фото: worldofmeat.ru
Сарапшылар сырды ашты: бидай бағасының өсуі сиыр етінің де қымбаттауына ықпал еткен.
Қазақстанның аграрлық секторы үшін өткен 2025 жыл молшылыққа да, сынақтарға да бай болды. Бидайдың рекордтық астығы, азықжемдік ұн өндірісінің серпінді дамуы, қазақстандық астықтың алыс нарықтарға жол тартуы, сиыр еті бағасының шарықтауы және соның артынан енгізілген әкімшілік тыйымдар мен шектеулер – мұның бәрі бір ғана күнтізбелік жылға сыйып, бір-бірімен тығыз шырмалып жатты.
Жемазық – саланың жаңа фавориті
2025 жылы Қазақстан фермерлері қамбаға 20,3 млн тонна бидай құйды. Бұл ауыл шаруашылығы секторының басты жетістігіне айналды және елдің ЖІӨ-нің өсуіне үлес қосты. Алайда бұл абсолютті тарихи рекорд емес: 2011 жылы егін өнімінің көлемі одан да көп болған – 23 млн тоннаға жеткен еді.
Бір қарағанда, рекордтық астыққа мелдегінен шыға молыққан нарық жомарттық танытып, бағалар төмендеуі керек еді. Бірақ олай болмады. Өнім көлемі де, жаңа астық сапасының төмендігі де бағаны құлдырата алмады: күздің соңына қарай, орақ науқаны қызған шақта да бидайдың бағасы 3-сынып үшін тоннасына 90 мың теңге, 4-сынып үшін 80 мың теңге деңгейінде (ҚҚС-пен) сақталды. Салыстырсақ, тура осындай жағдайда бір жыл бұрын бағалар 50%-ға жуық құлаған еді.
Бұл не тылсым жұмбақ? Парадокстың жауабы егістікте емес, диірменде жатыр. Бағаның тұрақты сақталып қана қоймай, жаңа биіктерді бағындыруының басты себебі – Қытайға экспортқа бағытталған азықжемдік ұн өндірісінің қарқынды дамуы болды.
Шың елі қазақстандық бидайды қабылдамайды, азық-түліктік ұнның экспортына жоғары импорттық баж салығымен кедергі жасап отыр. Ал малға жем болатын ұн Қытай нарығына еш кедергісіз енеді. Өткен маркетингтік жылы ҚХР-ға жеткізілген азықжемдік ұн экспорты шамамен 2,6 млн тоннаға жетті.
2025 жылғы 1 қыркүйекте басталған ағымдағы маркетингтік маусымның соңында бұл көрсеткіш, шамасы, кемінде екі есе артады. Арнасы ашылып, тиегі ағытылған өзендей арқырауда. Елімізде малдың жемін дайындайтын жаңа өңдеу кәсіпорындары ай сайын дерлік іске қосылып жатыр, олардан жөнелтілім көлемі күзде айына 300 мың тоннаға дейін жетті, деп жазады "ElDala" аграрлық порталы.
Сонымен қатар, бидай және басқа да түрлі дәнді дақылдардың өзге елдерге экспорты өсті. Әдеттегі 10 млн тоннаның орнына өткен маусым қорытындысында 13,4 млн тонна межесіне жетті. Биылғы маусымда да көрініс өзгерген жоқ – ай сайын орта есеппен 1,2 млн тоннадай астық тұрақты түрде жаһандық қара базарға тасқындауда.
Бағаның өсуіне 2025 жылдың басында Үкімет енгізген тасымал субсидиялары да ықпал етті. Бидайды алыс нарықтарға жеткізу кезіндегі логистикалық шығындар бюджеттен өтеледі. Бұл шара 2026 жылға ұзартылды, ендеше ішкі нарықтағы артық астық сыртқа шығарылып, бағалар фермерлер үшін "әділетті" деңгейде ұсталады.
Қораларды мазасыздық кезіп жүр...
2025 жыл мал өсірушілер үшін, керісінше, сәтсіз болды. Өсімдік шаруашылығына құт-игілік болғанның бәрі мал шаруашылығы үшін сор болып жабысып, дағдарысқа соқтырды. Азықжемдік ұнның және арпаның шетелге жаппай экспорты ел ішіндегі бағалардың күрт өсуіне әкеліп, қарапайым жемазықты удай қымбат "жеңсік асқа" айналдырды. Бұрын тиын-тебен тұратын қарапайым кебек те кенеттен "алтынмен апталған" қауызға айналып, келісі бұрынғы 45 теңгеден енді 110 теңгеге дейін шарықтады. Шөп, құрама жем, шрот – қысқасы, мал рационының барлық құрамдас бөліктері екі есе қымбаттағанда, малшының маңдай соры бес елі бола түсті.
Логика қарапайым: егер жем деликатес бағасымен сатылса, сиыр еті бағасының келісі 6 мың теңгеге дейін көтерілуі алыпсатарлық-спекуляция емес, қатаң арифметика, бизнес-логика болса керек.
Мал өсірушілер тірі мал бағасының өсуінен аман қалып, амалдап жүр. Жас малдың бағасы екі есеге жуық көтеріліп, тірі салмақтың құны келісі үшін 2 100 теңгеге жетті. Бұрын 300-350 мың теңге тұрған 150 келілік бұқашық жазға қарай 600-650 мың теңге болды. Әрине, дүкен сөрелеріндегі сиыр еті де бұл үрдістен шет қалған жоқ – келісі үшін 5-6 мың теңге жаңа өмір шындығына айналды.
Мемлекет түсін күрт суытты
Мал өсіруші үшін әділетті жайт шенеуніктер үшін "спекуляция" болып көрінді. Базар мен дүкен сөрелеріндегі төбе шашты тік тұрғызатын бағаны байқаған Үкімет әдеттегідей "стоп-кранды" тарта салып, ілгері екпіндеген саланы "сылқ еткізді". Дәстүр бойынша билік бағаларды тежеу үшін әкімшілік тетіктерге жүгінді.
Сәуірдің соңында бұқашықтарды экспорттауға толық тыйым салынды (бұған дейін 85 мың басқа квота берілетін). Ал 2025 жылдың қыркүйек айының басында бұл шектеулер сиыр етінің экспортына да таралды. Енді етті тек квота аясында ғана әрі құрамында ет комбинаты және кемінде 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы бар ірі компаниялар ғана экспорттай алатын болды.
Бұл шаралар фермерлердің наразылығын туғызды. Себебі шектеулер енгізілген соң ет комбинаттары қолдарын ысқылап, сатып алу бағасын бірден 20%-ға түсірді: сойыс салмағының келісі 3 700 теңгеден 3 100 теңгеге құлады.
Қазақстанда мал ұстау табыс әкелмейтін кәсіпке айналуда. Соның салдарынан жас малды және азықжемді қымбатқа сатып алған, бірақ бордақыланған малын ішкі нарықта немесе шетелге әділ бағамен сата алмаған бордақылау алаңдары шығынға ұшырап, банкроттық қаупіне маңдай соқты. Мал бордақылауға барын да, күшін де, қаржысын да салған ауыл кәсіпкері енді күйреудің қарсаңында тұр.
Билік жарқын болашақты уәде етуде
Шенеуніктер 2030 жылға дейін есептелген бес жылдық "Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын" 2026 жылдан қалдырмай толық іске қосамыз деп уәде беріп отыр. Кеше, 19 қаңтарда, Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте Үкімет бұл құжатты мақұлдады. Министрлер кабинетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоспарға мал басын көбейтуге, өнімділікті арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктері енгізілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 39%-ын құрайды, яғни тірек сала. Алайда ірі қара мал басы небәрі 2,4%-ға, ұсақ мал басы 1,6%-ға ғана өсті. Ет өндірісі 1,2 млн тоннаға жетті, бұл өткен жылғы деңгейден небары 2,6%-ға жоғары. АШМ-нің өзі 2–3%-дық өсімнің сақталуы саланың әлеуетін толық ашпай отырғанын мәлімдеді.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа және ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ, ет өндірісі 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін, ал оның экспорты 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе артады деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров нысаналы көрсеткіштерге жету үшін бірқатар бағыт бойынша саланы қаржылық қолдау шараларының тұтас кешені ұсынылатынын баяндады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрінің асыл тұқымды малын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруға жылдық қажеттілік 300 млрд теңгені құрайды, бірақ республикалық бюджетте мұнша қаражат қарастырылмаған.
Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін биыл қаржыландыру көлемі 50 млрд теңге болатын, жылдық мөлшерлемесі 6% болатын бірыңғай жеңілдікті несие беру қарастырылады.
50 млрд теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5%-бен несиелендіру ұсынылуы мүмкін.
Сондай-ақ, мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жалпы сомасы 225 млрд теңгені құрайтын, жылдық ставкасы 5% болатын жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу пысықталады.
Сарапшылар бұл кешенді жоспар қабылданғанымен, оны қаржыландыру мәселесі әлі толыққанды шешілмегеніне назар аударып жатыр. Үкімет болса, құжаттың іс-шаралары негізінен бюджетте бұрын қарастырылған қаражат шегінде, сондай-ақ бюджеттік несиелер және қаржы институттарының облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау бағдарламалары есебінен жүзеге асырылады деп сендірді.
Бұған қоса, 2025 жылдың соңында шетелден де, отандық репродукторлардан да асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін субсидия нормативтері ұлғайтылды. Бұл ІҚМ санын арттырып, ішкі нарықта ұсыныстың көбеюі есебінен ет бағасын тұрақтандырады деп күтілуде. Идея қарапайым: сиыр көп болса – ет көп, ұсыныс көп болса – баға "сабырлы".
Салаға жауапты шенеуніктер кешенді жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде 2030 жылға қарай ет көл-көсір мол болады деп уәде етіп отыр. Бірақ оған дейін түске де, тіске де кірмей қала бастаған ет ары қарай қымбаттаса, сол уақытқа дейін қазақстандықтар ет көрсе шошитын нағыз вегетариан болып кетуі әбден мүмкін деген күдік бар.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через