фото: 24.kz
Қазақстан ғылымының дамуына серпін беретін маңызды бастама жүзеге асты. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында «Қазақстан ғылымы мен технологияларының форсайты: деректерден шешімдерге» атты стратегиялық сессия өтіп, оның аясында AI SilkNet форсайт және предиктивті аналитика орталығы ресми түрде іске қосылды.
Ауқымды жиын ғылым, технология және инновация саласындағы ұлттық форсайт-зерттеулерді дамытуға, сондай-ақ ел мен өңірлер деңгейінде бірыңғай болжау жүйесін қалыптастыруға арналды. Іс-шараға 400-ден астам отандық және шетелдік ғалымдар, салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, бизнес және индустрия өкілдері қатысты.
Ғылымды басқарудың жаңа моделі
Сессия барысында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылыми-технологиялық дамуды басқарудың жаңа тәсілін таныстырды. Оның айтуынша, ғылым саласын дамытуда жүйелілік, стратегиялық басымдықтарды нақты айқындау және ресурстарды тиімді шоғырландыру басты қағидаға айналуы тиіс.
Жаңа модель фрагменттелген қаржыландырудан және бытыраңқы жобалардан бас тартып, елдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясына кіріктірілген, нәтижеге бағытталған тұтас ғылым архитектурасын қалыптастыруды көздейді. Ғылым енді жекелеген бастамалардың жиынтығы емес, нақты өлшенетін нәтиже беретін, ұлттық мүддеге қызмет ететін жүйе ретінде қарастырылады.
Мысал ретінде 2025–2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсының қорытындылары келтірілді. Бағыттардың 42 пайызы бойынша небәрі бір ғана өтінім түсуі – бәсекелестіктің жеткіліксіздігін және стратегиялық іріктеудің әлсіздігін көрсетеді.
Төрт деңгейлі басымдық жүйесі
Ұсынылып отырған құрылым төрт деңгейден тұрады:
• Стратегиялық басымдықтар – ұлттық қауіпсіздік пен экономиканың бәсекеге қабілетті салалары үшін аса маңызды жобалар (кемінде 40%).
• Перспективалы бағыттар – жаңа жаһандық ғылыми-технологиялық трендтерді игеру (20%-ға дейін).
• Базалық зерттеулер – іргелі және инженерлік ғылымдарды дамыту (20%-ға дейін).
• Ғылыми әлеуетті кеңейту бағыты – жаңа және дамып келе жатқан ғылыми салаларды қолдау (20%-ға дейін).
Бұл тәсіл өңірлік ерекшеліктерді, ресурстық мүмкіндіктерді және бизнес сұранысын ескере отырып, ұлттық ғылыми күн тәртібін біртұтас жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.
AI SilkNet – деректерге негізделген шешімдер алаңы
Жаңа архитектураның өзегі – AI SilkNet форсайт және предиктивті аналитика орталығы. Жоба Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Оңтүстік Кореяның Корей ғылыми-техникалық ақпарат институты (KISTI) арасындағы серіктестік аясында жүзеге асуда.
Орталық жаһандық ғылыми-техникалық деректерді талдап, форсайт құралдары мен предиктивті аналитика әдістерін қолдану арқылы ғылыми саясатты сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Болашақта бұл платформа Орталық Азия елдеріне де қызмет көрсетпек.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через