Шет елден үй алушылар көп пе?

Шет елден үй алушылар көп пе?

             Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан ақпаратқа сүйенсек қазақстандықтардың  атына тіркелген үй-жай  Ресейде көп көрінеді. Өткен жылмен салыстырғанда, шет елден жылжымайтын мүлікті сатып алу көрсеткіші 12 процентке төмендепті. Бұған пандемия әсер еткен екен. Қазақстандықтардың кейбірі өз елінде басы бүтін баспанаға зар болып жүргенде, енді бірі шетелде үйлі болып жатыр. Әрине, кім қайда тұрамын десе де өз еркі. Дегенмен бүйірді қысқан пандемия өзге елге өзек байлағысы келетіндердің де қалтасына салмақ салғандай. Сөзіміз сөлді болу үшін айталық, былтыр шетелде жылжымайтын мүлік алу көрсеткіші 2019 жылмен салыстырғанда 12,5 процентке кеміген. Бұл ақпаратты мемлекеттік кірістер комитеті жариялады. Сонымен жерлестеріміз көбіне үйді Ресейде алуға бейіл. 2020 жылы көрші елде 3,5 мың азамат баспана алған. Екінші орында Болгария мемлекеті тұр. Өткен жылы мұнда қазақстандықтардың атына 272 жылжымайтын мүлік тіркелген. Отандастарымыздың иелігінде Түркияда 216, Испанияда 187, Біріккен Араб Әмірлігінде 69 үй-жай бар көрінеді. Сатып алынған тұрғын-жайдың саны қысқарғанымен елді таңдауға келгенде қазақстандықтардың «тәбеті» өзгермеген сыңайлы.