фото: Фото: canva.com
Мемлекет осы жүйеге егжей-тегжейлі талдау, ал, колледждерге – инвентаризация жүргізіп шықты.
Бұрынғы отандасымыз, Ақмола облысының тумасы Елена Шмидт 90-шы жылдары оқушы кезінде отбасымен Дюссельдорф қаласына көшіп барыпты.
Дуальды оқытуда уақытын кәсіпорында тәжірибе жинақтаумен өткізеді
"Мектепті Германияда бітірдім. Үздік түлек, әрі математикада мықты болғандықтан, елдегі ең бір озық Вюрцбург-Швайнфурт Технологиялық университетіне еркін түстім. ГФР-де 2 мыңдай дуальды бағдарлама бар және онымен оқытатын оқу орындарының саны жыл санап көбейіп келеді. Оқу, жатақхана үшін ештеңе төлемеймін. Дуальды білім беру аясында Rheinmetall мен бір сияқты бір топ студенттің оқуының барлық шығынын толығымен өз мойнына алды. Дуальды оқыту былай жүреді: оқуға бөлінген уақытымыздың көбін кәсіпорында тәжірибе жинақтаумен өткіземіз. Аптасына бір, кейде екі күн ғана университетте теорияны оқимыз", – деп түсіндірді бұрынғы отандасымыз.
Германияда дуальді білімнің түрі көп
Ол қазірден елдегі орташа еңбекақыға жуық көлемде табыс табатынын айтады. Машина жасау саласынан бастап, қару-жарақ пен әскери техникаға дейін шығаратын әлемдік алпауыт "Рейнметал" компаниясы оқуын бітірген соң Еленаны бірден жұмысқа алады.
"Мен тіпті лауазымым қандай болатынын да білемін. Жалақым 5 мың еуродан жоғары болады, келесі жылға дейін ол тағы өсуі мүмкін. Германияда дуальді білімнің түрі көп, негізгісі – екеу. Біріншісі – Studium (Studium mit vertiefter Praxis немесе Рraxisintegrierend). Оны бітіргендер бакалавр дәрежесін және практикалық жұмыс тәжірибесін иеленеді. Менікі екіншісі, мықтысы – Verbundstudium. Яғни, біріншідегіге қосымша, IHK сауда-өнеркәсіп палатасында емтихан тапсырып, нақты бір кәсіптің шебері болып шығамын. Менің жағдайым бұл – электроника инженері", – деді Елена.
Кезінде Қазақстан да неміс салған жолға түсті. Алайда қанша күшенсе де, одан нәтиже шығара алатын емес. Сарапшылардың айтуынша, тіпті дуальді білім беру енгізілген техникалық оқу орындарының түлектері оны бітірген соң серіктес кәсіпорынға жұмысқа тұра алмайды екен.
Қазақстандық сенатор Евгений Больгерт елдегі бұл жүйенің тиімділігі тым төмен екенін айтты.
"Дуальді білімді ендіруге талпыныстар бізде де болды. Парламент тиісті құқықтық базасын түзіп берді. Алайда бұл модель сол бойы нәтиже әкелмеді. Себебі, колледждер, жұмыс берушілер, мемлекеттік органдар "Аққу, шаян, шортан" мысалындағы сияқты ортақ мақсат үшін бірлесе қимылдамады, әрқайсысы өз міндетін өзінше түсінді. Жыл сайын елімізде 274 колледж машинажасау саласы үшін 11 мыңнан астам маманды даярлап шығарады. Ел бюджетінен бұған жыл сайын 5 миллиард теңгеден артық қаражат шығындалады. Бұл ретте түлектердің небары 20%-ы өндіріске барады. Бірақ олардың да дайындық деңгейіне көптеген жұмыс берушінің көңілі толмайды", – деді Сенат депутаты.
Дуальді білім Қазақстанға жетістік әкелмеді
Германиялық кеңесшілер тартылғанымен, бұрынғы дуальді білімнің қомақты жетістік әкелмегенін Үкімет басшысы да жасырмады.
"Колледждердің кәсіпорындармен серіктестігін күшейту, дуальді білім беруді енгізу – техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бағыттарының негізгілерінің бірі. Кадр даярлау сапасын арттыру мақсатында, Үкімет меморгандармен, әкімдіктермен және тәуелсіз сарапшылар қоғамдастығымен бірлесіп, ТжКБ жүйесіне егжей-тегжейлі талдау, ал, колледждерге – түгендеу-инвентаризациялау жұмыстарын жүргізді. Оның қорытындысында саланы дамытудың басымдықты бағыттары, қаржыландырудың тиімділігін арттыру тәсілдері анықталды", – деді Олжас Бектенов Сенатқа хатында.
Бұл қорытынды пайымдар 2029 жылға дейінгі "Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың тұжырымдамасына" енгізіліпті.
Премьердің мәліметінше, ағымдағы 2023-2024 оқу жылында республикада 551 колледжге дуальді білім беру қолданылады. Бұл техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында 91 021 студент оқып жатыр. Бұл – мемлекеттік тапсырыспен оқитын шәкірттердің 26%-ы.
Осы колледждер қағаз жүзінде 9 100 кәсіпорынмен серіктестік құрған. Дегенмен, шын мәнінде бір жағынан, кәсіпкерлер өздерінің оқу процесіне толыққанды қатыса алмайтынына шағымданады. Екінші жағынан, колледждердің басшылары өзіне қажетті маманды даярлауға кәсіпкерлердің ынтасының жоқтығын, мысалы, оқушы жастарды өндіріске жібере бермейтінін, тәжірибе бөлісу орнына қара жұмысқа жегетінін айтады.
Қолданыстағы модель бойынша дуальді білім беру аясында кәсіпорындар тек студенттердің тәжірибеден өту шығынын ғана өтейді. Кейбірі ғана толыққанды жалақы төлейді.
Дүниежүзіндегі дуальді білім лидері Германиядан Қазақстанның басты бір айырмашылығы да сонда болса керек. ГФР-дегі сияқты біздің кәсіпорындар нақты бір студенттер тобын толық қамқорлығына алмайды, баспанамен қамтымайды, көлігі, тамағы және басқа шығынын өтемейді, ақысы төленетін жұмыс орнын ұсынбайды, болашақ лауазымын айқындамайды.
Дуальді білім деген аты болмаса, Қазақстанда студенттер оқу уақытының үлкен бөлігін не оқу орнында, не кітапханада өткізеді. Ереже бойынша колледждердің серіктес кәсіпорындары оның студенттерін өзінде жұмыспен қамтамасыз етуі керек.
Бұл ретте Еңбек кодексіне сәйкес, енді дуальді білім беру аясында студенттердің кәсіпорындарда тәжірибеден өткен кезеңі олардың жұмыс өтіліне жатқызады. Бірақ бұл кезең орта есеппен 6 айды, ары кетсе 1,5 жылды ғана құрайды. Жастарға көбіне соны қанағат тұту қалады. Оқу бітіргенде дайын тұрған жұмыс орны күтпейді.
Германияда, яғни, нағыз дуальді білім беру моделінде студенттер оқып жүріп, жақсы табыс табады, болашақ лауазымын алдын ала сайлап қояды. Басы аман, дені сау болса, тиісті кәсіби палаталардың бірінің өкілдері қабылдайтын бітіру емтиханын табысты тапсырып, шебер немесе білікті жұмысшы куәлігін алса, дайын тұрған жоғары жалақылы жұмыс орнына орналаса қояды.
Президент 2024 жылғы қыркүйекте Үкіметке дуальді білімді дамытуды тапсырды
Айта кету керек, Президент 2024 жылғы қыркүйекте Үкіметке дуальді білімді қайта қарап, дұрыстап дамытуды тапсырған болатын. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылды. Ол бүгінде ТжКБ-ны трансформациялау жөніндегі Жол картасын әзірлеп жатыр.
Соның аясында қабылданатын шараларға сәйкес, дуальді оқыту моделіне тартылған колледждер жаппай бағалау процедурасынан өтетін болады. Оның барысында колледждердің халықаралық салалық, кәсіптік қоғамдастықтардың талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Басқаша айтқанда, салалық аккредиттеуден сүрінбей өтуі шарт.
Үкіметтің дерегінше, қазіргі кезде бірнеше колледж ғана америкалық ABET, NCCER, шотландиялық OPITO және басқа да халықаралық салалық стандарттар талабын ескере отырып, маман даярлауды жүзеге асырады.
Мемлекет әлемнің 70 елінде танылған BTEC (Бизнес және технологиялық даму кеңесі) стандарттарын Қазақстанда да қолдану мәселесі пысықтайтын болады. Бұдан не шығатынын өмір мен тәжірибе көрсетеді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через