фото: Getty Images/ВВС
Бүгінгі қоғамда ушығып тұрған жайттардың бірі жас өспірімдер тәрбиесі. Оған бейжай қарай алмайтын жанашыр орындар барынша дабыл қағып та жатыр. Дегенмен тәрбие тал бесіктен басталады деген сөз рас. Отбасындағы ата-анадан алған тәлім-тәрбиесі баланың пәк көңіліне, періштедей ақ пейіліне қорғасындай құйылатыны анық. Жақсы мен жаманның ақ-қарасын айырып үлгермей жатып аңғалдықпен қателікке ұрынып, алшаңдап жүріп адасып кететін бозбалалар қаншама. Бәрі де ата-ананың бала тәрбиесіне деген салғырттығымен немқұрайлығы салдарынан екені белгілі. Енді бір отбасының балаға көрсетер өнегесі болмайды. Баланың көзінше көпе-көрнеу арақ ішіп, дөрекі сөйлеп, өз кереғар әрекеттерімен жасөспірімнің бейпіл санасын улайды. Сөзі мен ісі сәйкес келе бермейтін ата-ананың да бала алдында беделі қалмайды. Баланың бойында «бізге ақыл айтады, өзі неге соны істемейді» деген кері ой қалыптасады. Оның үстіне күндіз-түні көгілдір экраннан көрсетер атыс-шабыс, басбұзарлық, компьютерлік ойындар-бала санасын баздандыратын дүниелер. Үнемі қадағалауды білмейтін ата-ана, бала тәрбиесін баласының қарны тоқ, көйлегі көк болғанмен дәлелдейді. Мамандардың айтуынша, мектеп бітіруші оқушылардың 90 пайызы ішімдікті дәмін татып үлгергендер екен. Ал олардың арасында арам суға ағзасын 6-7 кластарда улағандар да бар. Бала ағзасы өте нәзік келетіндіктерін, шөкімдей ғана арам суға уланған ағза оны түрлі қателіктерге итермелейді.
Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, есірткі мен алкогольдік ішімдікке әуестенуден сақтандыру, алдын алу мақсатында кешенді жедел-әдістемелік шараларды дамыл таппастан жүргізіп отыруды меңзейді. Осы орайда криминалдық полиция мен прокуратура, білім беру бөлімінің қызметкерлері бірге жұмылып рейд жұмыстарын жүргізіп тұрады. Түнгі клубтар мен кафе-барлар, компьютер клубтарына тексеру жқмыстары жүргізіледі. Осындай кешенді шараларға қарамастан, жасөспірімдер арасында да қылмыстық оқиғалар сиреген жоқ. Жасөспірімдердің қолымен жасалған ауыр қылмыстар азайған емес. Олардың бұл жүгенсіздіктеріне ең бірінші ата-аналардың жіті қадағалаудың жоқтығы себеп болып отыр. Мектепте жүргізілетін тәрбие жұмыстары да жеткіліксіз, сондай-ақ психолог мамандар тарапынан оларға көмектің аздығы, құқық қорғау органдарының арасында қылмысқа жол бермеу бағытындағы іс-шаралар жұмысының нәтижесіздігі аңғарылады. Отбасындағы тәлім-тәрбиенің әлсіздігінен қоғамда жасөспірімдер тәрбиесі әлсіереді, оның үстіне кез келген баланы қолындағы ұялы телефон, әлеуметтік желі тәрбиелеуде. Салдарынан жасөсіріпімдер арасында буллинг, зорлық-зомбылық жиі орын алуда. Біздің мемлекетте девиантты мінез-құлықты балаларды оқытуға арналған мекемелер бар. Бірақ әр бала өз отбасында тәрбиеленуі тиіс. Ата-аналар ұрпағы алдындағы жауапкершіліктен қашпауы керек.
Әрбір ата-ана баланы жарық дүниеге әкелген соң, тәрбиесіне немқұрайлы қарамай, ата-аналық парызын дұрыс, жауапты атқарса, мұндай олқылықтар болмас еді.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через