Қазақстанда жыныстық жолмен жұғатын қандай инфекциялар кең таралған?

Қазақстанда жыныстық жолмен жұғатын қандай инфекциялар кең таралған?
фото: pixabay.com

Қазақ ғылыми дерматология және инфекциялық аурулар орталығының эпидемиологиялық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Гүлжахан Ахметова Kazinform агенттігіне Қазақстандағы жыныстық жолмен жұғатын инфекциялар (ЖЖЖИ) бойынша эпидемиологиялық жағдай, оларды емдеуге қолжетімді медициналық көмек және алдын алу шаралары туралы айтып берді.


— Бүгінгі күні Қазақстанда жыныстық жолмен жұғатын қандай инфекциялар кең таралған?

Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 10 айға арналған статистикалық есеп деректері бойынша, ең көп таралған жыныстық жолмен берілетін инфекция — трихомонад инфекциясы. Аталмыш кезеңде ол негізгі ЖЖЖИ (сифилис, гонорея, хламидиоз, трихомониаз) ішінде 39,1%-ды құрады. Екінші орында — сифилис (25,8%), ал хламидиялық инфекцияның үлесі 21,8% болды. Гонококк инфекциясы сирек кездеседі, негізгі ЖЖЖИ құрылымындағы үлесі тек 13,3% құрайды.

— Қай ЖЖЖИ бойынша жағдай тұрақты, ал қайсысында өсім тенденциясы бар немесе ерекше назар аударуды қажет етеді?

Қазақстандағы негізгі жыныстық жолмен берілетін инфекциялар бойынша соңғы бес жылдық (2020–2024 жылдар) динамика көрсеткендей, сифилис пен гонококк инфекциясы бойынша ауру жағдайлары тұрақты төмендеуші тенденцияны сақтап отыр. Сифилис жағдайында 2020 жылы 100 мың адамға шаққанда 13,6 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 8,5-ке төмендеді. Гонококк инфекциясында да 2020 жылғы 7,9 көрсеткішінен 2024 жылы 6,0-ға дейін тұрақты төмендеу байқалады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

   Ал трихомонад инфекциясы бес жыл ішінде кезең-кезеңмен көтерілу мен төмендеуден өтті. Аурудың ең жоғары көрсеткіші 2021 жылы 100 мың адамға шаққанда 22,8 болды, ал 2020 жылғы 20,3-тен 2024 жылы 13,8-ге дейін төмендеді.

2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, 2024 жылмен салыстырғанда барлық негізгі ЖЖЖИ бойынша ауру жағдайлары төмендеген. Атап айтқанда, сифилис — 7,1-ден 6,7-ге, гонорея — 5,3-тен 3,9-ға, хламидиоз — 12,0-ден 10,0-ге, рихомониаз — 11,3-тен 8,7-ге.

Сонымен қатар урогенитальді хламидиоз бойынша ауру деңгейінің өсу тенденциясы байқалады. Егер 2020 жылы бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 10,7 болса, 2024 жылы 14-ке жетті.

— Жүргізіліп жатқан профилактикалық түсіндіру жұмыстары жыныстық жолмен берілетін инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдайды қаншалықты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді?

Профилактикалық және түсіндіру жұмыстары ЖЖЖИ эпидемиологиялық жағдайын бақылауда шешуші мәнге ие. Бұл жұмыс халықтың ақпараттану деңгейіне, жауапкершілікпен әрекет етуіне және медициналық көмекке уақытында жүгінуіне тікелей әсер етеді. Алдын алу шараларының арқасында қорғану құралдарын қолдану артады, тестілеуге қамту деңгейі өседі және ЖЖЖИ-ды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, емді уақытылы бастауға және инфекцияның таралу тізбегін үзуге мүмкіндік туады. Мұндай жұмыс әсіресе жастар мен жұқпалы инфекцияға қаупі жоғары негізгі топтар үшін маңызды.

Дегенмен, профилактика жалғыз әдіс ретінде қарастырылмайды. Оның тиімділігі кешенді тәсілге тәуелді диагностика мен емдеудің қолжетімділігі, стигманы азайту, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қызметтер жүйесі арасындағы өзара іс-қимыл. Қазақ ғылыми дерматология және инфекциялық аурулар орталығы халықты ЖЖЖИ мәселелері бойынша ақпараттандыру мақсатында профилактикаға арналған медиажоспар әзірледі, жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивтік және сексуалдық денсаулық мәселелері бойынша Жастар денсаулық орталықтарымен бірлескен іс-шаралар жыл сайын бекітіліп, жүзеге асырылып келеді. 2025 жылдың тоғыз айы ішінде республика бойынша ЖЖЖИ алдын алу мәселелері бойынша 9282 іс-шара өткізілді, 346 669 адам қамтылды.

— Еңбек мигранттары арасында ЖЖЖИ-ды бақылау қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Бұл жағдайда үкіметтік емес ұйымның рөлі қандай?

Еңбек мигранттары арасында ЖЖЖИ-ды бақылау қиын, бірақ басқаруға болатын міндет  саналады. Мигранттар жоғары мобильділігі, медициналық көмекке шектеулі қолжетімділігі, тілдік кедергілер және ақпараттың жеткіліксіздігі салдарынан осал топқа жатады. Осы жұмыста үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше. ҮЕҰ ақпараттандыру, кеңес беру, тестілеуге және емдеуге бағыттау, сондай-ақ қорқыныш, сенімсіздік және әлеуметтік кемсітуге қарсы күресуге көмектеседі. Олардың қатысуымен ЖЖЖИ алдын алу және ерте анықтау бойынша қамту деңгейін кеңейтуге мүмкіндік туады, әсіресе қолжетімі шектеулі топтар арасында.

— Қазақстан азаматтары мен шетелдік еңбек мигранттары үшін ЖЖЖИ емі қаншалықты қолжетімді?

Қазақстан азаматтары үшін ЖЖЖИ диагностикасы мен емі мемлекеттік кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде қолжетімді. Қызмет түрі мен пациенттің мәртебесіне байланысты поликлиникаға, тері және венерологиялық диспансерге немесе мамандандырылған орталыққа жүгінуге болады.

Фото: Kazinform

   Еңбек мигранттары үшін медициналық көмекке қолжетімділік ресми мәртебеге, медициналық сақтандыруға және елде болу шарттарына байланысты. Сақтандыруы бар мигранттар үшін диагностика мен емдеу МӘМС арқылы қолжетімді, ал сақтандыруы жоқ мигранттар диагностика мен емдеуді ақылы түрде ала алады. Бастапқы консультация, тексеру және алдын алу көмек ҮЕҰ және осал топтармен жұмыс істейтін медициналық ұйымдар арқылы да қолжетімді.

— Симптомдар немесе күдік пайда болса, қайда жүгіну керек?

ЖЖЖИ симптомдары байқалса немесе күдік туындаса, өздігінен емделуге болмайды. Мүмкіндігінше тезірек дәрігер дерматовенерологқа немесе терапевтке поликлиника немесе тері және венерологиялық диспансер арқылы жүгіну қажет. Ерте көмек инфекцияны тиімді емдеуге және асқынулар мен оның таралуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бағалауынша, инфекциялық емес аурулардан мезгілсіз өлім-жітім деңгейін 25%-ға төмендету жөніндегі мақсатты көрсеткішке 2025 жылға дейін қол жеткізген Еуропалық өңірдегі он елдің қатарына енді.

Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.