Астана Балет сахнасында Gala Ballet кеші ұйымдастырылады

Астана Балет сахнасында  Gala Ballet кеші ұйымдастырылады
фото: astanaballet.com

       Көктемнің шуағы жақындаған сайын көңіл де, өнер де жаңара түседі. Алдағы аптада елорда төрінде нәзіктік пен сұлулыққа тағзым ететін ерекше мәдени кеш өтпек.

      6–7 наурызда Астана қаласындағы Астана Балет сахнасында Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік Gala Ballet кеші ұйымдастырылады. Бұл кеш — би өнерінің биік талғамы мен көркемдік қуатын тоғыстырған тағылымды бағдарлама болмақ.

       Көрерменге классикалық мұраның інжу-маржандары мен заманауи хореографияның тың шешімдері ұсынылады. Сахнада әр қимыл — сезім, әр әуен — жүрек лүпілі іспетті әсер қалдырмақ. Кеш барысында симфониялық оркестрге театрдың бас дирижері Арман Оразғалиев жетекшілік етеді.

       Бағдарламаның алғашқы бөлімінде шағын хореографиялық композициялар орындалып, одан кейін Петр Чайковский музыкасына қойылған «Триумф» балеті сахналанады. Қойылымның хореографы — Айнұр Әбілғазина.

       Сонымен қатар көрермендер әлемдік классика жауһарларынан үзінділер тамашалай алады

       Көктем — жаңару мен шабыттың мезгілі. Өнер де сол жаңарумен бірге жүрекке жол табады.