Ұқсас мақалалар
Алматы қаласының тұрғыны Бағлан Бауыржанұлы көлік иелері үшін мобильді қосымша ойлап тапты.
Өнертапқыштың стартап жобасы автошеберлер мен көлік жүргізушілерін бір қосымшада байланыстырады. Жас кәсіпкер елімізде жоғары бағаланған жүйені АҚШ нарығына шығаруды да жоспарлап отыр.
Бірнеше жыл бойы тәтті тоқаш пісіруден бастап, ерлерге арналған заттарды сату секілді түрлі салада бақ сынап көрген Бағлан Олжабаевқа жолда бұзылған көліктерге жылдам көмек көрсету идеясы ойламаған жерден келген. Жарты жолда көлігі бұзылып қалғанда техникалық ахауды тез жөндеп бере қоятын шебер таппай қиналады. Бұдан былай өзгелер осындай күтпеген жағдайға тап болғанда өзі секілді әуреге түспес үшін жаңа жобаны қолға алады.
«Аяқ астынан көлігіңіз бұзылып қалды делік. Сол кезде сізге не керек екенін жазып, мобильдік қосымшада тапсырыс қалдырасыз. Қасыңыздан өтіп бара жатқан көлік иесі сіздің жазбаңызды оқып, қолынан келгенше көмектеседі. Қол созған жанға қанша ақша төлеу керек екенін көмек сұраған көлік иесі белгілейді», дейді өнертапқыш Бағлан Бауыржанұлы.
Нарықтағы қажеттілікті дөп басқан стартап жоба бүгінде табысты кәсіп көзіне айналған. Қазақстан мен Ресейдің 15 қаласында пайдаланылатын мобильді қосымша енді АҚШ тұрғындары үшін де қолжетімді болмақ.
Бағлан ойлап тапқан бағдарламада жанармай жеткізу, дөңгелек үрлеу, көлік оталдыру, эвакуатор шақыру сынды тапсырыстан бастап, күрделі жөндеу жұмыстарына дейін қамтылған.
Өнертапқыш енді бұл қосымшаның қызметтер тізімі мен мүкіндігін кеңейтуді ойластырып отыр. Соның бірі – автомобильдің техникалық жағдайын алдын ала бағалайтын, көлік иесіне дер кезінде ескертетін жасанды интеллект жүйесін іске қоспақ.
Айтпақшы, Бағлан «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант ұтып алған. Бұл қаражатын 24/7 режимінде жұмыс істейтін beep.beep.kz қосымшасына қызмет көрсететін қуатты сервер сатып алған.
Фото: www.techspot.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через