фото: https://pixabay.com/
Қаңтар айынан бастап, бұл кәсіп иелерінің қызметі бес есеге дейін күрт қымбаттайды.
Қазақстандағы құрылыс компаниялары жаңа Салық кодексі және ондағы жоғарылатылған ҚҚС пен басқа салықтар қолданысқа енгізілгенге дейін, өткен жылдың соңына қарай тұрғын үй кешендерін тездетіп іске қосуға тырысты.
Бұған қоса, олар сатып алушыларына хабарлама жолдап, олардан дайын пәтерлерін немесе басқа жылжымайтын мүлкін жылдамдатып өз атына рәсімдеп үлгеруге, сол арқылы құқық белгілейтін құжаттарын уақытылы алуға шақырды.
Бұл үшін болашақ "қоныстой иелеріне" біраз шығындалуға тура келді. Нақтылағанда, пәтердің құжаттарын нотариуста рәсімдеу үшін:
Нотариус қызметіне – 39 000 теңге;
клиенттің пәтерді өз атына жазуына жұбайының келісімін нотариустың рәсімдеуіне – 5 175 теңге;
Некеде тұрмағаны туралы өтінішке – 1 829 теңге;
Тіркеу үшін алынатын мемлекеттік алымға – 1 203 теңге,
Жалпы жиынтығында – 47 207 теңге төлеу қажет болды.
Жаңа тұрғын үй кешеніндегі кеңсе орнын рәсімдеу үшін:
Нотариустың қызметтеріне — 39 000 теңге;
Некеде тұрмағаны туралы өтінішті рәсімдеуіне – 1 829 теңге;
Клиенттің офисті өз атына жазуына жұбайының келісімін нотариустың рәсімдеуіне – 5 175 теңге;
Тіркеу үшін алынатын мемлекеттік алымға – 19 240 теңге,
Жалпы жиындығында – 65 244 теңге төлеу талап етілді.
Автотұрақ орнының құжаттарын рәсімдеу үшін:
Нотариустың қызметтеріне – 33 000 теңге;
Некеде тұрмағаны туралы өтінішке – 1 829 теңге;
Клиенттің автопаркингті өз атына жазуына жұбайының келісімін нотариустың рәсімдеуіне – 5 175 теңге.
Тіркеу үшін алынатын мемлекеттік алымға – 1203 теңге;
Жалпы жиынтығында – 41 207 теңге төлеуге тиіс.
Дегенмен, нарыққа жүргізілген талдау бұл – елордадағы орташа бағалардың бірі екенін көрсетті. Кейбір жеке нотариустар 1 пәтердің құжаттарын немесе оны сатып алу-сату шартын рәсімдеу үшін 53-63 мың теңгеге дейін сұрайды.
Өйткені осы қаңтар айынан бастап бұл кәсіп иелері өз қызметтерінің құнын күрт көтерді. Бұл ретте нотариустардың тарифтері – мемлекет реттейтін сала саналады. Онда неге қызметтері қымбаттап кетті?
Мұның мән-жайын түсіндірген астаналық нотариус Ләйла (фамилиясын жарияламауды сұрады) нотариустардың төлемдері шынымен де мемлекет тарапынан реттелетінін, бірақ ол екі құрамдас бөліктен тұратынын жеткізді.
"Оның бірінші бөлігі міндетті мемлекеттік баж – ол барлығы үшін бірдей бекітілген. Екінші бөлігі – біздің құқықтық және техникалық қызметтеріміз үшін төлем: оның мөлшерін өз мүшелері үшін нотариаттық палаталар анықтайды, міне, осы бөлігі әртүрлі болуы мүмкін. Осылайша, мемлекет негізгі шеңберді белгілейді, ал, аумақтар осы қосымша қызметтердің құнын анықтайды. Біз өз тарапымыздан көп қоспаймыз. Керісінше, тұрақты клиенттерге немесе кейбір қызметтер бойынша тарифтерге жеңілдік ұсынамыз. Сөйтпесек бәсекеде ұтыламыз. Кейбір адам "нотариустар күреп ақша табады" деп ойлайды. Шынында олай емес", – деді нотариус.
Осы орайда Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 2025 жылғы 27 қыркүйектегі №533 бұйрығымен қазақстандық барлық нотариустардың биылғы жылғы тарифтерін бекітті.
2026 жылғы 1 қаңтарда толық күшіне енген бұл құжат "Жекеше нотариустардың нотариаттық әрекеттер жасағаны және өзге де көрсетілетін қызметтері үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттардың көшiрмелерiн (телнұсқаларын) бергенi және консультация беруді жүзеге асырғаны үшiн мөлшерлемелер мөлшерін бекіту туралы" деп аталады.
Бұл аз болғандай, Үкімет пен Парламент республикалық бюджет туралы заңымен айлық есептік көрсеткішті (АЕК) 2025 жылғы 3 932 теңгеден 2026 жылы 4 325 теңгеге дейін күрт көтерді. Бұл да аталған кәсіп иелері қызметінің халыққа қолжетімсіз бола түсуіне ықпал етті.
Сонымен, 2026 жылы жеке нотариустардың нотариаттық әрекеттер жасағаны және өзге де көрсетілетін қызметтері үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттардың көшiрмелерiн, дубликат-телнұсқаларын бергенi және консультация беруді жүзеге асырғаны үшiн тарифтер мөлшері мынадай болады.
Біріншіден, қалалық жерлердегi жылжымайтын мүлiктi, жер учаскелерiн, тұрғынжайларды, саяжайларды, гараждарды, құрылыстар мен өзге де жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығару туралы шарттарды куәландырғаны үшiн:
егер тараптардың бірі заңды тұлға болып табылса – 17 АЕК (2026 жылы – 73 525 теңге). Бұған дейін 10 АЕК болған;
егер бағасы 30 АЕК-ке дейiн болса, балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-iнiлерi, апа-қарындастары мен сiңлiлерiне, немерелерiне – 3 АЕК (биыл 12 975 теңге), бұған дейін – 1 АЕК;
басқа да адамдарға – 8 АЕК (34 600 теңге), бұған дейін – 3 АЕК;
егер құны 30 АЕК-тен қымбат болса, балаларына, жұбайына, ата-анасына, туған аға-iнiлерi, апа-қарындастары мен сiңлiлерiне, немерелерiне – 7 АЕК (30 275 теңге), бұрын – 5 АЕК болған;
басқа адамдарға – 12 АЕК (51 900 теңге), бұрын – 7 АЕК.
Екіншіден, ауылдық жерлерде орналасқан жылжымайтын мүлiктi, соның ішінде жер учаскелерiн, тұрғынжайларды, саяжайларды, гараждарды, құрылыстар мен өзге де жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығару (сатып алу-сату) туралы шарттарды куәландырғаны үшiн:
егер тараптардың бірі заңды тұлға болып табылса – 3 АЕК (биыл 12 975 теңге), бұрындары – 1 АЕК;
балаларына, жұбайына, ата-аналарына, туған аға-інілері мен апа-қарындастарына, сіңлілеріне, немерелеріне – 1,5 АЕК (6 487,5 теңге), бұрын – 0,5 АЕК;
басқа да адамдарға – 2,7 АЕК (11 677,5 теңге), бұрын – 0,7 АЕК.
Үшіншіден, автомобиль көлiгiн, тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерiн, жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды иеліктен шығару туралы шарттарды куәландырғаны үшін:
егер тараптардың бірі заңды тұлға болып табылса – 12 АЕК (51 900 теңге), бұрын – 7 АЕК;
балаларына, жұбайына, ата-аналарына, туған аға-інілері мен апа-қарындастарына, сіңлілеріне, немерелеріне – 4 АЕК (17 300 теңге), бұрын – 2 АЕК;
басқа да адамдарға – 10 АЕК (43 250 теңге), бұрын – 5 АЕК.
Бұдан бөлек, Әділет министрі бұқара мен бизнеске көрсететін нотариустардың келесі қызметтерін қымбаттатты:
Жалдау-аренда, қарыз-заем, кепiлақы-задаток, лизинг, мердiгерлiк шарттарын, неке келiсiмшарттарын (брачный контракт), ортақ меншiктегi мүлiкті бөлу, мұрагерлiк мүлiктi бөлу шарттарын, алименттердi төлеу жөнiндегi келiсiмдердi, құрылтай шарттарын куәландырғаны үшiн – 10 АЕК (бұрын – 5 АЕК);
ипотекалық тұрғын үй заемдары шарттарын куәландырғаны үшiн – 4 АЕК (бұрын – 2 АЕК);
мүлікті пайдалану және иелік ету құқығына сенімхаттарды куәландырған кезде – 2,5 АЕК, өзге де сенімхаттарды куәландырғаны үшін: жеке тұлғаларға – 1,1 АЕК, заңды тұлғаларға – 2,5 АЕК (0,5–1 АЕК);
өсиеттерді куәландырған кезде – 3 АЕК (1 АЕК);
мұрагерлікке құқық туралы куәлікті бергені үшін – әрбір берілген куәлікке 4 АЕК-тен (1 АЕК),
ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі үлеске және бірлескен ортақ меншік құқығында мүлкі бар өзге адамдардың меншік құқығы туралы куәлікті бергенде – 5 АЕК (бұрындары – 1 АЕК).
Осылайша, Әділет министрлігі нотариустардың тарифін 5 есеге дейін қымбаттатып отыр. Сонымен қатар бұл кәсіп иелеріне бақылау да күшейтіліпті. Бұл туралы Астана қаласы бойынша Әділет департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Бейсен хабарлады.
Оның мәліметінше, бүгінде елордада нотариаттық қызметті 892 нотариус жүзеге асырып отыр. Бір ғана жыл ішінде соның 7%-дайы лицензиясынан айрылған.
"2025 жылы біздің департамент лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы 57 ұсыныс енгізді. Оның ішінде 40 нотариус лицензиясын өз қалауы бойынша тоқтатса, 13-і департаменттің табандауымен, 4-еуі Астана қаласы нотариаттық палатасының ұсынысы негізінде тоқтатылды", – дейді ол.
Бақытжан Бейсеннің дерегінше, нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығы мен іс жүргізу талаптарының сақталуына қатысты 85 тексеру жүргізілген. Оның 67-сі жоспардан тыс, 18-і профилактикалық бақылау аясында ұйымдастырылған.
"Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 23 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 14 ескерту, 3 сөгіс, 1 қатаң сөгіс жарияланды. Тағы 5 нотариустың лицензиясының қолданысы уақытша тоқтатылды. Қалған материалдардың бір бөлігі әлі қаралу үстінде", – деп нақтылады Бейсен.
Профилактикалық бақылау қорытындысында 14 нұсқама шығарылып, тағы бір нотариустың лицензиясы тоқтатылып, біреуі лицензиясынан айырылған. Сонымен қатар, 18 нотариус әкімшілік жазаланды.
Елордалық Әділет департаменті басшысы орынбасарының хабарлауынша, нотариустарды сотқа сүйреуге негіз болған себептер арасында – нотариус көмекшісінің заңсыз нотариаттық әрекет жасауы, нотариустің өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасын үшінші тұлғаларға беруі, соттың жеке ұйғарымдары мен атқарушылық жазба шығару кезіндегі заң бұзушылықтар және басқасы бар.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через