21 жасқа дейінгі азаматтарға ресми келісімсіз несие берілмейді

21 жасқа дейінгі азаматтарға ресми келісімсіз несие берілмейді
фото: pexels.com

Қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғау мәселесі қаралып жатыр. Тиісті заң жобасы Сенатқа жолданды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24 kz сайтына сілемие жасап хабарлайды. 

Жоба қаржы секторына кәсіби кадрларды тарту, әкімшілік кедергілерді азайту, тұтынушылардың құқығын қорғау және сала жұмысын оңтайландыруға бағытталған. Бұған қатысты былтыр қаңтар айынан бері депутаттар тарапынан 400-ден астам ұсыныс түсіп, жұмыс тобының 50-ге жуық отырысы өтті.  

- Заң жобасында бизнес иелері мен тұтынушылардың құқығын қорғауға және азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақтандыруға қатысты бірқатар ұсыныс көзделген. Жоба мақұлданса, 21 жасқа дейінгі қазақстандықтарға ресми келісімсіз несие берілмейді. Яғни тұтынушылық кепілсіз онлайн несиелерді беру үшін 24 сағаттық «салқындату кезеңі» енгізіледі. Тиісінше несие алуға алғаш өтініш берерде азамат банктің немесе микроқаржы ұйымының филиалында міндетті түрде болуы қажет. 

Фото: pexels.com.

Сондай-ақ 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтар кепілсіз тұтынушылық несиені енді «электронды үкімет» порталы арқылы келісім алғаннан кейін ғана ала алады. Ал әскери қызметшілерге әскери қызметін өткеру уақытында несие алуға тыйым салынады. Ал банктерге алаяқтық белгілері бар транзакцияларды анықтаған жағдайда банк шоты бойынша шығыс операцияларын бірден тоқтатуға өкілеттік беріледі. Білім алу несиелерін беру құзыреті «Отбасы Банкінің» мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі аясында жүзеге асады. 

21 жасқа дейінгі азаматтарға ресми келісімсіз несие берілмейді

 Тұтынушылық кепілсіз онлайн несиелерді беру үшін 24 сағаттық «салқындату кезеңі» енгізіледі 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтар кепілсіз тұтынушылық несиені «электронды үкімет» порталы арқылы келісім алғаннан кейін ғана ала алады

 Әскери қызметшілерге әскери қызметін өткеру уақытында несие алуға тыйым салынады 

Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: "Түзетулер аясында алаяқтыққа қарсы АнтиФрод орталыққа қатысушылар тізімі кеңейтіледі. Оның құрамына құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдары қосылады. Антифрод-орталықтың деректер базасына енгізілген жеке тұлғаларға қаржылық қызметтердің шектеулі тізімін ұсынылады. Тізім телефон алаяқтығымен күресу үшін абоненттің тіркелген нөмірін растау мақсатында байланыс операторларының деректер базасымен біріктіріледі. Сондай-ақ ұялы байланыс абонентімен байланыс қызметтерін көрсету шартын жасасу кезінде міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Байланыс саласындағы уәкілетті органның GSM шлюздерін әкелу, тіркеу, іске асыру және пайдалану қағидаларын бекіту бойынша құзыреті кеңейеді."  

Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтардың қаржылық жағдайы нашарласа, олардың несие төлеу уақыты кемінде үш ай мерзімге айыппұлсыз кейінге шегеріледі. Сондай-ақ олардың ай сайынғы төлемі 50 пайызға не одан да көп мөлшерге азайтылады. Қарыз алушы жеке тұлғалардан банк несиесін ішінара немесе мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын өндіріп алу алынып тасталады. Бұдан бөлек енді мемлекеттік бюджеттен төленетін төлемдерді, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде қайырымдылық ұйымдарынан түскен ақшаны үшінші тұлғалардың өндіріп алуына тыйым салынады. Сенатқа жолданған заң жобасының тағы бір тиімді тұсы - шетелдік банк активтерінің жиынтық мөлшерін 20-дан 10 миллиард долларға дейін төмендету. ·             

- Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтардың қаржылық жағдайы нашарласа, олардың несие төлеу уақыты кемінде 3 ай мерзімге айыппұлсыз кейінге шегеріледі ·             

- Ай сайынғы төлемі 50 пайызға не одан да көп мөлшерге азайтылады ·            

-  Банк несиесін ішінара немесе мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын өндіріп алу алынып тасталады              

- Қайырымдылық ұйымдарынан түскен ақшаны үшінші тұлғалардың өндіріп алуына тыйым салынады

 Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: "Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Еуропа елдерін зерттей келе шетелдік банктердің басым бөлігінің активтері шамамен 10 миллиард долларды құрайтынын анықтадық. Сондықтан біз шектік деңгейді төмендеттік. Бірақ оларға қауіпсіздік жағынан қойылатын талаптар сол күйінше қалады, еш әлсіремейді. Біз нақты секторды, кіші және орта бизнесті несиелендіруге бағытталған банктерге баса назар аударамыз. Олардың Қазақстанға келіп, біздің банктермен бәсекелесе жұмыс істегенін қалаймыз."   

Заң жобасы мақұлданса, шетелдік банктің уәкілетті органға тапсыруы тиіс құжаттар тізімі де қысқарады. Олардың филиалдары үшін көрсетілетін банк қызметінің түрлері кеңейтіліп, енді бейрезидент банктерге жеке тұлғалардың депозиттерін ашу, төлем карточкаларын шығару, валюта айырбастау операциялары, синдикатталған қаржыландыру және ел азаматтарына көрсетілетін басқа да қызметтер қолжетімді болмақ. Ал қазақстандық банктерге қойылатын кей талаптар, атап айтқанда банк ашуға рұқсат берілген күннен бастап бір жыл ішінде жеке ғимаратының болуы, тиісті мамандарды жалдау, сондай-ақ цифрландыруды дамытуға байланысты жекелеген құжаттарды ұсыну талаптары алынып тасталады.