фото: https://pixabay.com/
Өйткені ресейлік оқушылар жаппай отбасылық оқыту форматына көшіп жатыр.
2025-2026 оқу жылында РФ аумағында небәрі 21 мыңнан да аз мектеп қалған. Салыстырсақ, халқы одан шамамен төрт есе аз Өзбекстанда 11 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Қазақстанда – шамамен 8 мың.
Соңғы 2 жыл ішінде Ресейде 900-ден астам орта білім беру мекемесі жойылған. Бұл бір реттік "оңтайландыру толқыны" емес, көп жылдар бойы орныққан үрдіс. Қараң қалған мектептермен бірге ресейлік деревнялар қаңырап бос қалуда.
Осы ахуал аясында отбасылық оқытуға көшкен балалар саны шапшаң өсуде. РБК арнасының дерегінше, 1 жылдың ішінде олардың саны бірден 17%-ға артты.
Мәскеулік Лея Кузнецова 5-сыныпта оқитын ұлын қашықтан оқуға ауыстырғанын баяндады.
"Баламның білімді тек үйде, менімен бірге дайындалу барысында ғана алатынын түсіндім. Жеке мектепке әмиян шақ келмейді. Ал, мемлекеттік мектепте оқу үдерісі үстірт сипат алды. Үнемі мазасыздану, шаршау мектептен кетуімізге себеп болды. Меніңше, РФ-та мектептердің орнын баяғыда-ақ репетиторлар басқан", – дейді мәскеулік нық сеніммен.
Новосібірлік 9-сынып оқушысы Алина материалдарға қолжетімділік тұрғысынан онлайн-оқытуды сапалырақ санайды: онлайн-сабақтар, мультимедиалық ресурстар, күрделі тақырыптарды қайта қарап шығу мүмкіндігі... Жылдық бақылау жұмыстарын (аттестация) тапсыру үшін ата-анасы негізгі пәндер – орыс тілі, математика және мектеп таңдаған пәндер бойынша репетитор жалдапты. Соның өзінде отбасы мектеп формасынан, оқыту шығындарынан, жолақыдан қомақты ақша үнемдейді.
Форумдар мен әлеуметтік желілерде ресейліктер отбасылық оқытудың ұйымдастырушылық артықшылықтарын да жазды. Біріншіден, РФ-та бұл формат барлық пәннен оң баға алған жағдайда тоқсанды (триместрді) мерзімінен бұрын жабуға мүмкіндік береді. Яғни, бала ертерек каникулға кетеді, білім ордасындағы құрбы-құрдастарынан көбірек демалады.
Екіншіден, онлайн оқуда бала оқулықтарды да, бағдарламаны меңгеру қарқынын да өзі таңдайды. Үшіншіден, баланың кестесі негізінен еркін болғандықтан, спортқа, үйірмелерге, қосымша сабақтарға баруына уақыт көбейеді.
Төртіншіден, бала аз ауырады, қаптаған бала ортасындағыға қарағанда дене және психологиялық жарақаттарды сирек алады. Оның үстіне ата-аналар жиналысы, мазасыз чаттар, үздіксіз ақша жинау, міндетті форма-киім және басқа бюрократия да ғайып болады.
"Соңғы жылдары отбасылық оқытудағы оқушылар саны жылдам өсіп келеді. 2025-2026 оқу жылы басындағы мектептердегі оқушылар статистикасына сәйкес, бұл формадағы балалар саны 14,3 мың адамға немесе 16,8%-ға артқан. Жалпы саны 99,4 мың оқушыны құрады", – деп жазады РБК.
Алайда әңгіме негізінен отбасылық оқытуда 9-сыныпты аяқтағандар туралы екені белгілі болды. Қашықтан оқушылардың нақты көрсеткіштері әлдеқайда жоғары. Министрлік деректерінде тек белгілі бір сыныпты аяқтап, аттестация тапсыру үшін мектепке тіркелген экстерндер ғана көрсетілген.
Осыған байланысты Білім министрлігінің статистикасы мұндай форматта оқитын балалардың ең аз санын ғана көрсетеді, дейді тьютор әрі білім беру бағдарламаларын жобалаушы Ольга Кузнецова. Шын мәнінде олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені кейбірі аралық аттестациядан өтпей, тек 9-сыныптан кейінгі міндетті емтиханды ғана тапсырады.
"Отбасылық оқытудағы", тиісінше, қазіргі идеологиядан тыс қалған балалардың күрт көбеюі заң шығарушылардың теріс реакциясын тудырды. Олар бұл формаға ауысу тәртібін өзгертуге, талапты қатайтуға бекінді. Мемдума депутаты Илья Вольфсон ("Единая Россиядан") Оқу-ағарту министрі Сергей Кравцовқа шұғыл хат жолдады. Ол ведомствоаралық комиссия құруды, кез келген баланы мектептен тыс оқуға көшіру туралы өтініштерді тек сонда ғана қарауды ұсынған. Сонда оқушылардың "сырттай" оқуға ауысу тасқыны тежеледі.
Бұған қоса, депутаттар бастамасымен, 2 рет аралық аттестациядан өтпеген жағдайда баланы мектепке кері қайтару мәселесі талқылануда.
Бұл картинаға аймақтар өз штрихын қосуда. Татарстанда 3 жыл ішінде отбасылық оқытудағы балалар саны екі есе артқан. Республика білім және ғылым министрі Ильсур Хадиуллин бұл үрдіске қарсы шығып, заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етті. Солтүстік көршіде республикалар Сенатқа (Федерация кеңесіне) заң жобасын енгізе алады.
Оның байламынша, мектеп – барлық баланы әлеуметтендіретін орын, одан ешқайсысы тыс қалмауға тиіс. Алайда кейбір мектеп басшылары статистикасын жақсарту үшін керісінше, "қиын" балалардың ата-аналарына шығып, өз еркімен отбасылық формаға ауысуға итермелейді екен. Министр бұған заңнамалық шектеу енгізуге қол жеткізгісі келеді.
Алайда әкімшілік жолмен балалардың бір бөлігін мектепке қайтарған күннің өзінде, басты сұрақ туындайды: оқушыға орын қайда? Ресейлік NGS55.RU басылымының дерегінше, қалыптасқан жағдай – тек жекелеген елді мекендердің емес, бүкіл білім беру жүйесінің тығырығы.
"Балалар оқитын білім ордасы қалмай барады. Селолық мектептер іс жүзінде барлық өңірде жабылып жатыр. 2022 жылдан 2024 жылға дейін Ресейде 900 селолық мектеп жабылған. Аз жиынтықты ұйымдарды ұстап тұру мемлекетке экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Мұндай мекемелер Амур, Архангельск, Астрахан, Брянск, Омбы, Иваново, Іркіт, Волгоград облыстарында, Забайкалье өлкесінде және басқа да өңірлерде жаппай жабылуда", – деп хабарлады ресейлік басылым.
Саратов облысы қысқарту бойынша көш бастаған: екі жыл ішінде ауыл мектептері 421-ден 245-ке дейін екі есеге жуық кеміп кетті. Екінші орында – Мәскеу облысы (72 мектеп). Үштікті Курск облысы (62) тұйықтады. Воронеж облысында 53 мекеме жабылып, жергілікті тұрғындардың қарсылығын туғызды. Олар мектептерін сақтап қалуды сұрап, билікке видеоүндеу жолдаған. Нәтиже шығара алмапты.
Мектептер неге жабылады?
Оқу-ағарту министрлігінің бұған үйреншікті жауабы дайын: білім беру ұйымдары, негізінен, оқушы санының аздығынан жабылады. Шешімді әдетте аудандық білім бөлімдері қабылдайды. Одан әрі бәрі үйреншікті сценариймен өрбиді: балаларды мектебі бар басқа елді мекендерге тасымалдау ұйымдастырылады. Автобус – білім беру саясатының барлық сұрағына беретін әмбебап жауап іспетті.
Тағы бір себеп – ғимараттың апатты жағдайға жетуі. Омбы облысының Қазақстан шекарасына таяу орналасқан Сосновка ауылында қыс ішінде көнерген ғимарат қирап қалып, шәкірттер жаңажылдық каникулдан оған орала алмады. Онда 310 бала оқыған. Енді 2026 жылдан бастап барлығы қияндағы Березовкаға қатынап оқуға мәжбүр. Мерекелер бітті, каникул да аяқталды, сонымен бірге мектебі де тарих қойнауына кетті. Жергілікті билік жаңасын салмауға ұйғарған.
"Бүгінде ресейлік деревня іс жүзінде құрып барады! Көп мектептерде бірнеше-ақ оқушы қалды. Мұндай мектепті сақтап қалу тиімсіз деп есептеледі. Оны жабады да, балаларға 10-20 шақырым жердегі басқа мектепке баруды ұсынады", – дейді Бүкілресейлік білім қорының жетекшісі Сергей Комков.
Мемлекет тұрғысынан алғанда, аз ғана оқушы үшін тұтас ғимаратты ұстап тұру, жөндеу, жылыту, қызметкерлерге жалақы төлеу орынсыз. Мекемені "оңтайландырып", балаларды көрші елді мекенге тасымалдау әлдеқайда арзан. Білімнен үнемдеу осылай мектептердің жойылуына соқтырады.
"Селолық мектептердің жаппай жабылуының басты себебі – білімнен үнемдеу. 1970 жылы Ресейде білімге жұмсалатын шығын ЖІӨ-нің 7%-ын құраған, бүгінде 3,5%-ға да жетпейді. Ол кезде мектептер қаптатып тұрғызылатын, енді жаппай жабылып жатыр. Меніңше, мұндай іс жақсылық әпермейді", – деп күйінеді Мемдума депутаты Олег Смолин.
Журналист Екатерина Шрайнер мектеп жабылса, ауылдың да ыдырауы басталатынын қаперге салды. Село үшін мектеп – тіршілік орталығы, жұмыс орны, қарым-қатынас кеңістігі, қауымдастықтың бас қосатын мәдени нүктесі. Оны жапса, тақта мен парта ғана емес, ауылда қалуға деген тағы бір себеп жоғалады. Жұмыс азаяды, келешегі көмескіленеді.
Дмитрий Казаковтың пікірінше, балаларды ірі мектептерге тасу білім сапасының артатынын кепілдендірмейді. Балалар әрлі-берлі сабылуға, сапарлауға көп уақыт жұмсайды, қараңғыға қалмай, ертерек оралу үшін қосымша сабақтарға, өзге іс-шараларға қатыса алмайды. Қатты шаршайды, оқуға құлқы болмайды, құрбы-құрдастарынан арттап қалады.
Осының бәрі айналып келіп, ата-аналарды онлайнға, отбасылық оқытуға итермелейді. Ал, бұл өз кезегінде солтүстік көршідегі білім ордаларын ары қарай "оңтайландыру толқынына" тың түрткі. Бұлай бара берсе, таяу жылдары шынында да, Ресейде соңғы мемлекеттік селолық мектеп жабылуы ықтимал.
Кейінгі 25 жылда Ресейде 24 мыңнан астам мектеп жабылған. Бүкілресейлік білім қорының президенті Сергей Комков бұл көрсеткішті "қорқынышты" деп атады.
"Экономиканы өсіру үшін ауыл шаруашылығын дамыту керек. Бірақ селоға ел оралып, ауыл жанданып, балалар саны көбейе қалса да, олар оқитын жер болмайды – мектептер баяғыда жабылған. Болашақта білімді қайта жандандырудың шығыны бүгінде оны сақтап қалуға кететін қаражаттан әлдеқайда көп болады. 24 мыңнан астам мектеп жабылды! Бұл – қорқынышты сан. Мұндай сорақы жағдай Ұлы Отан соғысы жылдарында да болмаған. Биліктің жүргізіп отырған саясаты дұрыс емес. Қорғаныс министрлігімен қатар білім және ауыл шаруашылығы министрліктері де басымдық болуға тиіс", – деп қорытты Сергей Комков.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через