фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/wildpixel
Көктем – табиғаттың жаңарып, тіршіліктің қайта түлейтін шағы. Алайда бұл мезгіл тек жылылық пен шуақ әкелмейді, кейде өзімен бірге алаңдаушылық та алып келеді. Биылғы көктем де сол қатардан көрінетін сыңайлы.
Қазгидромет ұсынған деректерге сүйенсек, алдағы күндері ауа температурасы күндіз +5…+10°C-қа дейін көтеріліп, оңтүстік өңірлерде +13°C-қа жетуі мүмкін. Түнде 0…+5°C шамасында сақталатын бұл жылымық қардың қарқынды еруіне жол ашады. 24 наурызға күтілген жауын-шашын, негізінен жаңбыр түрінде, осы үдерісті одан әрі үдете түспек.
Әсіресе Абай облысы аумағында 23–25 наурыз аралығында қар еріп, мұз құрсауы босаңсиды. Қыстың қалың қабаты еріп, өзен-көлдерге қарай асыққан су беткейлерден сарқырап аға бастайды. Табиғаттың бұл тосын мінезі өзендердегі су деңгейін көтеріп, кей аймақтарда су тасқыны қаупін күшейтеді.
Дәл осындай көрініс Шығыс Қазақстан облысы өңірінде де байқалмақ. Мұнда да күннің күрт жылынуы мен аралас жауын-шашын қардың тез еруіне себеп болады. Мұз қабаттары әлсіреп, өзендер толысады. Соның салдарынан су тасқыны мен елді мекендерді су басу қаупі сейілмей отыр.
Ал Батыс Қазақстан облысы жағдай тіпті күрделене түсуі мүмкін. Бұл өңірде ауа температурасы +13…+22°C-қа дейін күрт көтерілмек. 24–30 наурыз аралығында жауатын жаңбыр қарды жаппай ерітіп, табиғи тепе-теңдікті өзгертуі ықтимал. Орал қаласы мен Тасқала, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарында +13…+20°C аралығында болса, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңғала, Қазталов, Ақжайық, Сырым және Қаратөбе аудандарында ауа температурасы +15…+22°C-қа дейін жетеді деп күтілуде.
Бұл өзгерістердің барлығы бір ғана көрініске тоғысады: еріген қар суы арнасын іздеп, өзендерді толтырады, мұз құрсауы сөгіліп, су деңгейі көтеріледі. Табиғаттың осы бір тылсым сәті кейде адамзат үшін сынға айналуы мүмкін.
Синоптиктердің айтуынша, биыл көктемде Қазақстанның бірнеше өңірінде су тасқыны қаупі жоғары. Демек, көктемнің әрбір жылы күні тек қуаныш емес, сақтықты да талап етеді. Табиғаттың мінезін болжау қиын, бірақ оған дайын болу – адам қолындағы жауапкершілік.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через