фото: https://www.istockphoto.com/ru/portfolio/nazar_ab?
Қоғамдық тамақтану саласы – күн сайын мыңдаған адамның денсаулығына тікелей ықпал ететін аса жауапты бағыт. Асханаларда, мейрамханаларда, кафелер мен дәмханаларда дайындалған әр тағам – тек талғамға сай болуымен ғана емес, ең алдымен қауіпсіздігімен құнды. Сондықтан да бұл саладағы талаптар мен тәртіп – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етудің негізгі тірегі.
Қазақстанда қоғамдық тамақтану объектілеріне қатысты барлық санитариялық нормалар мен ережелер ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген арнайы санитариялық қағидалармен реттеледі. Бұл құжат – ас дайындау мәдениеті мен тамақ қауіпсіздігінің түпқазығы.
Қауіпсіздік – құрылыс кезінен басталады
Қоғамдық тамақтану нысанының қауіпсіздігі таңдалған жер учаскесінен, дұрыс жобалауынан бастау алады. Құрылысты салу, оны кеңейту немесе қайта жоспарлау барысында санитариялық талаптарды сақтау – кейінгі барлық процестің сауатты ұйымдастырылуының кепілі.
Желдетуі дұрыс, жарығы жеткілікті, сумен және жылумен қамтылған нысан ғана тұтынушы мен қызметкерге қолайлы орта қалыптастырады. Бұл – санитариялық нормалардың тек бір бөлігі.
Ас үй мәдениеті – тазалықтан бастау алады
Ас үй – қоғамдық тамақтану объектісінің жүрегі. Мұнда әрбір құрал, әрбір жабдық, әрбір бөлме – санитариялық талапқа сай болуы тиіс. Ұйымдастырылған ұжымдарға қызмет көрсететін ас блоктарында бұл талап тіпті қатаңдана түседі.
Тез бұзылатын өнімдер тауарлық көршілестік ережесін сақтай отырып сақталуы қажет. Көкөністер мен жемістер мұқият жуылып, ет пен балық өнімдері толық термиялық өңдеуден өткізілуі тиіс. Ал дайын тағамды алдын ала әзірлеу немесе ұзақ уақыт сақтап қою – қауіпті.
Таза өнім – дұрыс құжаттан басталады
Асқа қолданылатын әр тағамдық өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі тиісті құжаттармен расталуы шарт. Сертификаттар мен лабораториялық қорытындылар – тек тексерушілер үшін емес, ең алдымен тұтынушының денсаулығын қорғау үшін қажет.
Қызметкерлер – санитариялық тәртіп сақшылары
Асхананың тазалығы мен тағамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты рөлді адамдар атқарады. Сол себепті қызметкерлердің міндетті медициналық тексеруден өтуі, денсаулық кітапшасының болуы және гигиеналық оқудан өтуі – талап қана емес, жауапкершіліктің белгісі.
Жеке бас гигиенасын сақтау, арнайы киімді таза ұстау, жұмыс орнын үнемі дезинфекциялау – әр қызметкердің күнделікті міндеті.
Қалдықтарды дұрыс басқару – таза ортаның кепілі
Қоғамдық тамақтану объектілері тұрмыстық және тағамдық қалдықтарды жинау мен шығаруды белгіленген тәртіппен жүргізуі тиіс. Бұл – тек санитариялық норманы сақтау ғана емес, қоршаған ортаны қорғау мәдениеті.
Ас қауіпсіздігі – елдің саулығы
Қоғамдық тамақтану саласындағы санитариялық талаптар – артық жүк емес, халық денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды тетік. Әрбір кәсіпкер бұл нормаларды сақтай отырып, өз тұтынушысына құрмет көрсетеді, ал әрбір тұтынушы қауіпсіз әрі сапалы қызмет алуға құқылы.
Әуезов ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
Санитариялық-гигиеналық бақылау және техникалық регламенттердің сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы
Абиева Л.С.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через