фото: pexels.com
Осы аптада Қазақстан кинотеатрларында көрерменге түрлі жанрдағы жаңа фильмдер ұсынылды. Кинопрокатқа отандық жобалармен қатар, шетелдік комедиялар, ғылыми-фантастикалық туындылар, хоррорлар мен триллерлер шықты.
Бұл жолғы кинопремьералармен Kazinform тілшісінің шолуынан таныс бола аласыз.
🎬 ЕРЕКШЕ 9.1⭐️
Жанры: мелодрама, спорт
Ұзақтығы: 87 минут
Елі: Қазақстан, 2026
Режиссер: Ернар Нұрғалиев
Байдың ерке ұлы Арман мас күйінде көлік жүргізіп, қашып жүргенде спорт кешенінің ауласын қиратады. Осы әрекеті үшін ол қоғамдық жұмысқа тартылады. Жазасын тек формалды түрде өтеуді ойлаған Арман сол кешенде бочча параспортшыларымен, әсіресе мүмкіндігі шектеулі інісі бар Әйгеріммен танысады. Алғашында бәрін ойынға балап, ешкімді менсінбеген ол уақыт өте келе ерекше жандардың өмірін, олардың күресі мен ішкі күшін тани бастайды. Осы өзгерістер арқылы Арман өз өміріне жаңаша көзқараспен қарап, шынайы жауапкершілік пен адамгершіліктің мәнін түсінеді.
🎬 КУЗЯ ҮЙ ПЕРІСІ 2 (Домовенок Кузя 2) 7.0⭐️
Жанры: комедия, қиял-ғажайып, отбасылық
Ұзақтығы: 90 минут
Елі: Ресей
Режиссер: Виктор Лакисов
Кузя Наташа мен оның отбасымен бірге өмір сүруін жалғастыра береді. Ал Жалмауыз кемпір адамдар әлеміне біржола қоныстанып, айналасына көмектесуге тырысады. Бәрі үйлесімді көрінгенімен, олардың үйіне жұмбақ Момынның келуі жағдайды күрт өзгертеді. Оның пайда болуы түрлі сиқырлы әрі қауіпті оқиғаларға себеп болады. Енді кейіпкерлер әлемді Кощейден қорғау үшін күш біріктіруге мәжбүр. Сонымен қатар олар ертегілер әлемінің сиқыры мен жарқын болашағын сақтап қалу үшін күреседі.
🎬 ШЫНЖЫРДА (На цепи) 6.7⭐️
Жанры: детектив, драма, криминал, қорқыныш, триллер
Ұзақтығы: 110 минут
Елі: Ұлыбритания, Польша, 2025
Режиссер: Ян Комаса
Жас бұзақы Томми азғындық пен жүгенсіз өмірге әбден үйренген. Кезекті шектен шыққан әрекетінен кейін Томми есін жиғанда, өзін қала сыртындағы үйдің жертөлесінде, мойнына шынжыр тағулы күйде көреді. Оны ұрлап әкелген — оғаш бір отбасы, олар ерке қылмыскерді түбегейлі қайта тәрбиелеуді жоспарлаған. Бостандыққа шығу үшін Томми түрлі айлаға толы психологиялық сынақтардан өтіп, мүлде басқа адамға айналуға мәжбүр болады.
🎬 THE TUTOR 3.6⭐️
Жанры: хоррор
Ұзақтығы: 108 минут
Елі: Таиланд, 2025
Режиссер: Бхандит Тхонгди
Белл, Гот және Пай оқудан қатты шаршап, жақсы баға алуға көмектеседі деген ырымды жасап көруге бел буады. Қараусыз қалған оқу орталығының бір сыныбында олар кездейсоқ зұлым рухты — елес мұғалімді оятып алады. Ол оларды шексіз сабақтың тұзағына түсіреді.
Белл оның ықпалына түсіп қалады. Оның інісі Бест пен осы ырым туралы айтқан Сью есімді қыз Беллді құтқаруға тырысып, бұл орынның қорқынышты құпияларын аша бастайды. Алайда шындықты тереңірек зерттеген сайын, өздері де тек өлім арқылы ғана құтылуға болатын қарғысқа шырмала түседі.
🎬 БАЙҚА! АЛАЯҚ! 8.6⭐️
Жанры: комедия, отбасылық
Ұзақтығы: 85 минут
Елі: Қазақстан, 2026
Режиссер: Дархан Саркенов
Талғат пен Катя — күнкөрістің қамымен әрең өмір сүріп жүрген егде жастағы ерлі-зайыпты. Ұлдары нәпақа табу үшін Кореяда еңбек етеді, ал үлкен қыздары Қымбат — ұстанымы берік, адал полицей. Ол парақорлықтан мүлде аулақ. Отбасы бір-біріне сүйеніп, барын бөлісіп өмір сүреді, басты армандары — өз пәтерлеріне қол жеткізу. Балалары зорға жинаған алғашқы жарнаны әкесіне сеніп тапсырады. Талғат банк істерін жетік білмегендіктен, барлық ақшаны картаға салады. Осы сәтте пысық әрі аңғал жігіт Сико пайда болып, «комиссиясыз» ақша шешудің жолын ұсынатынын айтады. Талғат оған сеніп қалады. Сол күні-ақ алаяқтардың құрбанына айналады: қоңырау, смс, «код айтыңыз» – содан кейін ақшаның ізі де қалмайды.
🎬 «АҚЫРЗАМАН» ЖОБАСЫ (Проект «Конец света») 8.7⭐️
Жанры: sci-fi, қиял-ғажайып
Ұзақтығы: 156 минут
Елі: АҚШ, 2026
Режиссер: Фил Лорд, Кристофер Миллер
Жаратылыстану пәнінің мұғалімі Райланд Грейс жарық жылдарына созылған қашықтықтағы ғарыш кемесінде оянады. Ол өзінің кім екенін де, бұл жерге қалай келгенін де есіне түсіре алмайды. Есін біртіндеп жиған сайын, өзінің басты миссиясын — Күнді жойып жатқан жұмбақ құбылыстың сырын ашу қажет екенін түсінеді. Бүкіл адамзатты жойылып кетуден құтқару үшін ол ғылыми білімін және тосын идеяларын пайдалануы тиіс. Алайда күтпеген достық бұл жолда жалғыз емес екенін аңғартады.
🎬 ОТБАСЫЛЫҚ ДҮРБЕЛЕК (Семейный переполох) 6.0⭐️
Жанры: отбасылық, шытырман оқиға, комедия
Ұзақтығы: 92 минут
Елі: Испания, 2026
Режиссер: Мар Олид
Отбасы мүшелерінің телефонға телміріп, өзіне көңіл бөлмейтінінен шаршаған Рита ұялы телефондардың жоғалып кеткенін тілейді. Алайда оның тілегі күтпеген жерден орындалып, бүкіл отбасы Орта ғасырларға тап болады. Енді олар технологиясыз өмір сүруге мәжбүр болып, үйге қайтудың жолын іздейді.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через