KAZNEURO нейрохирургиялық талқылау курсы

KAZNEURO   нейрохирургиялық талқылау курсы
фото: Ұлттық госпиталь

       -Мені  ми артериовеноздық мальформациялары, ми аневризмалары, ми және мойын тамырларының стеноздарының эндоваскулярлық емі, бас миының базальдық ісіктері оның ішінде гипофиз аденомасының эндоскопиялық емі, омыртқа ісіктерінің микрохирургиялық емі өте қызықтырады- дейді Ұлттық госпитальдің нейрохирург дәрігері Абзал Жұмабеков.

        Абзал Қайратұлы  - KAZNEURO   нейрохирургиялық талқылау курсына қатысқан білікті мамандардың бірі. Ұлттық госпитальдегі нейрохирургия бөлімшесінің негізін қалаушылардың бірі  Мыңжылқы Сайлауұлы Бердіхожаев тұрақты ұйымдастырып келе жатқан  іс шараға  Қазақстан мен шетелден  нейрохирургтер мен нейроинтервенттер қатысты. Биыл онынышы рет өткізіліп отырған  ғылыми бас қосуға еліміздің әр аймағынан және Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Германия т.б мемлекеттерден дәрігерлер жиналды.  Жиынды ашқан аурухана басшысы А.З.Бралов  конференцияның маңыздылығына тоқталып, қатысушы дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Осы саланың мамандарының көмегімен өмірге қайта оралып, нәресте сүйген ана да ортаға шығып,  М.Сайлауұлы бастаған нейрохирургтерге  алғысын айтты. Конференцияға жинаған мамандар  ми қан тамырлары ауруларына,  бас сақинасы және эпилепсия сынды тақырыптарға ерекше тоқталды.

       Нейроталқылауда Мыңжылқы Сайлауұлы әлемде енді ғана қолданылып жатқан жоғары технологиялық инновациялық операцияны конференция залына тікелей эфирде көрсетсе, Марат Аманғалиұлы Саршаев ми эндоскопиясы арқылы жасалатын минималды инвазивті операцияны да тікелей көрсетілімде жасады. Бұл  еліміздегі нейрохирургия саласының  жоғары деңгейде екенінің және халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеп жатқанының дәлелі. Коференцияда  М. Бердіхожаев, М.Саршаев., М.Мирзахметов  және Ш. Маханбетхан бөлімшенің клиникалық тәжірибесіне негізделген баяндамаларын ортаға салды.

       -Мен  биылғы конференциядан ең алдымен жаңа әдістемелерді, күрделі оталардың инновациялық тәсілдерін және әлемдік жетекші орталықтардың тәжірибесін көрдім. Өзім де жаңадан енгізіліп жатқан операция әдісі бойынша баяндама жасап,  екі секцияда модератор болдым. Бұл екі күн біз үшін тәжірибемізді тереңдетіп, білімімізді жетілдірген өте тиімді бас қосу болды. Қазіргі ең маңызды мәселелердің бірі – миға баратын қан тамырларының тарылуына байланысты жасалатын операциялардың квотасы. Соңғы уақытта нарықта қолданылатын стенттердің бағасы айтарлықтай өсуіне байланысты науқастардың  эндоваскулярлық ем алуы  қолжетімді болмай отыр. Осы бағытта жүйелі шешімдер қабылдау,  бүкіл саланың ортақ мақсаты боуы тиіс –дейді нейрохирург А.Жұмабеков.  Сондай-ақ дәрігер  соңғы жылдары инсульт санының  өсіп жатқанын да тілге тиек етті. 2000 жылдармен салыстырғанда нейрохирургиялық науқастардың жалпы саны да артқан. Негізгі себептері- медициналық  технологиялардың дамуы.  Бұрын операция жасау мүмкін емес деп саналатын күрделі науқастарға  бүгінде тиімді ем жүргізу, ерте диагностика мен скринингтің жақсаруы. Сол себепті нейрохирургиялық көмекті қажет ететін науқастардың саны үздіксіз өсіп отыр-дейді А.Жұмабеков.

 Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы