WhatsApp

Қазақстанда анимация апталығы: тегін көрсетілімдер көрерменге жол тартты

Қазақстанда анимация апталығы: тегін көрсетілімдер көрерменге жол тартты
фото: https://www.gov.kz

       Қазақстанда балаларға, жасөспірімдерге және тұтас отбасылық аудиторияға арналған анимация апталығы басталып, отандық мультфильмдер тегін көрсетілуде. Бұл бастама туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

       Апталық аясындағы көрсетілімдер елордалық «Арсенал» кинотеатрында және Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында ұйымдастырылған. Сонымен қатар жоба тек кинотеатрлармен шектелмей, ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен ашық алаңдарда да жалғасуда. Атап айтқанда, Астананың орталық алаңында, сондай-ақ Семей, Отар, Сарыөзек және Алматы гарнизондарында әскери қызметшілер мен олардың отбасылары үшін арнайы сеанстар өткізілуде.

       Бағдарлама әртүрлі жастағы көрерменнің қызығушылығын ескере отырып жасақталған. Көрермендер толықметражды анимациялық фильмдермен қатар авторлық қысқаметражды туындыларды тамашалай алады. Сондай-ақ 2025 жылы жарық көрген жаңа премьералар да ұсынылуда. Бұған қоса, «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау орталығының алтын қорына енген таңдаулы мультфильмдер де көрсетілімге енгізілген.

       Жобаны Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жанындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі жүзеге асырып отыр. Бастама Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Мемлекеттік ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауына ие.

       Ұйымдастырушылардың айтуынша, анимация апталығының негізгі мақсаты – ұлттық анимацияны дамыту, мемлекеттік тілдегі сапалы контенттің үлесін арттыру және отандық мультфильмдерге деген көрермен қызығушылығын күшейту.