Алматыда интернет дүкенінде қарапайым қызметкер болған азамат табысты кәсіпкерге айналудың құпиясымен бөлісті. Құрылыс материалдарын шығаратын бизнесмен жастарға бастайтын істі бүге-шүгесіне дейін зерттеп, жоспар құра білуді ұсынды. Өйткені кәсіп ашу үшін алдымен білім мен білік керек дейді кәсіпкер.
Думан Қабыкенұлы қазір отандық өнімнің өндірісін кеңейтіп, елге қажет құрылыс материалдарын шығарады. Еңбек жолын интернет дүкенінен бастаған Думан Қабыкенұлы қазір табысты кәсіпкер. Қарапайым жұмысшыдан бизнеске бет бұрмас бұрын ол бастайтын ісін бүге-шүгесіне дейін зерттеп жоспар құрған. Тәуекелге бел буған жігіт ағасы үздіксіз ізденіс пен маңдай терінің арқасында өз кәсібін бастапты.
Думан Қабыкенқұлы, кәсіпкер: - Істейтін кәсібін тиянақты түбіне дейін зерттеу керек. Қайдан шығады, қайдан келеді, кімдер істейді, сол арқылы түсіну керек. Кәсібін сүюі керек. Бойына сіңірген жағдайда нәтиже шығады. Туысы болмаса, танысының қол астында істеп, сатушы бола ма, қоймада істей ме, жете түсініп, клиенттермен танысқаннан кейін өз кәсібін ашуына болады.
Думан Қабыкенұлының жете түсініп жанына жақын болғаны – құрылыс саласы. Себебі, құрылыс – ел экономикасының негізгі іргетасының бірі. Құрылыс материалдарын шығару арқылы кәсіпкер отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл шағын цехта «Армстронг» атты аспалы төбенің бірнеше түрі өндіріліп, оның игілігін мемлекеттік мекемелер, мектеп пен балабақшалар көріп отыр. Тауар экспортқа да шығарылады.
Думан Қабыкенұлы, кәсіпкер: - «Армстронгтың» он түрінен артығын істеп отырмыз. Сұранысқа ие. Соның ішінде екі түрін өзіміз өндіреміз. Бұл тауардың жыл сайын көлеміне қарасақ, сұраныс жаман емес. Осымен тек Қазақстан емес, Өзбекстан, Қырғызстанға да шамамыз келгенше аттандырып отырмыз. «Армстронгты» көп жерде пайдаланады. Бұның шудан оқшаулау қасиеті бар.
Кәсіпкердің дүкенінде ламинаттың заманауи түрлерін де кездестіруге болады. Еден жабынын көтерме бағамен елдің түкпір-түкпіріне жіберетін компания нарықта ойып тұрын өз орнын алған.
Бизнесменнің басты қағидасы – бәсекеге қабілетті болып, тұтынушылардың талғамына сай сапалы отандық өнім шығару. Елімізде бірден табыс табуды көздейтін талай жан «көп асаймыз» деп опық жеп жатады. Тәжірибелі кәсіпкер, ең алдымен, жеке кәсіп ашу үшін идеяны пісіріп алу керек деген кеңес айтады. Сондықтан кәсіптің нәсібін көру үшін көп тер төгу қажет.
Дереккөз ktk.kz. Фото eldala.kz, eurocertificat.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через