
фото: pixabay.com
Үйде жатқан, тіпті банк пен банкомат берген бір бума купюраны санап отырғанда, одан шыққан қолқаны қапқан қолаңса иіс пен танауды жарған күлімсі ыстан тұншыға, жүрегі айни жаздаған адамдар бар шығар?
Мамандар өзге кез келген зат сияқты, дұрыс сақтамаса, банкноттар да иістеніп, көктеп кететінін еске салды, деп жазды inbusiness.kz.
Осы орайда мысалы, әлеуметтік желілерде долларының, еуросының, юанының, рублінің және басқа валюталардың дұрыс сақталмағандықтан, жиіркенішті жағдайға жеткені бейнеленген роликтер жетерлік.
Таяуда TikTok-та жарияланған видеолардың бірінде "долларды қалай дұрыс сақтау керектігі" көрсетілді. Ал, оның астында пікірін қалдырған комментаторлар валютаны сақтаудың төл құпияларын бөлісті. Дегенмен, бұл іске жарамды лайфхак па, әлде жай хайп па, белгісіз. Оны ақшасын осы айтылған тәсілмен жылдар бойы ұзақ сақтап, сынақ жүргізгендер ғана біле алса керек.

Фото: pixabay.com.
Өз кезегінде, Telegraf.news порталы үй жағдайында қолма-қол валютаны қалай дұрыс сақтау керектігі туралы банк қызметкерінің пікірін келтірді.
Басылым атын атамаған маманның пікірінше, шынында да сақтау шарттары орындалмаса, купюралар тез-ақ жарамсыз болып қалуы ықтимал. Соның кесірінен, ондай валюталарды банктер де, айырбастау бекеттері де, банкоматтар да қабылдамайды.
Банкноттарды жоғары температуралардың тікелей ықпалына ұшыратуға қатаң тыйым салынады екен.
"Мысалы, оны пештің жанында, жылу құбыры өтетін тұстағы еденде, радиатордың жанында ұстауға болмайды. Купюралар уақыт өте келе, қаудырлап, құрғап қалуы, түсі оңып кетуі мүмкін. Сондай-ақ, оған күн сәулесі тікелей түспеуге тиіс. Бұдан өзге, әрине, ақшаны ылғалдылығы жоғары жерде қалдырмаған жөн. Өйткені купюраларды зең-грибоктар жайлап, көктей бастайды. Бояулары біртіндеп, жайылып кетеді", – деді банк қызметкері.
Зеңнің өрбуіне, көк басуына купюралардың "жасы" да әсер етеді: банкнот неғұрлым ерте кезеңде шығарылған, ескі болса, оның бетіне түсіп, тұнып қалатын микробтар, зең споралары да соғұрлым көп болады. Себебі, ол барынша көп адамның қолы мен қалтасынан өтеді, тері, май, дымқыл және басқасы сіңеді.
Айтпақшы, банк мамандары купюраларды кітаптың арасында сақтамауға кеңес берді. Бір жағынан, қандай кітаптың арасында қалғанын ұмытып кетуі мүмкін.
Екінші жағынан, кітаптың биті (Copeognatha немесе Psocoptera) болады. Мысалы, ескі-құсқы кітаптарды парақтап отырғанда осы ұсақ жәндіктер қашып бара жатады. Олар органикалық қалдықтармен қоректенетіндіктен, банкноттарды жемейді, бірақ бүлдіруі мүмкін.
Сондай-ақ, купюраларға кітаптың полиграфиялық бояуы сіңіп қалу қаупі де бар.

Фото: pixabay.com.
Азаматтар бір қарағанда, жап-жақсы күйдегі шетелдік валюталарды тапсырғанда, банк немесе айырбастау пункті оны қабылдамай жатады.
Маманның айтуынша, былайғы жұрт байқамағанымен, оператор арнайы ультракүлгін жарықтың астына тосқанда оны жайлай бастаған көк-плесеньді немесе көзге көріне бермес дақтарды байқап қояды.
Мұның бәрі купюраларды жарамсыз етеді және оны айырбастаудан немесе қабылдаудан бас тартуға сылтау болады.
Ақшаны үйде немесе басқа да орынжайда қалай дұрыс сақтаған ләзім? Мамандар ол нысанның ішінде:
- Ауа температурасы 10-нан 30°С градус аралығында болуы керектігін (тым суық емес, тымырсық ыстық емес),
- Ылғалдылығы 30–60%-дан жоғары болмауға тиістігін нықтады.
Сақтау үшін мамандар вакуумдық қаптаманы таңдауды ұсынады.
Егер температуралық және ылғалдылық режимі сақталса, пластик контейнерлер мен пластик қақпағы бар шыны банкілер де, сонымен қатар қағаз пакет немесе конверт те жарамды.
Соңғыларында табиғи ауа айналымы сақталады. Бұл купюраларды көк басып кетпеуіне мүмкіндік береді.
Ал, ақшаны полиэтилен пакеттерде (халық арасында: целлофан) сақтауға банк қызметкерлері кеңес бермейді.
"Егер мұндай пакеттің ішіне зең спорасы бар купюра қосылып кетсе, ұзақ жыл сақталған жағдайда басқа банкноттар да бүлінуі мүмкін", – деп ескертті мамандар.
Матрастың ішінде де сақтау – ескінің қалдығы. Адам білмес бактериялары, микробтары мен споралары бар заттың үстінде ұйықтау пайдалы болмаса керек.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через