фото: pexels.com
Биыл қысқы ойындарға әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы қатысады.
6 ақпанда Италияда Милан-Кортина 2026 қысқы Олимпиада ойындары басталады. Төрт жылдықтың дүбірлі додасы Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл қысқы ойындарға әлемнің 93 елінен 3500-ден астам спортшы қатысады. Ал Қазақстаннан қанша адам баратыны әзірге белгісіз. Қаңтар біткенше спортшылар халықаралық жарыстарға қатысып, Олимпиада лицензиясын алуға тырысады.
Осы орайда Информбюро порталы 25-рет өткелі жатқан қысқы Олимпиада ойындары қалай өтетіні және Қазақстан құрамасының дайындығы туралы материал әзірледі.
Италияда өтетін төртінші Олимпиада
Италия тарихта төртінші рет Олимпиада ойындарын өткізгелі отыр. Миланда бірінші рет болмақ. Ал Кортина-д’Ампеццо араға жетпіс жыл салып бұл жарысты екінші рет қабылдайды.
Милан-Кортина 2026 ресми белгілері (маскот) – Тина және Мило атты екі ақкіс. Олардың эскизін мектеп оқушылары салған.
Олимпиадада 16 спорт түрінен 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Спорт түрлері: биатлон, бобслей, тау шаңғысы, керлинг, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, фристайл, трамплиннен секіру, шана спорты, скелетон, ски-альпинизм, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей және шорт-трек. Бұл Олимпиада ойындарының ерекшелігі спорт бағдарламасына алғаш рет ски-альпинизм енгізіледі.
Сайыстар Италияның әртүрлі қалалары мен өңірлерінде өтеді. Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Миланда "Сан-Сиро" стадионында өтеді. Ал әйгілі Пьяцца-дель-Дуомо алаңында марапаттау рәсімдері мен тікелей көрсетілімдер өтеді. Арена ди Верона тарихи амфитеатрында Олимпиада ойындарын ресми түрде жабылады. Олимпиада қалашықтары Милан, Ливиньо және Кортина-д’Ампеццода орналасады.
Олимпиада медалі екі жарты бөліктен тұрады. Олар спортшының мансап жолын және осы жолда оның жанында болған барлық адамды бейнелейді. Медаль қайта өңделген металдан жасалған.
"Дизайн эмоция мен командалық рухты айшықтап, Милан мен Кортина қалаларының бірлігін ғана емес, жеңіс пен оған жету жолындағы күш-жігердің мәнін де бейнелейді. Медальдар екі бөліктен құралған, оларды Олимпиада және Паралимпиада құндылықтары біріктіреді. Бұл – спорттағы ұзақ жолдың нәтижесі және сол жолда спортшының жанынан табылған жандардың еңбегіне деген құрмет", – делінген Милан-Кортина ойындарының ұйымдастыру комитетінің хабарламасында.
Олимпиада билеттері
Билеттер тек цифрлық форматта сатылады. Олимпиада ойындарының ресми билет платформасы мен Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми серіктесі On Location сайтынан алу керек. Басқа сайттардан алсаңыз билет жарамсыз болуы мүмкін.
Сатып алу үшін міндетті түрде тіркелу қажет. Ең арзан билет 30 еуродан басталып, 1400 еуроға дейін жетеді. Ашылу ашылу салтанатының билеттері 260 еуродан басталып, 2026 еуроға дейін, ал Верона аренасындағы жабылу рәсімі 950 еуродан басталып, 2900 еуроға дейін жетеді.
Барлық билет тек цифрлық форматта беріледі. Жарыстарға кіру үшін Milano Cortina 2026 мобильді қосымшасын қолдану қажет. Билет QR-кодын жарыстың басталуына 24 сағат қалғанда көруге болады. Қағаз билет мүлдем жоқ. Жоспарыңыз өзгерсе билетті қайтара аласыз. Бірақ 5% комиссия төлеуіңіз қажет.
Қазақстан құрамасының сапында кімдер бар
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, ұлттық құрама спортшылары 10 спорт түрі бойынша 58 медаль жиынтығы үшін бақ сынайды. Атап айтқанда, биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика.
Биатлон, шаңғы жарысы, фристайл-могул және фристайл-акробатика секілді спорт түрлерінен лицензиялық іріктеу әлі аяқталған жоқ. Әлем кубогі кезеңдері біткен соң халықаралық рейтинг жарияланып, үздік спортшылар Олимпиада жолдамасын алады. Ұлттық құрама тізімі мен лицензия саны қаңтар айының соңында анықталады.
Әзірге бар лицензиялар:
мәнерлеп сырғанаудан – 2;
шорт-тректен – 9;
конькимен жүгіруден – 12.
Мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина жекелей сында ел намысын қорғайды.
Шорт-тректен сайысқа төрт спортшы қатысады:
Денис Никиша (500 және 1000 метр, аралас эстафета);
Абзал Әжғалиев (500 метр, аралас эстафета);
Ольга Тихонова (500, 1000, 1500 метр, аралас эстафета);
Яна Хан (500 және 1500 метр, аралас эстафета).
Биылғы қысқы ойындарға Қазақстан атынан 35 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл – 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасымен шамалас көрсеткіш.
Ал ашылу салтанатында Қазақстан туын кім ұстап шығатыны әзірге белгісіз. Туды шорт-трекшілер Яна Хан мен Денис Никиша ұстап шығады деген ақпарат тараған болатын. Алайда туризм және спорт министрлігі мұны жоққа шығарып, ресми ақпарат енді жарияланатынын мәлімдеді.
Қысқы Олимпиада ойындарына спортшыларды дайындауға 13,3 млрд теңге бөлінді. Олимпиадаға спортшылар жарыс басталардан бір апта бұрын барып, жергілікті климатқа бейімделеді.
Мемлекет тарапынан Олимпиада жүлдегерлеріне қомақты сыйақы қарастырылған:
алтын жүлдеге – 250 мың доллар;
күміс жүлдеге – 150 мың доллар;
қола жүлдеге – 75 мың доллар төленеді.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через