фото: www.gov.kz
ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев домбыраны және басқа да музыка аспаптарды ұшақ бортында алып жүруге қатысты түсінік берді, деп жазды kaz.inform.kz.
Жақында жолаушылар мен жүктерді және багажды тасымалдау ережесіне тиісті өзгеріс енгізілі ықтимал.
- Дәл осы мәселе бойынша тиісті ұсыныстар пысықталып жатыр. Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне музыка аспаптарын, оның ішінде домбыраны тасымалдау бойынша заңнамалық реттеу тетігін енгізу тапсырылды. Менің ойымша, жақын арада жолаушылар мен жүктерді және багажды тасымалдау ережесіне тиісті өзгеріс енгіземіз. Бұл тұрғыда аспаптарды қандай тәртіппен ұшақ бортында алып жүрудің нақты қағидаты болады, - деді Т. Ластаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бұл шешім бір айдың ішінде қабылданады.
- Қоғамнан бұл бағытта ұсыныстар болды. Сондықтан бәріне ортақ ереже бекітіледі. Бұл тәртіп әуе компанияларының барлығына қатысты болады, - деді вице-министр.
Осы орайда ол оңтайлы шешім қабылданған жағдайда мамыр айынан бастап жолаушылар домбыраны ұшақ бортында тасымалдай алатынын растады.
Еске салсақ, 2023 жылы айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай Fly Arystan ұшағына домбырасын алып кіруге рұқсат берілмегенін әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді. Кейін Мәжіліс депутаты ұшақтарға ұлттық аспаптарды кіргізбеуге қатысты әуе компанияларының әрекетін сынға алды.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через