фото: https://pixabay.com/
Қазақстанның аспанын инверсиялық түтін торлап, қалаларын күкірт иісі қапсырған тұста, таяу шетел нарығы жаңа шектеулерге көше бастады.
Грузияның "кесімі", логистиканың "кесірі"
6 жылдан асқан автокөліктерге қауіп төнді. Посткеңестік кеңістікте алғашқы ел мұндай ескі жеңіл автокөліктерді әкелуге және бастапқы тіркеуге тыйым салуға дайындалуда. Посткеңестік кеңістіктегі еркін сауданың еркесі саналған Грузия күтпеген жерден қаталдық танытты. Автокөлік импорттауға қатысты ережелер қатаңдатылып жатыр, бұл шешім Қазақстанның автомобиль нарығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Тбилиси сырты жылтыр, іші түтін авто атаулыға ұсынылған шектеулердің себебін экологияға жанашырлықпен және автопаркті түпкілікті жаңартуға деген ұмтылыспен түсіндірді. Алайда, бұл – мұхит асып, АҚШ пен басқа үшінші елдерден грузин порттары арқылы "темір тұлпар" тасып жүрген қазақстандық кәсіпкерлер үшін соққы болуы ықтимал.
Егер 6 жылдан асқан көліктердің жолы кесілсе, Кавказ арқылы 7 жылдық және одан ескі көліктердің Ұлы дала еліне транзиті іс жүзінде келмеске кетеді. Кедендік рәсімдеу тетігі тоқтап, жылдар бойы қалыптасқан логистикалық тізбек үзілгелі тұр. Біздің нарық үшін бұл – тек экономикалық мәселе емес, әдетке айналған "арзан болса да, жүріп тұрған көлік болса болды" деген көнерген психологияның күйреуі.
Ел темір-терсек моласына айналмасын десе...
Тбилисилік тәжірибені Қазақстан да қабылдауы мүмкін, өйткені өңірдегі ең ескі автопарк дәл осы елде. ҚР-дағы 7 жылдан "жас" көліктердің үлесі небәрі 24%-ды құрайды. Яғни, елдегі көліктердің төрттен үшінен астамы – көң-қоқыр көлік.
"Қазақстанның автопаркінде ескі буындағы көліктердің үлесі тым басым. Соңғы деректер бойынша барлық жеңіл автокөліктердің 41,5%-ы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Тағы төрттен бірі (24,2%) 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктерге тиесілі. 7 жылдан 10 жылға дейінгі автокөліктердің үлесі 10,3%-ды құрайды. Нәтижесінде, 3 жылдан 7 жылға дейінгілердің үлесі небәрі 17,2%. 3 жылдан аз уақыт бұрын шығарылған жаңалау көліктердің үлесі бар-жоғы 6,8% ғана", – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Шығарылғанына 20 жылдан асқан автокөліктердің ең көп саны Алматы облысында тіркелген – 356,5 мың бірлік. Алматыда мұндай көліктер саны 211 мыңды, Жамбыл облысында 199,5 мыңды құрайды.
Тіпті ресми статистика бойынша Қазақстан жолдарында жүрген көліктердің жағдайы адам аярлық. Темірдің "кәрілігі" – техникалық ақау ғана емес, ол – ұлт саулығына төнген үнсіз қауіп.
Елге тиген үлес – "мыңдаған еселік" ластану
Оның үстіне Қазақстандағы экологиялық жағдай ТМД елдері арасындағы ең нашары. Қазақстанның өзі құрған Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі Жобалық кеңсе (CACF) жаға ұстатарлық мәлімет жариялады. 2025 жылы республиканың 11 шаһарында ауа ластануының жоғары деңгейі тіркелді – ол жерлерде тіпті тыныс алудың өзі денсаулыққа зиян болды.
"2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның 11 елді мекенінде атмосфералық ауаның жоғары және өте жоғары ластану деңгейі тіркелді, онда зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясы мыңдаған рет (!) асып кеткен. Ауасы нашар қалалар тізіміне алғаш рет Түркістан кірді", – деп хабарлады жобалық кеңсе.
CACF сарапшылары мұның бәрін ауадан алған жоқ. 2025 жылы "Қазгидромет" РМК жүргізген атмосфералық ауа мониторингі деректерін талдады. Барлығы 70 елді мекен қамтылды, олардың 32-сі ластанудың төмен деңгейіне, 27-сі жоғарылаған деңгейіне, ал 11-і жоғары және өте жоғары деңгейіне жатқызылды.
"Атмосфералық ауаның жоғарылаған ластану" деңгейі Астана, Шымкент, Атырау, Қызылорда, Тараз, Өскемен, Жезқазған, Арқалық, Құлсары, Аягөз, Шемонаиха, Алтай, Жітіқара, Лисаковск, Жаркент, Жаңаөзен, Шу, Қандыағаш, Арал, Хромтау, Кентау, Қызылсай, Ганюшкино, Индербор кенті, Қарабалық және басқасында анықталды.
"Атмосфералық ауаның жоғары және өте жоғары ластану" деңгейі Алматы, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе, Теміртау, Сәтбаев, Абай, Талғар қалаларында, сондай-ақ Шұбаршы, Кеңқияқ кенттерінде және Жанбай ауылында тіркелді.
Қарағандыда 2025 жылы атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан (ШРК) асудың 40,5 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Алматыда азот диоксиді мен күкірт тотығының көрсеткіштері ондаған мың рет нормадан асып, қалалықтардың өкпесін сынап жатқандай. Түркістанның бұл "қара тізімге" алғаш рет енуі рухани астананың экологиялық апат аймағына айнала бастағанының белгісі. Ауаның ластануының "мың еселеп" өлшенуі – бұл жай ғана сан емес, бүгінгі буын және болашақ ұрпақтың тынысын тарылтудың ресми есебі.
Мысалы, Өскемен қайтадан тұмшадан (смог) тұншығып жатыр. Алайда нақты әрі пәрменді шаралар қабылданбайды, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестициялар екі есеге азайған, деп жазады Ranking мониторинг агенттігі.
"Өскеменде экологиялық ахуал қайта нашарлады. Желсіз күндері қаланы өнеркәсіптік шығарындылардан пайда болған тұмша басып қалады, әрі ұзақ уақыт сейілмейді. Осы қыста ШҚО орталығындағы мектеп оқушылары екі рет қашықтан оқытуға ауыстырылды, бұл балалардың көшеге шықпауы, қауіпті газбен тыныстамауы үшін жасалды. "Қазгидромет" РМК деректеріне сәйкес, биылғы қаңтар-ақпанда Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар байқалып, ластаушы заттардың ШРК-дан 3-4 есеге дейін асқаны тіркелді", – деп хабарлады агенттік.
Бұл жағдай Мәжіліс депутаттарының жергілікті биліктің әрекетсіздігіне шағымданып, бірінші вице-премьер Роман Склярға депутаттық сауал жолдауына себеп болды.
"Зиянды заттардың ШРК-дан тұрақты түрде асуына қарамастан, жауапкершілік іс жүзінде халыққа жүктеліп, нақты шаралар тек "көшеге сирек шығу" туралы ұсынымдармен шектелуде. Бұл мемлекеттік органдардың ұстанымына қатысты көп сұрақтар туғызды", – делінген депутаттық сауалда.
Мәжілісмендер экологиялық дағдарыс жағдайында өмір сүруге мәжбүр қала тұрғындарына ақшалай өтемақы төлеуді ұсынды.
Бұдан біраз бұрын, 2024 жылы ШҚО-дан сайланған сенатор Ольга Булавкина Үкіметке хат жолдап, Өскеменді "экологиялық апат аймағы" деп тануды сұраған еді. Ол ластану деңгейі жоғары аумақтардағы экологиялық жағдайды бақылайтын үкіметтік комиссия құруды ұсынды.
Айта кету керек, қазіргі шақырылымдағы Парламент депутаттарының сауалдарындағы ұсыныстардың басым бөлігін Үкімет қабылдамайды. Бұл жолы да "дәстүр" бұзылмады.
Премьер-министр Олжас Бектенов өз жауабында: "Жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескере отырып, мұндай комиссия құру орынсыз деп танылды. Өңірлердегі мәселелерді шешу және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда", – деп мәлімдеді.
Алайда содан бері "Қазгидромет" РМК дерегінше, жағдай одан әрі нашарлаған. Билік "жүргізіліп жатыр" деген жұмыстың орнына қала тұрғындары тек қою әрі улы түтінге булығуда.
"Өскемен – Қазақстандағы ең лас қала еместігіне назар аудартамыз! Ол ластану деңгейі жоғары елді мекендер санатына ғана жатады. Өнеркәсіпті Қарағандыда, сондай-ақ Астана мен Алматыда жағдай бұдан да күрделі. Салыстыру үшін мегаполистердегі ластану көрсеткіштерін келтірейік. Өткен жылы Алатау бөктеріндегі мегаполисте стандартты индекс (СИ) 9,6 болса, Астанада – 16,3 болды", – деп еске салады агенттік.
Соңғы 1 жыл ішінде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі қалай өзгергенін қарастырайық. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы бұл салаға 136,6 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп.
Мұндай өсім жалғыз бір өңірде – Ақтөбе облысында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған капиталдық салымдардың айтарлықтай артуымен байланысты болды. Сома 3,9 млрд теңгеден 87,1 млрд теңгеге дейін бірнеше есе өскен. Бұл мұнайлы өңірде ірі экологиялық жобалардың іске асырылуын білдіруі мүмкін.
Проблемалық өңірлерде жағдай әркелкі болды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында өткен жылы қоршаған ортаны қорғауға салынған инвестициялар екі есеге құлдырап, 3,3 млрд теңгеден 1,6 млрд теңгеге дейін кеміп кетті.
Көлік пе, көшедегі улы "коктейль" ме?
CACF деректеріне сәйкес, Қазақстанның ірі қалаларындағы ауа ластануының 80-90%-ға дейінгі бөлігі автокөлік көлігіне тиесілі.
"Автокөліктер – ең мобильді әрі әмбебап көлік түрі. Алайда қоршаған ортаға теріс әсер етудің барлық түрлері бойынша көш бастап тұрған да дәл автокөлік: ауаның ластануы – 95%, шумен ластау – 49,5%, климатқа әсері – 68%. Қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану туралы Ұлттық баяндамаға сәйкес, Қазақстанның ірі қалаларындағы ауа бассейнінің ластануының 80–90%-ға дейінгі үлесі автокөліктерге тиесілі", – деп хабарлады жобалық кеңсе.
Республикадағы автокөліктердің негізгі бөлігі бензинмен жүреді, жүк көліктері дизель отынын пайдаланады. Іштен жану қозғалтқыштары бар көліктер улы "коктейль" бөледі. Оның құрамына көміртек тотығы, азот оксиді, көмірсутектер, күйе (ұсақ дисперсті бөлшектер), күкірт диоксиді, бензапирен және басқа да заттар кіреді.
Бұл заттар тыныс алу жолдарының ауруларын, жүрек-қантамыр жүйесінің мәселелерін туындатады және канцерогендік әсерге ие. Дизель қозғалтқыштары күйе мен азот оксидін көбірек бөлсе, бензинді қозғалтқыштар көміртек тотығы мен көмірсутектерді көбірек шығарады.
Шығарынды газдардан бөлек, зиянды бөлшектер шиналар мен тежегіш колодкаларының тозуы нәтижесінде де түзіледі. Шығарындылардың мөлшері мен құрамы автокөліктің техникалық жағдайына, қозғалтқыштың тозуына, қолданылатын отын түріне және қозғалыс режиміне байланысты болады. Бұл ретте мысалы, бағдаршамда үдеу кезінде шығарындылар ең жоғары деңгейге жетеді.
Көліктің түтінімен күресу – тек техникалық мәселе емес, бұл – ел өмірін саудаға салуды тоқтатудың алғашқы қадамы болады. Ал, 6 жастан асқан темір тұлпарға тыйым салу – жай сауда шектеуі емес, тынысы тарылған ұлттың жанайқайына берілген "ештен кеш" жауап.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через