Алматы бағындағы зиянкестер Қырғызстан аумағынан келген

Алматы бағындағы зиянкестер Қырғызстан аумағынан келген

Standard.kz порталы Алматы көшелерінде, саябақтар мен аллеяларда қураған ағаштардың мәселесін көтерген еді. Алматылықтар да сарғайып кеткен, сынған ағаштардың суреттері мен видеосын әлеуметтік желіде жариялап жатыр.

Портал тілшілері арнайы жолдаған сауалға әкімдіктің баспасөз қызметі жауабын жолдады. Хатта көрсетілгеніндей, қаланың жасыл қорын сақтау және абаттандыру мақсатында 8 аудан аумағында мамандандырылған ұйымдар жасыл желекті зиянкестерден қорғау үшін механикаландырылған және қолмен биологиялық тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Өңдеу елді мекендер аумағында қолдануға рұқсат етілген биологиялық және кейбір жағдайларда қауіптілігі төмен класты (Р-4) химиялық препарат қолданылады.

«Мысалы, «Битоксибациллин», «Актарофит» микробиологиялық препараты қолданылды. Бұл препараттың ерекшелігі - оның құрамында токсиндер жоқ. Бұл препарат адамдарға, араға, жануарларға, құстар мен балықтарға қауіпсіз», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бүгінгі күнге дейін қаланың жасыл желек электронды реестріне 3 млн-ға тарта ағаш тіркелген. Соның 84 мыңнан астамы қауіпті жағдайда тұр. Яғни кез келген уақытта құлап, тұрғындарға қауіп тудыруы мүмкін. Шыбық шаншысаң тал өседі. Бұрын Алматының жеріне қатысты осылай дейтін. Енді бұлай дей алмаймыз. Себебі жер тоза бастады. Оны қураған ағаштардан-ақ байқауға болады. Сондықтан топырақты тыңайту қажет. Сала мамандарының пікірі осындай. Басты себеп бұл ғана емес. Оған қоса, өсімдік аурулары да белең алып тұр. Қазір соның емен үңгі егеушісі, талшын мүр көбелегі сияқты он түрі бар. Оған 20-дан аса зиянкес жәндіктерді қосыңыз. Ғалымдар ағаштарды химиялық дәрі-дәрмектен гөрі биологиялық препаратқа басымдық беру керек, – деп санайды.

Бұған дейін қаланың жасыл қорына мониторинг жүргізілді. Нәтижиесінде, емен ағаштарынан дің зиянкестері анықталды. Қалада 2019 жылы инвазивті зиянкес түрлері ретінде тіркелген бұл зиянкестер Қырғызстан аумағынан келген.

«Мамандандырылған ұйымдар жасыл желектерге, жалпақ жапырақты ағаштар мен емендерге зиянкестерден өңдеу жұмыстарын жүргізді. Жауын-шашынның көп болуы дер кезінде өңдеу жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп жатыр. Десек те, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, инфекция ошағы анықталған аумақ жасыл экономика басқармасының бақылауында», - деп атап өтті қалалық әкімдік өкілдері.

Мамандардың айтуынша, өсімдік ауруы өте жұқпалы. Сондықтан жасыл желек түгелдей дәріленуі тиіс. Өйтпеген жағдайда ару қала сәнінен айырылып қалуы мүмкін.