымда болған кез келген адам дәл солай жасар еді", - деді ол.
Сондай-ақ, ол бұл марапат Қазақстан мен Корея арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді деген сенімін білдірді.
Мұндай марапат Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы екіжақты байланыстардың нығаюын білдіреді және халықаралық қатынастарды дамытудағы ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді, деп атап өтті ведомство.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через