Енді кафе мен мейрамханаларда қойылған музыканың да есебі жүргізіледі. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұндай мекемелер авторлық құқықты есепке алатын «QazCopyright» платформасына қосылады. Жаңа жүйе арқылы қандай әннің қай жерде және қанша рет орындалғанын анықтауға болады.
Бірақ Қазақстандағы барлық мекемені жаппай тексеру көзделмеген. Ел бойынша кездейсоқ таңдалған 500-600 кафе, мейрамхана мен ойын-сауық орны бақылауға алынады. Жиналған мәліметтер негізінде ән авторлары мен орындаушыларына тиесілі сыйақы есептеледі. Яғни, қоғамдық орында орындалған музыканың да өз есебі болады.
Қазір «QazCopyright» платформасында 331 ұйым мен пайдаланушы тіркелген. Сондай-ақ жүйеге 255 мыңнан астам музыкалық және өзге де шығарма енгізілген. Жаңа платформаның басты мақсаты – авторлық сыйақының жиналуы мен бөлінуін ашық жүргізу. Бұған дейін қағаз жүзінде атқарылған жұмыстар енді электронды жүйе арқылы бақыланады.