Әдетте қайтарылмайтын билеттер арзанырақ тұрады, бірақ оны қайтару керек болса, ақшасын қайтару қиын.
Қазақстандағы әуе компаниялары ұшақ билетін сату кезінде қайтарымсыз тарифті белсенді пайдаланады. Әдетте мұндай билеттер арзанырақ тұрады, бірақ жолаушы оны қайтарғысы келсе, бірнеше қиындыққа тап болады. Мысалы, егер жолаушы ұшу күнін өзгерткісі келсе, айыппұл төлеуге міндетті. Ал ұшудан бас тартса билет құны қайтарылмауы да мүмкін.
Қайтарылмайтын билеттің ақшасын қалай толығымен қайтаруға болады? Қандай жағдайда билеттің құны ішінара ғана қайтарылады? Информбюро порталы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйене отырып түсіндіреді.
Ескерту: Материалда айыппұл төленсе де, билет құны қайтарылмайтын жағдайларды қарастырамыз. Бұл билеттер әдетте "промо-тариф" немесе "науқандық эконом" деп аталады.
№1. Билеттің толық құны қашан қайтарылады?
Әуе компаниясының кінәсінен рейс 5 сағаттан артық кешіктірілсе, жолаушыға қайтарылмайтын билеттің толық құны қайтарылады.
Басқа қандай себептер:
- жолаушының ауыруы;
- жолаушымен бірге келе жатқан отбасы мүшесінің ауыруы;
- жолаушының өлімі.
Алайда жолаушы мұны ресми құжаттар арқылы растау керек. Егер ауырып қалса, науқас парағы немесе ауруханада жатып шыққаны туралы анықтама ұсынуы шарт. Қайғылы жағдай орын алған болса, өлім туралы куәліктің көшірмесі берін ұсынады.
Алайда министрлік мұндай жағдайларда да әлемдегі барлық авиакомпания билет құнын толық өтемеуі мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы нақты ақпаратты әуе компаниясының ережелерінен табуға болады.
№2. Виза ала алмаған жағдайда билеттің құны қайтарыла ма?
Шенген визасын алу үшін жолаушы ұйымға кіретін елдерге бару және Қазақстанға қайту билеттерін көрсетуге немесе брондап қоюға тиіс. Себебі дипломаттар Қазақстаннан келген қонақтардың виза мерзімі аяқталғаннан кейін еліне оралатынына сенімді болуы керек.
Алайда әуе компаниялары Шенген визасын немесе басқа да елдердің визасын ала алмаған жолаушыға қайтарылмайтын билет құнын толық қайтаруға келісе бермейді. Ал басқа тарифпен алынған билетті толық сомасына қайтару елшіліктен тиісті құжат ұсыну қажет.
№3. Шығынның бір бөлігін қайтаруға бола ма?
Бұрын әуе компаниялары қайтарылмайтын билет сомасының бір бөлігін, атап айтқанда рейс барысында басқа ұйымдарға төлейтін шығындарын қайтаруға міндетті екені туралы ақпарат тараған. Алайда министрлік бұл ақпаратты растамады.
"Әуе компаниясының билет құнына кіретін әуежай жарнасы, салықтар және басқа да төлемдердің бөлігін жолаушыға қайтару тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелмейді", – деп түсіндірді министрлік.
Десе де, кейде авиакомпаниялар жолаушыларға әуежай мен жанармайдың үстеме ақысын қайтарып беріп жатады. Бұл туралы ұлттық тасымалдаушының сайтында: "Әуе билеті қайтарылмайды. Ішінара пайдаланылған билет үшін қайтарылмайтын әуекомпанияның алымдарын есепке алмағанда, әуежайлардың пайдаланылмаған салықтары мен жолаушылар алымдары қайтарылуы тиіс" деп жазылған.
№4. Қайтарылмайтын билеттің ақшасын қалай қайтаруға болады?
Билетке төленген ақшаны қайтару үшін авиакомпанияның билеттерді сату кеңсесіне хабарласу керек немесе электрондық пошта мекенжайына жазу қажет. Оны байланыс орталығына хабарласып білуге болады. Байланыс орталығының номері іуе компанияларының веб-сайтында көрсетілген.
Өтініштің арнайы үлгісі болмаса, оны еркін форматта жаза беруге болады. Өтінішпен еңбекке жарамсыздық парағы, ауруханадан үзінді көшірмелер, қайтыс болу туралы куәлік және тағы басқа құжаттар қоса беріледі. Егер жолаушы рейстен басқа себептермен бас тартса, өтінішті әуе компаниясының веб-сайтына кіріп, "Менің брондауым" бөлімінде бере алады.
Әуе компаниялары билетті ұшу уақытынан бұрын қайтаруды ұсынады. Осылайша билеттің мейілінше көбірек сомасын қайтарып алуға болады. Мысалы, компания пайдаланылмаған жанармайдың үстеме ақысын қайтарып беруі мүмкін.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через