Кейбір адамдар жаңа жұмыс орнына ешқандай қиындықсыз, жеңіл сіңісіп кетіп жатады, ал көптеген жағдайларда кей адамдардың ұжымға бейімделуінде қиындықтар туындап, жаңа ортаға үйренісе алмай қиналады.
Әсіресе, қазақша тәрбие көрген жастар көбіне ұяң болып келетіндіктен, жаңа қызмет орнына тез сіңісіп кете алмай, ұзақ әрі ауыр бейімделетіні бар. Себебі, бұл адамның тәрбиесіне, мінез-құлқына, тұлғалық ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Осыған орай, жаңа орныңызға мүмкіндігінше тез, жеңіл бейімделіп кету үшін төмендегідей кеңестерді ұсынамыз:
- Барынша табиғи болыңыз
- өзіне сенімді адамның кейпін танытпаңыз. Ұяң, мүмкін тұйық т.с.с. болсаңыз басқалай көрінуге тырыспай, өзіңізге осы қалпыңызда болуға мүмкіндік беріңіз;
- біреудің көңілінен шығамын деп, жасанды мінез-құлық көрсетпеңіз;
- басқаларды жалған мақтап, жағымпазданбаңыз.
Себебі, адамның бойындағы ең бір жағымсыз мінез-құлықтың бірі жасандылық. Жасанды іс-әрекеттер арқылы өзіңіздің шынайы болмысыңызды жасырып, адамдарды өзіңізден қашыртуыңыз мүмкін. Ал, керісінше табиғилық адамдарға ұнамды, жағымды әсер ететін мінез-құлық. Яғни, өзін табиғи, шынайы ұстайтын адамдармен сөйлескен, пікірлескен қашанда жақсы әсер қалдырады.
- Өзіңізді ешкіммен салыстырмаңыз, ешкімге еліктемеңіз! Себебі, адам әдетте өзін, «өзінен жоғары» тұрған адаммен салыстырады. Яғни, салыстыру кезінде «ол маған қарағанда өзіне сенімді, мүмкін тартымды, келбетті, басқаларға ұнамды» деген ойлар туады. «Мен одан қарағанда тартымсызбын, мүмкін ол сияқты көрікті емеспін, сымбатты емеспін» деген түрлі ойлар санаңызға сіңіп, сізді билеп алады. Мұндай ойлар, сенімсіздікті, жасқаншақтықты арттыра түседі. Ал басқа біреуге еліктеу арқылы, сіз басқаға ұқсауға, соны қайталауға тырысасыз, осылайша өзіңізді қабылдамаудың салдарынан, өз болмысыңызды жоғалтасыз. Өзінің болмысы жоқ, өзіне сенімсіз адамның, өзіндік орны да болмайтыны анық.
- Басқалардың да әлсіздігі мен кемшілігі бар екенін есте ұстаңыз! Мұндай ой сізге адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде қорқу, ұялу, сенімсіздік сияқты жағымсыз іс-әрекеттерден арылуға көмектеседі. Оның орнына біршама сенімді, жасқанбай, ұялмай қарым-қатынас жасауға біртіндеп мүмкіндік ала бастайсыз.
- Жұмысқа үнемі уақытылы келуге дағдыланыңыз! Тапсырмалар мен жасау керек жұмысыңызды дер кезінде орындаңыз. Бұл сіздің тиянақты, ісіне ұқыпты, жинақы, сенуге болатын орнықты адам екеніңізді байқатады. Ал, мұндай адамның ұжымдағы өзіндік орны тез қалыптасып, оған деген сенімнің артатыны сөзсіз.
- Кәсіби біліміңіз бен біліктілігіңізге аса қатты мән беріңіз! Өз ісін білетін білімді, сауатты кәсіби маман бола білу - үлкен жетістік. Сіздің мұндай жетістігіңіз ұжымның сізге деген құрметі мен сыйын арттырып, беделіңізді өсіреді, ұжымдағы өзіндік орныңызды қалыптастырады.
- Ойыңызды тиянақты, түсінікті, сабырмен айтып жеткізуге дағдыланыңыз! Сөзіңізді асықпай, абыржымай, барынша нақты, түсінікті, тиянақты жеткізе білсеңіз сіздің ойыңыз бен пікіріңіздің салмағы, маңыздылығы артады. Демек, ұжымдағы әріптестеріңіз сіздің пікіріңізге құлақ асып, ескеретін болады.
- Сыртқы келбетіңізге аса мән беріңіз, ұқыпты, жинақы болуға тырысыңыз! «Киімге қарап қарсы алу» болған, бар және бола беретін заңдылық. Яғни, адамға деген қарым-қатынас оның сыртқы бет-бейнесіне, ұқыптылығы мен сыртқы жинақылығына тікелей байланысты.
- Бойыңыздағы жақсы қасиеттеріңізді және өзіңізді бағалауды үйреніңіз! Ол үшін: - жақсы қасиеттеріңізді;
- жетістіктеріңізді;
- сыртқы келбетіңіздегі артықшылықтарды жазып, ол тізімді толықтырып отырыңыз. Осылайша өзіңізді жақсы көруге, бағалауға үйрене аласыз.
Қорыта келгенде, өзіңіздің сыртқы келбетіңіздің күтімі мен ұқыптылығын қадағалап, жан-жағыңызға жалтақтамай, еңсеңізді тік ұстап, бойыңыздағы барлық жақсы қасиеттеріңізді дұрыс бағаласаңыз, өзіңізге құрмет танытсаңыз, жақындарыңыз бен әріптестеріңіз де сізге дәл осылай құрметпен қарай бастайтынын сөзсіз байқайсыз!
Фото: hr-portal.ru, b17.ru
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через