фото: ertenmedia.kz
«Келешек мектеп» — оқуды оқытудан тұлға қалыптастыруға дейін тасымалдайтын кешенді жүйе. Ол білім беру үрдісін цифрландыру, жеке бағдарлау, ұлттық құндылықтарды интеграциялау және инклюзия арқылы жаңартады.
Дәстүрлі мектеп пен «Келешек мектептің» айырмашылығы
Қоғамның даму қарқыны білім беру жүйесінен үздіксіз жаңашылдықты талап етеді. Қазақстанда қолға алынған «Келешек мектеп» ұлттық жобасы – осы талаптарға берілген нақты жауап. Жаңа модель дәстүрлі мектептің бірқатар шектеулерін еңсеріп, білімді оқушыға ыңғайлы, шығармашылыққа жетелейтін бағытқа бұруды көздейді. Дәстүрлі мектеп пен «Келешек мектептің» басты айырмашылықтары :
Оқыту парадигмасы
Дәстүрлі мектептің негізі пәндік бағдарламаларға сүйеніп, барлық оқушыларға бірдей оқу траекториясын ұсынады. Бұл тәсілдің артықшылығы – білім беру стандарттарының бірыңғай сақталуы. Дегенмен ол әр баланың дара қабілетін ескеруге шектеу қойылады.
Ал «Келешек мектеп» оқушыға бағдарланған жүйені алға тартады. Мұнда әр оқушы жеке оқу жолымен жүріп, өзінің қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес білім алады. Бұл — жобалап-іздену арқылы өмірге бейімделген тұлға тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Оқу әдістері
Дәстүрлі мектепте сабақ көбіне лекция, жаттығу-жұмыс және стандартталған бақылау түрінде өтеді. Білім меңгерудің басты өлшемі – есте сақтау мен қайталау болады.
Ал, жаңа модельде оқушы тек тыңдаушы емес, ізденуші. «Келешек мектепте» жобалық әдіс, зертханалық тәжірибе, практикалық тапсырмалар басты орынға шығады. Әрі бағалау процесін жасанды интеллект қолдап, оқушының даму қарқынына сәйкес бейімдейді.
Тәрбие және құндылықтар
Дәстүрлі мектептегі тәрбие жұмысы пәндік сабақтардан бөлек жүргізіліп, көбіне ортақ іс-шаралармен шектеледі. Пәнаралық байланыстар сирек болады.
Ал «Келешек мектеп» тәрбиені оқытудың өзегіне айналдырады. Мұнда ұлттық мәдениет пен жаһандық білімнің үйлесімі көрініс тауып, оқушы бір мезгілде өз тамырын да, әлемдік өркениетті де танып өседі.
Инфрақұрылым
Класс пен кабинет жүйесіне негізделген дәстүрлі мектепте цифрлық ресурстар шектеулі қолданылады. Бұл оқушының ізденісін шектеп, шығармашылық орта қалыптастыруға мүмкіндік бермеді.
Керісінше, «Келешек мектеп» — шеберхана, зертхана, цифрлық платформа және инклюзивті ортаға сүйенеді. Мұнда бала тек білім алушы емес, жас зерттеуші, өнертапқыш, әлеуметтік жоба авторы.
Мұғалімнің рөлі
Дәстүрлі мектепте мұғалімді ең алдымен ақпарат жеткізуші ретінде қарастырады. Оқушы мұғалімнің айтқанын қабылдап, дайын білімді меңгеруге тиіс болады.
Жаңа үлгіде мұғалімнің рөлі түбегейлі өзгереді: ол — ментор, фасилитатор, жобалық жетекші. Мұғалім білімді беруші емес, баланың өз бетімен үйренуіне бағыт беретін серіктеске айналады.
Бағалау жүйесі
Дәстүрлі білімде басты өлшем – стандартталған тест. Бұл тәсіл оқушының шығармашылық қабілетін, сыни ойлауын, эмоциялық-интеллектуалдық дамуын толық ескере алмады.
«Келешек мектепте» бағалау жүйесі көпқырлы: портфолио, құзыреттерге негізделген талдау, адаптивті тестілеу. Бұл тәсіл оқушының даму траекториясын нақтырақ көрсетіп, оның күшті және әлсіз тұстарын уақытылы айқындайды.
Қоғамдық ашықтық
Дәстүрлі мектеп қоғам мен ата-анаға көбіне шектеулі ақпарат берді: үлгерім, тоқсандық баға, жалпы есеп.
Жаңа мектеп ашықтық принципін басшылыққа алады. Оқу нәтижелері, мектептің даму көрсеткіштері, цифрлық мониторинг ата-аналарға қолжетімді. Бұл қоғамның сенімін күшейтіп, мектептің беделін арттырады.
Қорытынды
Дәстүрлі мектеп Қазақстан қоғамын сауатты, білімді ұрпақпен қамтамасыз етіп, тарихи миссиясын абыроймен атқарды. Алайда жаңа дәуірдің талаптары басқа. «Келешек мектеп» – осы талаптарға жауап беретін білім моделі. Оның басты ерекшелігі – білімді тұлғаның жүрегіне жақындату, әр баланың әлеуетін ашу. Демек, бұл жоба – ел болашағының сапалы кепілі.
Standard.kz
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через