Қытайда білімсіз блогерлерге ақыл айтуға тыйым салынды

Қытайда білімсіз блогерлерге ақыл айтуға тыйым салынды
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/twinsterphoto

       Енді Қытайда біліксіз коуч, психолог, ұстаздар болмайды. 

       Smartnews7kz басылымының хабарлауынша, Қытайда екі ай бұрын  блогерлерге жаңа талап енгізілді. Енді олар белгілі бір салада кеңес бергісі келсе, сол бағыттағы ресми біліктілігін дәлелдеуі керек. Яғни медицина, құқық, қаржы және білім жөнінде контент жариялайтындарға диплом, кәсіби лицензия немесе сертификат міндеттелді. 

       Мұндай шараны Қытайдың Киберкеңістікті реттеу басқармасы (CAC) қолға алды. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл бастама интернеттегі жалған ақпаратпен күресіп, қолданушыларды қауіпті немесе жалған кеңестерден қорғауға бағытталған. 

       Енді Douyin, Bilibili және Weibo секілді платформалар блогерлердің құжаттарын өздері тексеріп, талаптың сақталуын қадағалайды. Сонымен қатар, контент авторлары өз кеңестерін нақты ғылыми зерттеулер мен деректерге сүйеніп жариялауы тиіс. 

       Алайда бұл шешім қоғамда екіұшты реакция тудырды. 

       Кей сарапшылар жаңа ереже шығармашылық еркіндікке қысым жасап, тәуелсіз пікірлер мен сыни талқылауларды шектеуі мүмкін деп қауіптенеді. Ал қолдаушылар керісінше, бұл қадам жауапсыз блогингке нүкте қойып, маңызды тақырыптарда тек кәсіби ақпараттың таралуына жол ашады дейді. Morocco World News жазғандай, Қытай билігі бұл бастаманы ақпарат кеңістігін «тазарту» және сенімді дерекке сүйенетін контент мәдениетін қалыптастыру бағыты ретінде қарастырып отыр. 

       https://smartnews.kz/