фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/Photodaria
Денсаулық сақтау министрлігі шала туған нәрестелердің офтальмологиялық скринингін енгізу және жүйелі қаржыландыру арқылы балалардағы соқырлықтың алдын алу шаралары жөніндегі депутаттық сауалға жауап берді.
Ведомство мәлімдеуінше, 2023 жылғы 31 наурыздағы №52 бұйрықпен бекітілген неонаталдық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сай жаңа туған нәрестелер туа біткен даму ақауларына, тұқым қуалайтын алмасу ауруларына, көру және есту функцияларының бұзылуына скринингтік тексеруден өтеді.
Министрлік шала туған нәрестелердің ретинопатиясын (НР) ерте анықтау мен уақтылы емдеуді негізгі міндеттердің бірі деп атап өтті.
– Скринингтің мақсаты – балалардағы қайтымсыз соқырлықтың алдын алу. Бағдарлама НР ерте диагностикасын, мамандандырылған офтальмологиялық көмекті уақтылы көрсетуді, ата-аналарға кеңес беруді және скрининг тиімділігін мониторингілеуді қамтиды, - делінген құжатта.
Министрлік дерегінше, биыл үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша неонаталдық скринингпен қамту 98,2% болды (248 502 нәресте). Ал НР бойынша қауіп тобына кіретін шала туылған балаларды офтальмологиялық скринингпен қамту 96,88%-ды (6 225 бала) құрады. Оның ішінде 1 086 нәрестеден ретинопатия анықталып, 399-ы шұғыл ем алды.
– Үшінші деңгейдегі перинаталдық орталықтар ретинопатия скринингіне қажетті офтальмологиялық құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар витреоретинальды операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында және Астана қаласындағы №2 көпбейінді қалалық ауруханада жүргізіледі, - деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Шала туған нәрестелерді (оның ішінде санавиация арқылы) белсенді ретинопатия кезінде мамандандырылған көмек көрсететін үшінші деңгейдегі клиникаларға тасымалдау тетігі де жолға қойылған.
Сонымен қатар министрлік медициналық ұйымдардың шығыстарын өтеу клиникалық-шығынды топтар бойынша жүргізілетінін атап өтті.
– 2024 жылғы 1 маусымнан бастап неонатология қызметтерінің тарифтері орта есеппен 36,5%-ға өсіріліп, стандарттарға сәйкес барлық шығындарды өтеуге мүмкіндік берді, - делінген жауапта.
https://kaz.inform.kz/
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через