фото: mangystaumedia.kz
Пәкістан азаматы саудамен айналысу үшін қазақ тілін жетік меңгеріп алған.
Аднан Ахмад - Пәкістан Ислам Республикасының азаматы. Қазақшаға судай. Ол Маңғыстауға 2019 жылы келіп, Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсті. Небәрі төрт жылдың ішінде тілді өте жақсы меңгеріп алды. Сабақ үлгерімі де жаман емес. Бірақ ол оқуға түскен соң, бір жылдан кейін әлемді короновирус індеті жайлап, карантинге тап болған Аднан университет жатақханасында тұрып жатып, отбасымен онлайн кездесіп отырды.
Карантин ашылған соң еліне барып, ата-анасымен қауышып, келіншегі мен кішкентай қызын Ақтауға көшіріп әкеліп, жалға алған пәтерінде тұрады. Биыл 4-курста оқитын оның ұлты панжаби. Панжабилер Пәкістанның негізгі байырғы тұрғындары саналады. Аднан өзінің ана тілімен қатар еліндегі ресми тіл - урду тілінде де, елді 200 жылдай басқарып отырған ағылшын тілін де жақсы біледі. Оған енді қазақ тілі қосылды. Медициналық колледж бітірген жұбайы да қазақша сөйлейді, ал кішкентай қызы қазақ балабақшасына барып жүр.
"Мен Қазақстанның бірнеше аймағында болдым. Әсіресе, Шығыс, Солтүстік өңірлерде орыс тілінің ықпалы басым екенін білдім. Бірде көшеде жүргенімде бір кісіден қажет болғасын қазақша жөн сұрадым. Ол кісі өзге тілде бірдеңе деді, мен түкке түсінбедім. Түсінбесем де, орысша сөйлегенін ұқтым. Сонсоң қазақша білетін біреуді іздеп жүріп, ақыры бір дүкеннен тауып, керек болған сауалыма жауап алдым", - дейді пәкістандық азамат.
Оның айтуынша, Пәкістанда урду тілін белмейтін адам жоқ. Сол жерде тұратын азаматтардың барлығы бұл тілді білуге тиіс.
"Ал Маңғыстауда олай емес, барлық адам қазақша сөйлейді. Бұл жерде қазақы салт-дәстүрлер де, діни жоралғылар да сақталған. Қазақ достарым да көп. Бұл жер маған туған елімнен кем емес", - деп ағынан жарылды ол.
Аднанның арманы - өзінің отаны мен Қазақстан арасында сауда саласын дамыту. Негізі, Пәкістан - аграрлы ел. Ауыл шаруашылығының негізгі дақылдары - мақта, күріш, астық, қант құрағы, жеміс-жидек. Табиғи жағдайы жылына 2-3 рет өнім жинауға мүмкіндік береді. Тоқыма және тамақ жеңіл өнеркәсібі дамыған. Сондай-ақ елде металлургия, газ, мұнай өңдеу, цемент шығару өндірістері жақсы жолға қойылған. Экспортқа мақта-мата, жіп, күріш, былғары, балық, кілем шығарады.
Аднанның айтуынша, қазір де Пәкістанмен қарым-қатынас бар, алайда жеміс-жидектер Өзбекстан-Қырғызстан-Қазақстан пойызымен келеді де, бұл қымбатқа түсіп тұр.
"Мен басқа, жеңіл, халыққа арзан сатуға мүмкіндік беретін жолдарды қарастырамын. Ақтауда манго жоқ екен, бары да өте аз және бұлар негізінен Бразиялияның мангосы. Сондықтан мұның бағасы тым қымбат. Ал Пәкістан манго мен мандариннің отаны ғой. Ұзын күріші де дәмді. Елден тікелей алып келгенімізде өнімдерді анағұрлым қолжетімді бағамен сатуға болады. Мен университетке оқуға түспей тұрып, бірнеше елдегі таныстарыммен хабарласып, ел жағдайымен таныстым. Естіп-білгендерімді саралап-салмақтай келгенімде, Қазақстанды ыңғайлы санадым. Өйткені, Қазақстанның бейбітшілікті сүйетін, тыныш ел екенін, қазақ халқы да өздеріне тимесең, қаралық қылмасаң, өздігінен ешкімге тиіспейтін дана халық екенін білдім. Мұндай елдің болашағы зор екені анық", - дейді ол.
Осылайша, Аднанның таңдауы біздің елімізге түскен екен.
Дереккөз mangystaumedia.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через