Мұздатылған жидектен дайындалған морс адам ағзасына пайдалы. Ең бастысы оны ұзақ қайнатпау керек
Мұздатылған жидектен дайындалған морс – суық мезгілде жиі тұтынылатын сусындардың бірі. Алайда оны дайындау тәсілі құрамындағы дәрумендердің мөлшеріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Биохимик Анна Дивинская "Доктор Питер" басылымына берген сұқбатында мұздату С дәруменін жоймайтынын айтты. Зерттеулер мұздатылған жидекте бұл дәрумен жаңа жиналған жидектегідей мөлшерде сақталатынын, тіпті кейде көбірек болуы мүмкін екенін көрсеткен.
Мысалы, 2022 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша, шырғанақ шырыны -20°C температурада 52 күн сақталған кезде құрамындағы С дәруменін жоғалтпаған. Ал тоңазытқышта 16 күн сақтау барысында оның мөлшері 11-15%-ға төмендеген.
С дәруменіне ұзақ уақыт қыздыру әлдеқайда көп әсер етеді. Жидек неғұрлым ұзақ қайнатылса, пайдалы зат соғұрлым көп ыдырайды.
Дәрумендерді барынша сақтау үшін мамандар мынадай кеңес береді:
Жидекті алдын ала жібітпей, бірден кастрөлге салу;
Морсты 3-5 минуттан артық қайнатпау;
Мүмкіндік болса, жаңа сығылған жидек шырынын әбден суыған қайнатпаға қосу;
Сусынды қақпағы жабық эмальданған немесе болат ыдыста дайындау;
Морсты тоңазытқышта 2–3 күннен артық сақтамау;
Қайта-қайта қайнатпай, ішетін мөлшерін ғана жылыту.
Ересек адамға тәулігіне шамамен 75–90 мг С дәрумені қажет. Ал морстағы оның мөлшері жидектің түрі мен сусындағы концентрациясына байланысты. Әсіресе қарақат пен шырғанақ С дәруменіне бай.
Сарапшы қантты шамадан тыс қоспауға да кеңес берді. Өйткені қышқыл жидектерден дайындалған сусынның дәмін келтіру үшін кейде оған қантты көп мөлшерде қосып жатады.
Дерек көзі: https://sputnik.kz