Қазақтың ұлттық тағамдары: құйрық майдың қасиеті

Қазақтың ұлттық тағамдары: құйрық майдың қасиеті
фото: e-history.kz

 Бүгінгі таңда елімізде өзге ұлттың тағамдарын ұсынатын мейрамхана, дәмхана, асханалар көп.  Бас сұға қалсаңыз назарыңызға ұлттық тағамдардың түр-түрін ұсынады. Осыларды көргенде кейде қазақтың тағамдары аз ба, әлде сұранысқа ие емес пе, әлде өзге жұрт қазақ тағамын жемей ме деген ой келеді екен. 

Басқа қалаларды айтпағанның өзінде Алматы мен Астанада жергілікті тұрғындар мен қонақтарға есігін айқара ашқан  ұлттық тағам дайындайтын орындар саусақпен санарлық. Оларды іздеп табудың өзі үлкен іс. Ал шын мәнінде бізде ертеден келе жатқан ұлттық тағам түрлері өте көп және олар  денсаулыққа өте пайдалы. Жас ұрпақты ұмыт бола бастаған ұлттық тағам түрлерімен таныстыру үшін «Қазақтың ұлттық тағамдары» айдарын ашып отырмыз.

 Жалпы, қазақ халқының ұлттық тағамдары – ұлт мәдениетінің бірегей қазынасы, қазақтың тарихы мен тұрмысының ажырамас бөлігі. Бұл тағамдар ғасырлар бойы көшпенділер өмір салтына бейімделіп, қазақ дәстүрінің негізі болды.

 Қазақ тағамдарының тарихы ерте ғасырлардан, ұлы далада көшпенділер өмір сүрген дәуірден бастау алады. Көшпенділердің күнделікті тағам мәзірі денсаулыққа өте пайдалы және қазаққа ғана тән қонақжайлылығымен, кеңдігімен ерекшеленеді.

Бүгін дәстүрлі ас мәзірінің бірі- құйрық май туралы әңгіме қозғамақпыз.

Құйрық майды қазақтың кең таралған меншікті дәстүрлі емі деседе болады. Адам туғанда құйрық маймен сыланып, отбасылы болғанда құйрық-бауыр асатып, қайтқанда қырық шырағы құйрық майға шыланып бір өмірді өткізеді.

Қойдың құйрық майының негізгі құрамы төмендегідей:

Май қышқылдары – лавр қышқылы (0,20%), миристік қышқыл (3,92% – 3,67%), палмит қышқылы (31,49% – 24,77%), палмитол қышқылы (3,14% – 3,01%), маргарин қышқылы (4,32%), стеарин қышқылы (30,02% – 16,51%), олеин қышқылы (44,43% – 28,37%). (Unsal and Aktas (2003) and Unsal and Yanlic (2005) еңбектерінде).

Көріп отырғаныңыздай, ең көп үлесті, әдетте, олеин қышқылы, стеарин қышқылы, палмит қышқылы ұстайды. Шоколадтың да негізгі құрамы – осы үш май қышқылы. Ал ол пайдалы тағам ретінде қарастырылған, деп жазды arsaq.kz. 

Олеин қышқылы – жүрек-қантамыр ауруларының алдын алады. Жоғары температураға төзімді, тағамды қосып пісіру кезінде тұрақты, адам денсаулығына зиянды май қышқылдарына ыдырамайды. Қазірге дейін денсаулыққа кері әсері анықталмаған.Ол зәйтун майында көп болады. Зәйтүн майы калориясы өте жоғары, бір қасығы 100-ге жуық калория беретін тағам.

Стеарин қышқылы – ең көп таралған май қышқылдарының бірі. Ол көптеген жануарлар мен өсімдік майларында глицерол эфирі. Стеарин қышқылы өсімдік майына қарағанда жануарлардың майларында (30% дейін) көп (әдетте «5%). Басқа қаныққан май қышқылдарынан айырмашылығы – стеарин қышқылы ерлер мен әйелдердегі липопротеин холестериннің концентрациясына әсер етпейді. Көптеген зерттеулер оның ерлердегі тромбогендік және атерогендік қауіптің алдын алатынын көрсеткен. Стеарин қышқылы адам ағзасына биологиялық тұрғыдан улы емес.

Палмит қышқылы – бұл ағзаға зиянды және холестеринді жоғарылататын жалғыз қаныққан май қышқылы. Дегенмен қойдың құйрық майында басқа зиянсыз қаныққан май қышқылдардың жалпы мөлшерінен аз екендігін ескерсек, ол адам денесіндегі холестеринді жоғарлата алмайды. Көбінесе сабын, май шам, косметика т.б. өндірісте қолданылады.

Құйрық маймен неге денені сылайды?

Стеарин қышқылы теріні жұмсартып, ауа өткізгіштігін тездетсе, палмит қышқылы теріні қайта қалпына келтіріп, тез түлеуіне әсер етеді. Ал денеге сіңген олеин қышқылы жоғары қуат береді. Бала сылаумен осылай өседі.

Қойдың құйрық майындағы басқа пайдалы қасиеттері олардың жеген шөбі мен ішкен суына және нәсіліне байланысты. Пайдалысы жағынан отты жерде жайылған қазақтың қылшық жүнді қойы, Еділбай, Шу қой тұқымдары алда тұрады.

Фото: Twitter/kaz.nur.kz

 Белгілі жазушы, тарих зерттеушісі Жәди Шәкенұлы құйрық майдың емдік қасиеттері мен оның қандай ауруларды емдейтінін айтты, деп жазды sputnik.kz.

 Жазушы sputnik.kz тілшісіне қазақтың көшпелі өмірін көргенін әрі халық емшілері құйрық майды қалай пайдаланғанын айтып берді.

"Балалық және жігіттік шағым Қытайға қарасты Алтай тауының теріскей бетінде өтті. Қой баққан малшыларды, түйенің бұйдасын жетелеген көшті көрдім. Далада киіз үй тігіп, көктеу, күзеу, жайлаудың не екенін біліп өстік. Соның арқасында құйрық майдың қалай пайдаланылатынын білемін. Мысалы, 1983 жылы мен 16 жаста болдым. Осы уақытта әкем мен шешем қазақ емшілеріне баратын. Сонда оларға құйрық май қосып дәрі жасап беретін", - дейді Қазақстан және Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

Сондай-ақ Жәди Шәкенұлы дәрінің қалай жасалатынын, оның қандай ауруларды емдейтінін түсіндірді.

"Дәрінің қалай жасалатынына тоқталайын. Сынаптың жарты бидайға тең келетін тамшысын екі үлкен қасық құйрық майда араластырып, әбден ерітеді. Мұны қазақтар "өлтіру" дейді. Бұл дәрі арқылы теміреткі, ешкі қотыр, күйдіргі, күбірткі және тағы басқа қотырлардың түрін емдеу үшін пайдаланған", - дейді жазушы.

Құйрық майдың арқасында сәби сымбатты болып өседі

Құйрық май – баланың жұмсақ балғын терісін жұмсартып, қан айналымын реттейді. Белгілі жазушы Жәди Шәкенұлы нәресте қол-аяғын керіп созғанда, сәбидің буындары жазылып, денесі сымбатты болып өсетінін айтты.

"Бұл майдың біз білетін және білмейтін емдік қасиеттері көп. Атап айтсақ, құйрық маймен бөбектің денесін сылағанда, бұл олардың дені сау, қуатты болып өсуіне ықпал еткен. Сондай-ақ, тұмау тимейді. Сондықтан бұрындары нәрестенің аузына құйрық май салған", - дейді белгілі жазушы, тарих зерттеушісі  Жәди Шәкенұлы.

Тұмауға қарсы таптырмайтын ем

Сонымен қатар, жазушы балалар мен ересектер салқын тигенде құйрық майды ыстық күйінде қасықтап ішсе, бұл адам азғасына шипасын тигізетінін атап өтті. 

"Құдайға шүкір, 8 балам бар. Олардың тамағы ауырғанда, дәрі ішіп, жөтелі басылмай қойған кезде балаларыма құйрық майды ерітіп бере қоямын. Бұл майды ерітудің екі жолы бар. Біріншіден, құйрық майды еріткеннен кейін оны бірден пайдалануға болады. Екінші жолы да бар. Еріткеннен соң, оның үстіне су құйып, біраз қайнату керек. Сонда"піскен" құйрық май болады. Оған сарымсақ қосып, біраз суыған соң, 4-5 шай қасығын балаға беру керек. Келесі күні балаңыздың тамағының ауырғаны басылып, сырылдағаны кетеді", - дейді жазушы.

Сұқбат барысында Жәди Шәкенұлы бұл май туберкулез ауруын емдеу үшін де қолданылатынын айтты.

"Құйрық майдың басты қасиеті – жұқпалы туберкулез ауруын емдеуінде. Ашытылған қымыздың ішіне құйрық майды, сәл ғана күшәла салып, араластырады. Кейін май қымызға сіңеді де, сап-сары, қою болады. Оны туберкулез, тыныс жолы ауруларын емдеу үшін ішеді. Қазақ емшілігі дәстүрінде осындай тәжірибе бар", - деп түйіндеді сөзін жазушы.

Сондай-ақ, қазақ халқы қыстың аязды күнінде бет үсімес үшін құйрық майды жаққан. Қол немесе аяқтың тілінген жеріне құйрық майдың тілімін таңып қойған. Ол жараның тезірек жазылуына септігін тигізіпті.

Құйрық май - құйрық түбінде дөңгеленіп жиналған май. Мұндай май жекелеген қылшық және ұяң жүнді қой тұқымдарында болады(Еділбай қойы, Сараджын қойы, дегерес қойы, қазақтың ұяң жүңді қойы, алай қойы, гиссар қойы). Қой қысқы тебінде жайылғанда жетіспейтін қорегін құйрықтан біртіндеп алып толтырады. 

Құйрық  май Орта Азия мен Қазақстан халықтарының әр түрлі ұлттық тағамдарын дайындағанда пайдаланылады.

 Қосымша ақпарат arsaq.kz, sputnik.kz сайттарынан алынды.