Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы Қазақстанда өтуі мүмкін

Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы Қазақстанда өтуі мүмкін

фото: pixabay.com

Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) Германия атынан өкілі Вадим Розенштейн Қазақстанды 2030 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасын өткізетін ел ретінде таңдау тәртібіне қарсылық білдірді. Ол ашық конкурс өткізілмесе, ФИДЕ президентіне сенімсіздік білдіру мәселесін көтеретінін мәлімдеді. Бұл туралы "Сапалаы Қазақстан" порталы sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Розенштейн X әлеуметтік желісінде Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловқа ашық хат жариялады.

Оның айтуынша, 24 қарашада өтетін ФИДЕ кеңесінің отырысында Қазақстанды 2030 жылғы шахмат олимпиадасын қабылдайтын ел ретінде ұсыну мәселесі қаралуы мүмкін. Алайда өзге ұлттық федерацияларға ресми өтінім беру мүмкіндігі ұсынылмаған.

– Қазақстанға үлкен құрметпен қарайтынымды және елдің шахмат олимпиадасын жоғары деңгейде ұйымдастыра алатынына сенімді екенімді бірден атап өткім келеді. Менің алаңдаушылығым Қазақстанға емес, ұйымдастырушы елді таңдау рәсіміне байланысты, – деп жазды Розенштейн.

Ол егер Қатар 2030 жылғы шахмат олимпиадасын қабылдай алмайтын болса, ФИДЕ ашық конкурсты қайта жариялауы қажет деп есептейді.

Розенштейннің пікірінше, Қазақстан, Германия, Аустралия және басқа да мүдделі мемлекеттерге өз ұсыныстарын таныстыру үшін тең мүмкіндік берілуі тиіс.

Сондай-ақ ол Африка мен Америка құрлығындағы ұлттық федерациялардың конкурсқа қатысу құқығы қалай қамтамасыз етілетінін сұрады.

Германия өкілі ФИДЕ басшылығынан өтінім қабылдау туралы ресми шақырудың қашан жіберілгенін және оның көшірмесін ұсынуды талап етті. Ал мұндай шақыру болмаған жағдайда Қазақстанның кандидатурасы қандай негізде ұсынылатынын түсіндіруді сұрады.

Розенштейн ФИДЕ кеңесін ашық конкурс аяқталғанға дейін Қазақстанға қатысты ұсынысты кейінге қалдыруға шақырды.

Ол өзге федерацияларға тең мүмкіндік берілмей, Қазақстанның кандидатурасы мақұлданса, шешімді ресми түрде қайта қарау туралы бастама көтеретінін ескертті.

Сонымен қатар ФИДЕ президентіне сенімсіздік білдіру мәселесін талқылауды бастайтынын мәлімдеді.

– Бұл жерде мәселе Қазақстанда емес. Мәселе әділдікке, есеп беруге және әрбір ұлттық федерацияға құрмет көрсетуге байланысты. Осындай маңызды шешім барлық мүдделі тарапқа тең мүмкіндік беретін ашық әрі әділ рәсім аясында қабылдануы тиіс, – деп жазды ол.

ФИДЕ кеңесінің кезекті отырысы 24 қарашада өтеді. Ол Швейцарияның Женева қаласында Гукеш Доммараджу мен Жавохир Синдаров арасындағы әлем чемпионы атағы үшін өтіп жатқан матчпен тұспа-тұс келеді.

Биыл қыркүйекте 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтті. Ерлер арасындағы жарыста Өзбекстан құрамасы алтын медаль жеңіп алса, Қазақстанның әйелдер құрамасы күміс жүлдегер атанды.

Келесі шахмат олимпиадасын 2028 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізу жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов елімізде ірі халықаралық шахмат жарыстарын, соның ішінде Дүниежүзілік шахмат олимпиадасын өткізуге ұмтылып отырғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Қазақстанда мұндай деңгейдегі турнирді ұйымдастыруға қажетті алғышарттар бар.

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз