фото: standard.kz
Алматы қаласында Shalqar радиосы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бірлескен бастамасымен жүзеге асқан “Sunqar” конвергентті радиожобасының тұсаукесері өтті. Бұл – қазіргі медиа кеңістіктегі жаңа талаптарға жауап беретін, білім мен тәжірибені ұштастыратын тың жоба ретінде бағалануда.
Аталған шараға саланың майталман мамандары, аға буын журналистер, «Шалқар» радиосының тәжірибелі қызметкерлері, сондай-ақ университет ұстаздары мен студенттері қатысты. Кездесу барысында қатысушылар заманауи журналистиканың даму үрдістері, радио саласының трансформациясы және жас мамандарды даярлау мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

“Sunqar” жобасының басты ерекшелігі – оның конвергентті форматта жүзеге асырылуы. Яғни, дәстүрлі радио хабар тарату тәсілдері цифрлық медиа мүмкіндіктерімен ұштасып, тың форматтағы контент ұсынуға жол ашады. Бұл өз кезегінде студенттердің тек теориялық біліммен шектелмей, нақты тәжірибе арқылы кәсіби машығын жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Жоба – жас журналистер үшін шығармашылық лаборатория іспетті. Мұнда олар эфир жүргізу, аудио контент әзірлеу, сұхбат алу, жаңалық жазу секілді кәсіби дағдыларды меңгеріп қана қоймай, ақпаратты заманауи форматта ұсынудың қыр-сырын игереді. Сонымен қатар, тәжірибелі мамандардың бағыт-бағдары мен ақыл-кеңесі жас буынның кәсіби тұрғыда қалыптасуына үлкен ықпал етпек.

Бүгінгі медиакеңістікте әмбебап, көпқырлы мамандарға сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, “Sunqar” жобасы – білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтатын, болашақ журналистердің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды бастама. Бұл алаң жас қаламгерлерге өз мүмкіндігін сынап, шығармашылық әлеуетін ашуға жол ашады.
Қорыта айтқанда, аталған жоба – тек студенттер үшін ғана емес, жалпы отандық радиожурналистиканың дамуына серпін беретін игі қадам. Осындай бастамалар арқылы ұлттық медиа саласының жаңа тынысы ашылып, сапалы контент қалыптасары сөзсіз.
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика және әлеуметтік ғылымдар Жоғары мектебінің магистранты, Халықаралық Журналистер одағының мүшесі Балжан Аринова.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через