Алматыда 25 ақпанда дабыл сиреналары іске қосылады

Алматыда 25 ақпанда дабыл сиреналары іске қосылады
фото: Алматы әкімдігі https://kaz.inform.kz/news/

       25 ақпанда сағат 11:00–де қалалық төтенше жағдайлар қызметі «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізеді. 

       Тексеру кезінде «Барлығыңыздың назарыңызға!» дабыл сигналы бойынша қала аумағындағы сиреналар аз уақытқа қосылады. Сондай-ақ сынақ хабарламасын тарату үшін теле және радиоарналарды уақытша тоқтату жүйесі іске қосылады.

Алматы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға сабыр сақтауды ескертті.

   — «Барлығыңыздың назарыңызға!» сигналы — төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде шұғыл ақпарат таратар алдында халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту белгісі, — делінген хабарламада.

       Тұрғындар дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарды немесе радиоқабылдағышты қосуы, ресми интернет-ресурстар мен мобильді қолданбалардағы ақпаратпен танысуы және ұсынылған нұсқауларға мұқият бағынуы керек.

       Сонымен қатар 25-26 ақпанда қаланың әр ауданында өзен арналары мен арық жүйелерін тазалау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайы бақылауда, қаланың жедел қызметтері алдын ала қажетті профилактикалық шараларды атқарды.

       Ведомствоның мәліметінше, маусымдық өзгерістер негізінен қалың жауын-шашын мен көктемгі қардың еруіне байланысты, бұл Алматы үшін қалыпты құбылыс болып есептеледі. Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында қала аумағынан 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды.

       https://kaz.inform.kz/